• warning: Declaration of views_handler_filter::options_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter::options_submit(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_submit($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_boolean_operator::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter_boolean_operator.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_term_node_tid::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/modules/taxonomy/views_handler_filter_term_node_tid.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_argument::init(&$view, &$options) should be compatible with views_handler::init(&$view, $options) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_argument.inc on line 0.

Жеті метр тереңдіктен этномұражай ашқан қазақ

07 Апрель, 201514872


Кендебай Қарабдалов тоғыз ай өзі жер қазып, жеті метр тереңдікте ғибадатханасы бар этномұражай ашты. Отыз жылын сарп етіп, халықтың қыш құмыра жасау дәстүрін жаңғыртты. Он жеті музыкалық аспапта ойнайтын өнерпаз саз балшықтан сазсырнай жасап шығарды. 

– Кеңес одағы кезінде көркемсурет жоғары оқу орнын бітірген түлектер еуропалық, кеңестік мәдениетті тануға ұмтылатын. Сіз алыс ауылға барып, от жағып, балшық илеп, қазақтың көне қолөнерін қалпына келтіруді армандадыңыз. Бұл ой өзі қайдан келді? 

– Институтта дүниежүзі әдебиеті, мәдениеті, өнерімен таныстық. Еуропаша сурет салу мектебінен өттік. Бірақ қазақтың өнер тарихы оқытылмады. Қазақ халқын жабайы, көшпенді, өнері жоқ, сауатсыз деп көрсетті. Қолөнер феодолизмнің, ескінің қалдықтары ретінде қаралды. Қазақтың Отырары қирап жатты, ол туралы айтқызбады. Ал маған өз еліңде тұрып, ата-бабаңның мәдениетін білмеу ұят нәрсе көрінді. Сосын намысқа тырысып, өзім Отырартөбеге барып, зерттеу жасадым. Суретке түсіріп, сол жақтың көркем керамикасының дәстүрлі техно­логиялары жайлы реферат жаздым. Бұл еңбегіме «үш» деген баға қойылды. Оған мойыған жоқпын. Қайта қазақтың өнерін, ауыз әдебиетін, тарихын, этнографиясын білуге деген құштарлығым арта түсті. Батырлар жыры, мақал-мәтелдерден сұрақтарыма жауап іздедім. Мысалы, «Орнында бар оңалар», «Тайға таңба басқандай» деген мақалдардан жұмсақ сар балшыққа ою салудың технологиясын аңғардым. Археологтар тапқан ошақ, сай­мандарының көшірмесін салып, музыкалық аспаптарды сазбалшық, сүйектен жасай бастадым. Ал бұл салада әдебиеттер, зерт­теулер тапшы еді. Мамандар жоқтың қасы. Сондықтан әкемнің ескі бау-бақшасына шеберхана салып, сонда от жағып, балшық илеп, күні-түні эксперимент жасадым. Сазбалшықтың құрамын зерттедім. Әртүрлі қоспаларды қостым, өртедім, кептірдім. Нәтиже бергенін де, қате шыққанын да күнделігіме түртіп отырдым. Соларды салыстырып, тәжірибе жинақтадым. Қазір айта салу оңай. Ол кезде жұрттың бәрі мені ақымақ санады. «Ел жиырма бірінші ғасырға кетіп барады, сен оныншы ғасырдан не табасың?» деп келеке етті. Бірақ мен жанкешті еңбекті ата-бабамның аманаты деп қабылдадым. Баяғыдағы атама ұқсап, шебер ұста атансам, ең болмаса, бір қатты керамика алып, содан бір құмыра жасап, шай ішсем деп армандым. 

– