• warning: Declaration of views_handler_filter::options_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter::options_submit(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_submit($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_boolean_operator::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter_boolean_operator.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_term_node_tid::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/modules/taxonomy/views_handler_filter_term_node_tid.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_argument::init(&$view, &$options) should be compatible with views_handler::init(&$view, $options) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_argument.inc on line 0.

Дәрігерлер неге қателеседі?

03 Апрель, 201423500


Қазақстанда кезекті дәрігердің үстінен іс қозғалуы мүмкін. Өткен аптада көкшетаулық азамат өз-өзіне қол жұмсар алдындағы ақтық хатында облыстық аурухана дәрігерін кінәлі санайтындығын жазыпты. Республика бойынша жылына жүздеген медицина қызметкеріне қатысты іс қозғалса, сот үкімі шығып, жауапқа тартылатындар бірен-саран.

Көкшетаудағы шатақ оқиға наурыз айында басталған.Александр Пистунович тегін жасалуы тиіс операция үшін 400 мың теңге төлеуге мәжбүр болған. Айғақ ретінде науқас хирургпен ақша жайлы айтқан әңгімесін бейнетаспаға түсіріп алған. Онда дәрігер мүгедек адаммен айғайлап, дөрекі сөйлесіп, оны кабинетінен қуып жібергенін көрсетеді КТК телеарнасы. Науқас бұл дәрігерге 3 рет, астаналық, ресейлік дәрігерлерге 10 рет ота жасатқанымен,ешқайсысынан қайыр болмай, ақыры аяғынан да айырылыпты. Осыдан кейін ол өзінің отбасына масыл болғысы келмейтінін айтып, өз-өзіне оқ атып, өмірімен қош айтысады.

Бұл уақытта ақтөбелік Галина Кречун құқық қорғау орындарына шағымданып, жергілікті терапевт-дәрігерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуде. Өкпесінен қатерлі ісік ауруына шалдыққан оның күйеуін учаскелік дәрігер төрт ай бойы бронхиттен «емдеген». Неше ай бойы ем қонбағаннан кейін басқа емханаға барғанда науқастың шынайы дерті анықталады. Бірақ бұл кезде оның ақтық демі таусылған. Егер «клиникалық зерттеу тәртібінің бұзылуы» деген бап бойынша қозғалған іс дәлелденсе, дәрігер 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екендігін айтады сарапшылар. 

Бұған дейін Өскеменде жедел-жәрдеммен ауыр халде түскен 46 жасар азаматқа дәрігер «маскүнемдік, араққа салыну» деген диагноз қойып, емханаға қабылдамай, қайтарып жібергенін жазды өскемендік yk-news.kz. Сырқат емханадан шыққан бойда сол маңда, далада қайтыс болады. Сараптама жүргізілген кезде марқұмның қанынан ешқандай алкоголь табылмайды. Оның шын мәнісінде жүрек жетімсіздігі дертінен қайтыс болғаны, дер кезде шара қолданылғанда, оның өмірін құтқарып қалу мүмкін екендігі айтылды.

Наурыз айының бас кезінде павлодарлық Динара Әділбекова дәрігерлердің салғырттығынан сап-сау дүниеге келген тұңғыш сәбиінен айырылған. Жаңа туған нәрестенің шетінеуіне әкелген перзентхана дәрігерлерінің қателігі де сараптама арқылы дәлелденген. 

Бір ғана наурыз айында «ақ халатты абзал жандардан» араша іздеп келіп, ажал құшқан тек осы төрт бейбақ еместігі анық. Бұл – бір айдың ішінде бұқаралық ақпарат құралдары назарына ілінген шулы оқиғалар. Ал алыс ауылдарда тұмшаланған қасіретті оқиғалар қаншама?! 

Бас прокуратураның мәліметтеріне қарағанда, былтыр медицина қызметкерлеріне қатысты 433 қылмыстық іс қозғалған. Олардың басым бөлігі кәсіби міндеттерді дұрыс атқармау, клиникалық зерттеулер өткізу тәртібін бұзу, заңсыз түсік жасау, науқасқа көмек көрсетпеу, есірткі мен психотропты заттар алу үшін заңсыз рецептер берумен байланысты. Дәрігерлік қылмыстық істердің 412-сі Қылмыстық кодекстің 114-ші бабы, яғни «медициналық және фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндетін дұрыс атқармау» бабы бойынша қозғалған. Сотқа олардың 18-і ғана жіберілсе, тек 2 іс бойынша ғана үкім шыққан. Басқа баптар бойынша 21 іс қозғалғанымен, бірде-біреуі сотқа жетпеген. 

