• warning: Declaration of views_handler_filter::options_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter::options_submit(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_submit($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_boolean_operator::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter_boolean_operator.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_term_node_tid::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/modules/taxonomy/views_handler_filter_term_node_tid.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_argument::init(&$view, &$options) should be compatible with views_handler::init(&$view, $options) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_argument.inc on line 0.

Марат ЖЫЛАНБАЕВ, супер марафоншы: Спорт министрлігінде «көлденең көк аттылар» отыр

26 Ақпан, 2015164538


Кеңес дәуірінде туындыларын еуропалық вернисажға қойып, табыс тапқан провинциялық суретші. Гиннес рекордтар кітабына жеті мәрте жаңа көрсеткіштер жазған ұлы марафоншы. Әлемдегі ең алып сахараларды жалғыз өзі жүгіріп өткен аңыз адам. Бірнеше рет өлім аузынан қалған, жады жоғалып, қайта оралған тауқыметті тағдыр иесі. Енді Мәдениет және спорт министрінің қабылдауын сарыла күткен Әуесқой Триатлон федерациясының вице-президенті... Мұның бәрі – Марат Жыланбаев туралы.

Сурет салудан – жүгіруге дейін...

– Қалай суретші марафоншы бола алады? Сурет пен жүгірудің арасында қандай байланыс бар?

– Марафоншы етіп өзімді тәр­биеледім. Әйтпесе дене бітімім бұл спорт түріне сай емес: сүйек­терім ірі әрі ауыр. Жаттықтыру­шылар іріктеу жасаса, маған назар салмас еді. Ал сурет салу – Құдай­дың сыйы, тек оны жетілдіре түс­тім. Жасөспірім кезімде күн сайын сегіз сағат тапжылмай су­рет салатынмын. Басында қарын­дашпен, сосын – қаламұшпен. Қа­ламұшпен салынған сурет өші­руге келмейді. Мен әлемді сызық арқылы көрдім. Балалар үйінде тәрбиешім көркемсурет мектебіне жетелеп апарды. Сол жерде мұ­ғалім натюрморт салғызып тек­сер­гені есімде. Суретімді көріп,ол маған ештеңе үйрете алмайтынын айтқан. Өйткені бұған дейін ком­позиция, түс техникасы, жарты­лай реңк, көлеңке түсіру сияқты көркем суреттің қыр-сырын кі­тап­тар арқылы меңгергенмін. Кі­тапханада сурет туралы барлық кітаптарды тауысқанмын. Лео­нардо да Винчиді пір тұттым. Ал жүгіруді мықтап қолға алғаннан кейін миымда не өзгеріс болғанын білмеймін, суретке құлқым бол­май қалды.

– Суреттен тек рухани ләззат алып қоймай, одан кезінде қомақты пайда да таптыңыз ғой?

– Қарағандыда техникумда оқып жүргенімде құрылыс отря­дына суретші ретінде алындым. Бірде совхоздың Мәдениет үйінде үйіліп жатқан смальта, яғни түр­лі түсті тастарды көрдім. Ондағы қыз­­меткерлер маған мозайка жа­са­ғылары келгендерін, бірақ бір жағдайларға байланысты ле­нин­градтық бригада келмей, жұ­мыс тоқтап қалғанын айтты. Мен олар­­­ға мозайканы екі есе арзанға әрі жарты жылда емес, бір айдың ішін­де өзім жалғыз жасап беруді ұсындым. Олар қуана келісті. Шын­дығында, мұндай жұмыспен бұрын айналысып көрмегенмін. Нартәуекел еттім. Бір күнге сұ­ра­нып, Қарағандыға тәжірибелі су­рет­шілерге барып, смальтамен жұ­мыс істеуді үйреніп алдым. Алай­да жұмыс оңайға соқпады. Резеңке қолғаптар жоқтығынан саусақта­рым кесіліп, үшеуі сүйе­гіме дейін ойылып қалды. Бірақ белгіленген уақытта жұмысымды тапсырдым. Барлығы риза. Қала­мақымның бір бөлігін Гагарин қо­рына, құрылыс отрядтары қорына аудардым. Сондықтан техникум Қазақстан бойынша ең озық бо­лып танылды. Күндегендер де табылды.

– Көп ақша алғансыз ғой...

– Он мың сом! Елестетіп кө­рің­із­ші, сол кездегі мұғалімнің жала­қысынан жүз есе көп. Қазіргі өлшемге салсақ, 40-70 мың дол­лардай шығар...

– Жақсы көлік сатып алған боларсыз?

– Дүние сатып алу ойыма кел­ген жоқ. Техникум Алматы маңын­дағы шипажайға жолдама берді. Сонда қалған ақшаны жұм­садым. Джинсы сатып жатқан автодүкенге бардым. Шалбардың құны 150 сом екен. Мен 300 сомды суырып алып, киімді кезексіз ал­ғаным есімде. Таныстарым, жол­дас­тарым келіп қарыз сұрайды, бәріне тараттым. Бірнеше айда қо­мақты қаржыны тауыстық. Су­ретші болып ақша табуға бола­ты­нын сонда түсіндім. 

Техникум бітіріп, жолдамамен Екібастұзға келген кезде тағы бір қызық оқиға болды. Газеттен қа­лада суретшілер көрмесі өтетінін, ондағы лебіздер кітапшасына ең көп пікір жинаған суретші Алма­тыға баратынын оқыдым. Содан мен де біраз суреттерімді апарып, олар көрменің ең бір шеткері, қа­раңғы бұрышына қойылды. Бір­неше айдан соң лебіздер кітабын­дағы пікірлер бойынша алғашқы орынға шығыппын. Бірақ ұйым­дастырушылар арнайы білімім жоқтығын желеу етіп, екінші орын алған көркемсурет мек­те­бі­нің директорын астанадағы көр­меге жіберетін болды. Бұл менің шамыма тиді. Көп ұзамай «Совет­ский художник» журналының кезекті санын алдым. Онда Гер­манияда вернисаж өтетіндігі, со­ған Кеңес Одағы суретшілері ша­қырылатындығы жазылыпты. Ма­қа­ланың соңында факстың нөмірі көрсетілген, бірақ ол кезде оның не екенін білмеймін. ЭВМ мамандарымен сөйлесіп, көпші­лікке арналған факс Мәскеудегі Бас поштада бар екендігін анық­тадым. Содан сол жаққа ұшып ба­рып, бірнеше суреттерімнің фото­ларын Германияға факс арқылы жолдадым. Қонақүйге келіп үл­гер­­ген жоқпын, вернисаж ұйым­дастырушылары хабарласып, сурет­терім ұнағандарын, келі­сім­шартқа отырғылары келетіндерін жеткізді. Оларға 30 картинамды беріп, барлығына 3 мың доллар алдым. Алғаш долларды сол кезде көрдім. Бұл қара нарықта қыруар ақша еді! 

– Сіз әрі қарай да әлемдік деңгейдегі табысты суретші атануға мүмкіндігіңіз болды.Неліктен басқа жолды таңдадыңыз? Марафоннан да ақша табуға бола ма?

– Ешқандай. Қайта әрбір ма­рафоныма демеушілер іздеп, кей­де өз ақшама жарыстарға қатысып жүрдім. Негізі, сурет салған кезім­де де жүгіретінмін. Екібастұзда ма­рафоншылардың әуесқойлар клубын құрдым. КСРО бойынша белсенділігіміз жағынан алдыңғы қатарда болдық, түрлі жарыстар ұйымдастырдық. Бірақ жетістік­тері­міз мәз емес. Бірнеше жыл қа­тарынан өзіміз тапқан жүлделер­ден өзіміз құралақан қалып жүр­дік. Бұған көңілім толмай, спорттық топты көтеруге бел будым. Сосын барлық спорттық әдістемелерді зерттей бастадым. Олардың бәрі мен сияқты орташа марафоншыны әлемдік деңгейге жеткізу үшін 7-8 жылды сарп ете­тін. Мен бір жылда сол деңгейге жеткізудің әдісін ойлап таптым. Мұны айтқанымда, КСРО-дағы белгілі спортшылар да, жаттық­тырушылар да сенбеді. Сол кезде: «Бір жылдан кейін кездесеміз!» деп шештім. Басқа жұмыстарым­ның бәрін ысырып қойып, жүгіре­тін болдым. Бірбеткейлігім мен ойлағанымды жүзеге асыра ала­тындығыма кәміл сендім. Бәріне ақыры дәлелдедім. «Жоқ!» деген жаттықтырушы КСРО құрама ко­мандасына алды. «Сені екі мәрте орап өтемін!» деген мықты мара­фоншы спортты тастап кетті. Өйт­кені мен сияқты «ортаңқол» марафоншы бір жылдың ішінде оны басып озып, онан кейін екін­ші рет Америкада шаң қаптырды.

Біреуге – жай құм дала, басқаға – кең сахара

– Құрылысшы үй салады, дәрі­гер емдейді. Ал сіз жүгіруден қандай мән-мағына таптыңыз?

– Ең бастысы – өзіме, басқа­ларға жоспарларымды орындай алатынымды дәлелдегім келді. Жүгірудегі ең қиын он көрсеткіш болса, соның ең бір күрделісі – құмда жүгіру. Мен барлық шөл далаларды жүгіріп өтуді ойладым. Өзімді-өзім еңсеруге тырыстым. Ол кезде денсаулығым өте күшті нығайды. Тамырымның соғысы 40-қа жетті. Өзімді өте төзімді сезіне бастадым. Бәрін еңсере ала­тынымды білдім. Осындай кезде рекордтар жасап, адам мүм­кіндігін паш еткім келді. Сосын айналамды тамашалауды қала­дым. Маған шөл далалар ұнайды. Біреуге – жай құм дала көрінетін шығар, мен үшін – кең сахара.

– Қарап отырсақ, сіз мүмкін емес нәрселерді жүзеге асырғанды жақсы көресіз. Бұл ненің арқасы: ерік-жігердің бе, әлде алдын ала не болатынын сезетін ішкі интуиция­ңыз мықты ма?

– Мен балалар үйінде тәрбие­лендім. Ағашқы сыныптан бастап өмірімдегі барлық шешімдерді тек жеке өзім қабылдайтынымды әрі соған жауапты екенімді түсіндім. Маған жөн сілтейтін адам болған емес. Бір жолы жазғы демалысқа пионер лагеріне жіберді. Сондағы бір тәрбиеші бізді біресе рухтар­мен, біресе Құдайдың «қаһары­мен» қорқытатын. Мен ол адамға қазір ризамын. Өйткені сол кез­де бәрінен, тіпті қараңғыда қалу­дан қорқатын болдым. Содан мек­тепке келгенде басқа бір тәр­биешіге болған жайтты баянда­дым. Ол маған кітап оқуға, сұрақ­тарға жауап іздеуге кеңес берді. Үшінші сыныпта кітапханадағы барлық жаратылыстану, адамның табиғаты жайлы кітаптарды оқып шықтым. Содан кейін адамның бар екендігі, барлығы соған тәуел­ділігі жайлы ойға келдім. Сол кез­ден бастап кітаптарға үйірмін. Сая­хаттар жайлы көп оқитын болдым. Балалар үйінен жиі қашып кететінмін. Өйткені басқа елдерді, қалаларды көргім келді. Мысалы, «Ташкент – нанды қала» деген фильмді көре сала, Таш­кентке тартып кеттік. Ал кейін 1991 жылы Робин Дэвидсонның «Саяхаттар ешқашан аяқталмай­ды» деген кітабын оқыдым.Авс­тралиялық саяхатшы әйел төрт түйе және итпен бірге «Үлкен Вик­тория» шөл даласын кесіп өткен. Бұл кітап маған ерекше әсер етіп, шабыт берді. Оны оқып болғанда бұл сахараны жүгіріп өтетінімді іштей білдім. Осыдан кейін кітапханада шөл далаға байланысты барлық әдебиеттер­мен таныса бастадым. Арнайы Ашхабадқа барып, сахараны зерт­тейтін институтта болдым. Сол жақта бір жағы жаттығып, екінші жағынан мамандармен, жергілікті тұрғындармен кездес­тім. Ақыры Қарақұмды да, «Үлкен Виктория­ны» да жүгіріп өттім. Австралияда Робин Дэвидсонмен кездестім. 

– Содан кейін Эльбурсқа жүгі­ріп шықтыңыз...

– Жоқ, тауға алғаш жаттығудан өткеннен кейін жүгіргенмін. Тауға бұрын шықпағаным рас. Сол жолы екінші орын алдым. Халық­аралық жарыстарда тек бірінші немесе екінші орындарды ием­ден­дім. Барлық жерде бірінші бо­луға тиіс едім. Тек екі рет өз қателігімнен болды, қалған жағ­­дай­да бірінші орынды иеленуі­ме мүмкіндік бермеді. 

– Неге?

– Өйткені Қазақстан әлемге белгісіз ел еді. Ол кезде жеңім­паз­ды марапаттау кезінде шырқа­латын әнұранымыз да, туымыз да болмаған. Туды өзім апарып жүр­дім. Бірінші рет ту іздегенде оны тек Екібастұз қалалық әкімші­лігінен тапқанмын. Сол жалғыз туды түсіріп алып, өзіммен бірге Америкаға апардым. Шетелдерде елімізді көп тани бермейді. Оларға түсіндіріп, тіпті кейде сол үшін ұрсысып қалып та жүрдім. Пә­кстан, Моңғолия, Ауғанстаннан хабардар, ал Қазақстанды мүлде білмейтіндері намысыма тиетін.

Адам өзіне сенуі керек

– Сіз діттегеніңізге жеттіңіз. Әлемдік деңгейдегі супер мара­фоншыға айналдыңыз. Бірақ ке­неттен амнезия дертіне шалды­ғып, жадыңыздан айырылдыңыз...

– Бұл 1995 жыл болатын. Сол себепті, спортты тастауға тура кел­ді. 

– Бұрынғы оқиғаларды, мара­фоншы болғаныңызды қалай еске түсірдіңіз?

– Ең алдымен бәрін мүлдем ұмытып қалдым. Сосын ақырын­дап есіме түсе бастады. 

– Жадыңыз қайта жаңғыра бас­тағанда қай оқиға ерекше елес берді?

– Білмеймін. Қаншасы есімде екенін білмеймін. Жаңа жылда үйге ескі досым келді. Онымен бір­ге кезінде пәтер жалдап тұрған­быз. Ол маған қатысты оқиғаларды әңгімелегенде өзім туралы көп нәрсені білмейтінімді түсіндім. Кейде сыныптастарым телефон шалғанда ыңғайсыз күйге түсемін. Өйткені олардың кейбіреулерін есіме түсіре алмаймын. Өмірімдегі кейбір кезеңдер санамнан өшірі­ліп қалған. Мәселен, «Қайнар» университетінде оқыған кезімнен ештеңе есімде жоқ. Бірақ санамда қалмауы тиіс нәрселер есімде. Емшектегі бала кезімде анаммен машинада отырғаным, бір кезде өрт шығып, әкем балалар мен зат­тарды көліктен лақтыра бастаған сәтін білемін. Әпкеме айтсам, ол бұл есімде қалмауы тиіс еді деп, таңғалды. 

– Өміріңіздегі ең бір күрделі кезең қандай?

– Өмірімде ең бір шегіне жет­кен жағдайлар көп болды. Үш рет суға баттым. Бір рет ұрылар пы­шақ салды. Кеуде тұсымда тұрған төлқұжатымның сыртқы қабы жанымды сақтап қалды. Жүрек тұсыма қадалған пышақ төлқұжат­тың қалың қабынан сәл өтпей қалған. Енді бірде шөлдеп, өлуге шақ қалдым. Тағы бір рет құмда бақташылар атып кете жаздады. Мылтық кезенгендерін алыстан көріп қойдым. Олар менің аппақ киім кигеніме қарап, айдалада жүрген елес деп ойлап қалса ке­рек. Адамдар неден көбірек қор­қа­тынын білесің бе?

– Құдайдан шығар?

– Ең қорқынышты – басқа адам. Әрине, далада қауіп бар: сарышаян, жылан, бүйі. Бірақ өзің тиіспесең, саған жоламайды. Ең бастысы – оларды баспай, арты­нан қумау керек. Бір жолы құм далада жүрген жеті түйені көрдім. Суретке түсіре бастағаным сол еді, олар шайнағандарын доғара қой­ып, менің бетіме таңдана қараған­дай болды. Бір кезде оның көсемі ақырып қалып, барлығы маған қарай тұра жүгірді. Мен жалма-жан таяқты сындырып, оған мала­қайымды іліп, жоғары көтердім. Түйелерге бойыңның жоғары еке­нін көрсету керектігін Дэвидсон­ның кітабынан оқығанмын. Олар тоқтап, үйріліп қалды да, сосын өз жайларына кетті...

– Құмда қысылтаяң шақтарда көбіне не көмектеседі?

– Жаттығулар. Жақсы жаттығу күш береді, төзімділікті шыңдай­ды. Қарақұмды жүгіріп өту үшін жарты жыл рюкзакпен жүгіріп, жаттықтым. Осыдан тіпті жүгіру техникам да өзгерді. 

– Неге сенесіз?

– Адам өзіне сенуі керек. Ең бастысы – өзіңді алдамау. 

– Қатты қиналғанда бәріне қолды бір сілтеп, кетіп қалмауға не кедергі?

– Әр адамның екі «мені» болады. Мысалы, суретші болған кезде, негізінен, түнде салатын­мын. Жаратылысым бойынша – «үкі­мін». Кеш жатып, кеш тұра­мын. Ал марафоншы болуға ше­­шім қабылдаған кезде «боз­торғайға» айналдым. Бес жыл бойы күнде таңғы сағат 4-те оя­натын болдым. Менің де біраз керіліп, ең құры­ғанда 6-да тұрғым келді. Бірақ бір секунд та жату туралы ойлауға тиіс еместігімді білдім. Екінші «ме­нім»: «Марат, ұйықтай тұрсаңшы» дейді. Бі­рақ ондай ойға мұрша бермеймін. Атып тұрамын. Өйт­кені түске дейін 40 шақырым жер­ді жүгіріп өтуім керек. Одан кейін тағы – бір марафон.

– Сөйтіп, әдетке айналады...

– Бұл – жаттығу. Организм бә­ріне даяр болуы тиіс. Кез келген ауа райында жүгіремін. «Боранда біреу қатып қалыпты» дегенді ес­тігенде таңғалатынмын. Өйткені қозғалған адам ешқашан тоңбай­ды. Ең бастысы – бір орында тұру­ға, жатуға, ұйықтауға болмайды. Жаттығу ерік-жігерді дамытады. Күн сайын 85 шақырым жерді жүгіріп өту үшін дене жаттығуы ға­на емес, психологиялық даяр­лық та қажет. «Демал! Жетеді!» де­ген дауысты тыю үшін ерік-жі­гер керек. Адамдардың бәрі бірдей көздеген мақсаттарына жете бер­мейтіні содан шығар.

– Сіз бірінші «менді» ғана ес­титін сияқтысыз ғой?

– Мың жоспарымның жүзін жүзеге асырсам, ол да жақсы. Кей­де қанша күш жұмсасам да, қо­лым­нан келмейтін нәрселер бо­лады. Бала кезімде қазақша сөй­леппін. Бірақ балалар үйінде жүріп, ана тілімнен айырылып қалдым. Менің ең осал тұсым – осы. Жұмыста қазақ тілін оқыта­тын мұғалім жалдап, әр ұлттан тұратын ұжымға сабақ бергіздім. Менен басқалардың бәрі үйреніп алды. Балаларымды қазақ мекте­біне бердім. Әйелім де қазақша сөйлейді. Ағылшын тілін үйрену үшін ең үздік оқытушыдан бес жыл сабақ алдым. Бірақ одан да нәтиже шықпады. 

– Ең бақытты сәтіңіз қайсы? 

– Финиш – әрдайым бақытты сәт. Қартая бастаудың да өз ба­қыты бар. Өмірде бақытты сәттер көп. 

– Сіз әлемді жаяу жүгіріп шы­ғуды қаладыңыз...

– Иә. Оған қаржы табылмады. Сол кездегі барлық сапарларға өзімнің немесе демеушілерімнің есебінен бардым. Америкалықтар, ресейліктер, австралиялықтар, «Ади­дас» компаниясы жәрдем­десті. Тек бір рет Қазақстан Кана­даға жарысқа жіберді. 

– Отандастарыңыз сізге онша көмек қолын соза қоймаған тәрізді ғой?

– Ол кезде Қазақстанда ақша тапшы. Халықтың жағдайы мәз емес. Маған қарауға ешкімнің мұршасы болмады... Ал қазір шы­нымен бұқаралық спортқа деген жанашырлықты көріп отырған жоқпын. Спорт министрлігінде «көлденең көк аттылар» отыр. Мәселен, біз әуесқой триатлоннан жарыстарды өзіміз ұйымдастыра­мыз, формаларын, медальдарына дейін өзіміз сатып аламыз. Бұ­қаралық спортқа назар салынбай­ды. Оның есесіне, қараңызшы, дүрілдетіп қандай спорт кешендері салынды?! Көпшілігі қаңырап, бос жатыр. Қарап тұрып, ішің ашиды. Араб Әмірлігінде жарысқа қатысқысы келетін әуесқой вело­сипедшілер жаттығатын орын таба алмай жүр. Ал Астанадағы стадиондарға әуесқой спортшы­ларды кіргізбейді. Сонда зәулім спорт сарайларын бір шоғыр кә­сіби спортшылар үшін ғана ұстап отыр ма?! Әлде сол жерлерге кі­руге жол табатын бай адамдар үшін бе? Бұл ғимараттарды жы­лытудың өзі неге тұрады?! Бәріміз де салық төлейміз ғой.