Дәрігерлік қателік – Қазақстанда ғана емес, әлемдегі медициналық құқық саласындағы дәлелденуі қиын, күрделі мәселелердің бірі. Ресейде медициналық жәрдем көрсету кезінде өмірі мен денсаулығына келген зиянның өтемақысын өндіріп алу бойынша істер соңғы жылдары 13 есеге өскен. АҚШ Ұлттық ғылымдар академиясы мәліметтеріне қарағанда, жергілікті ауруханаларда дәрігерлік ағаттық салдарынан жылына 44-98 мың адам көз жұмса, Ұлыбританияда 33 мың адам қайтыс болады. Австралия ауруханаларындағы емделушілер өлімінің 80 пайызы – медицина қызметкерлері қатесінен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы статистикалық мәліметтеріне қарағанда, жыл сайын дәрігерлік қателіктерден жол апатынан қайтыс болғандардан да артық адам о дүниелік болады. 

Соңғы кезде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Қылмыстық кодекске «дәрігерлік қателік» деген ұғымды енгізу бойынша бастама көтерген. Осы арқылы науқасқа залал тигізген медицина қызметкерлері жауапкершілігі күшейтіліп, оларға салынатын айыппұл көлемі де артпақ.

  Қатаң жаза қателіктен құтқара ма?

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Парламент Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі:

– Қазақстанда жол апатынан, өзіне-өзі қол жұмсап, қайтыс болғандар санымен салыстырғанда дәрігерлер кінәсінен қайтыс болғандар көп деуге келмейді. Әрине, әр қызметкер өз ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Алайда бұл мәселе әкімшілік шаралар қолданып, айыппұл салумен, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, түрмеге отырғызумен шешілмейді. Егер медицина қызметкеріне 40-50 мың теңге айыппұл салынса, онда ол оны қайтарып алу жолын іздейді. Ал бір дәрігерді түрмеге отырғызып, оны науқас етіп шығарғаннан кім не ұтты?!

Дәрігерлер қателігіне қатысты әкімшілік, қылмыстық шаралар қолдану олардың адам өмірін құтқаруда жауапкершілікті мойнына алып, тәуекелге баруын тежейді. Олар науқасты емдеп, батыл шешімдер қабылдаудың орнына науқастан тезірек құтылуға асығады. Себебі түк істемегені үшін жазаланбайды, әрекет еткені үшін жазаланады. Ал білікті маман тәуекелге бару арқылы ғана шеберлігін шыңдай алады. Сондықтан медицина қызметкерлеріне әкімшілік шаралар қолдану жайын күйттеудің орнына олармен тәрбиелік, идеологиялық жұмыстар жүргізген дұрыс. Медицина қызметкерлерін адамгершілікке шақыратын кешенді жұмыстар арқылы ғана олардың арасындағы салақтық, жемқорлық, немқұрайлықпен күресуге болады. 

Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті: 

– Дәрігерлер арасындағы мәселенің бір ұшы олардың қазіргі әлеуметтік жағдайына келіп тіреледі. Дамыған елдердегі дәрігерлер жалақысы әлдеқайда жоғары. 70- жылдары өзім алғаш дәрігер ретінде жұмысымды бастағанымда 130 сом жалақы алдым. Ал сол уақыттағы облыстық сот төрағасының жалақысы – 250 сом, бірінші обком хатшысы – 350-400 сом еді. Ал қазіргі жас дәрігер мен облыстық сот, облыс әкімінің жалақысын салыстыра аласыз ба?! Қазіргі әкімнің жалақысы – 650-700 мың теңге болса, онда алдыңғы есеппен алғанда, жұмысын енді бастаған дәрігердің жалақысы – 200-250 мың теңге болуы тиіс қой. Төмен жалақы дәрігерлер арасындағы салғырттыққа, өз ісіне немқұрайлыққа мұрындық болады.Қазіргі таңда медицина саласына мамандар бармай жатуының бір себебі – осында.

Ал қате кез келген адамнан кетеді. Дәрігерлер оны зақым келтіру үшін әдейі жасамайды. Бірақ қате қалай жасалған? Егер дәрігер сырқатты аман алып қалу үшін қолынан келгенінің бәрін жасап, бірақ ағаттық кетсе, сол үшін соттауға болмайды. Егер дәрігер жұмысына салғырт қарап, бар мүмкіндіктерді пайдаланбаған жағдайда бұл қылмыс болып саналады. Сондықтан ең алдымен дәрігерлік қатенің неден болғанын анықтау керек.Кейде емделуші де ауруын жасырады, толық айтпады, өзі ем қолданады. Бұл да дәрігерлік қателіктің шығуына әсер етеді. Сол себептен мұндай жағдайларды жан-жақты тексеріп, дұрыс шешім қабылдаған абзал. Денсаулық сақтау құқығы мен жауапкершілігін емделушілердің де, дәрігерлердің де білуі көптеген заңсыздық пен қылмыстың бетін алады. Бұл үшін мықты азаматтық қоғам қалыптасуы тиіс. Медициналық қызметті бақылайтын мемлекеттік бақылау комитеттері жұмысына үкіметтік емес ұйымдар, кәсіби топтар өкілдерін қатыстырса, бұл осы саладағы жұмыстың тиімділігін арттырып, ашықтық пен тазалықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

"Айқын"

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>