Бізде министрлер қалай көте­ріледі? Шетелден біздің ақшамыз­ға дайын спортшыларды сатып әкеледі. Олар бірден жақсы көр­сеткіштер береді, жеңіске жетеді. Сонымен, шаруа бітті! Неге өз спортшыларымызды өсірмей­міз?! Неге мықты жаттықтырушылар­ды әкелмейміз? Ал өз жаттықтыру­шыларымыз ше? Олар 20-30 мың теңгеге жұмыс істейді. Бұл ақылға сыймайды! Жаттықтырушыларды әкелу, оларға жағдай жасау бола­шақты ойлағандық болар еді. Бірақ ешбір министр оған барғы­сы келмейді. Өйткені оның жемі­сі бес-он жылдан кейін ғана кө­рінеді. Яғни келешек отандық жеңімпаздардың қызығын басқа министр көреді. Әрине, мұндай жағдайда спорт ешқашан дамы­майды. 

– Саясаткер бүгінді ғана, мем­лекеттік қайраткер келешекті ой­лайды деген осы...

– Мен осының бәрін түсіндіріп айтқым-ақ келеді. Олар менен, сыннан қорқатын болса керек. Қазір қысқы олимпиада, тағы «беріңдер» деп жатыр. Бірақ сол объектілер қаңырап тағы тұрады. Спорт ғимараттары рекордтар жа­сау үшін ғана тұрғызылмауы ке­рек. Олар бұқараның игілігіне ай­налуы тиіс. 

– Сіз тұрғын үйлердің төбесінде жүгіруге болатын спорттық алаң­қай­лар жасау туралы ұсыныс айтқан едіңіз. Одан не шықты?

– Шын мәнісінде, құрылыс компаниялары оны сала алады. Қиын емес. Тек шағын қаржылық шығындарды мойындарына алғы­лары келмейді. Ал мен әзірге Спорт министрінің қабылдауына кіре алмай жүрмін.

– Неге? Министрдің азамат­тардың мұң-мұқтажын тыңдайтын қоғамдық қабылдау уақыттары болмай ма?

– Үш рет жазылдым. Бірақ дәл қабылдау күні оның кетіп қал­ғанын хабарлайды. Барлық теле­фондарымды тастап, не үшін кез­дескім келетініне дейін жаздым. Хабар-ошар жоқ. Жалықтым. Олар солай мұқатқылары келетін сияқты. Мені қабылдағысы кел­мей­тінін түсіндім. Оларды бұқа­ралық спортты дамыту туралы ұсыныстар қызықтырмайды. Оған бастарын қатырмайды.

Жалаңаяқ желаяқтың сыры

– Өз денсаулығын жақсартқысы келетін оқырмандарға не айтар едіңіз?

– Жүгіру – спорттың ең бір демократиялық түрі. Өйткені оған арнайы стандиондар, спорт­тық қондырғылар керек емес. Тіпті арнайы аяқкиім де алып қажеті жоқ. Мен он үш марафонды жа­лаң­аяқ жүгіріп өттім. Кез келген адам жүгіре алады. Бұлшық еттер­дің барлығы жүгіру кезінде іске қосы­лады. Сонымен бірге адам­ның басы да қоса жұмыс істейді. Неге мара­фон­шыларды жалғызі­лікті адам­дар санайды? Олар көп жүгі­ріп, көп ойланады. Өзім бі­реу­мен ренжісіп қалып, бір жү­гіріп шық­сам, сап-сау, бақытты күйіме қайта ораламын. Өйткені жүгіру – жүйке жүйесін тыныш­тан­­дырады. Президент те жүгіруге уақыт та­бады. Жарты сағат ерте оянса, кез келген адам жүгіре алады. Орны­нан тұрып, жүгірген адам оған ешқашан да өкінбейді. Өйткені соқпаққа түсіп алып, жү­гіргеннен тек рахат алуға болады!

aikyn.kz 

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>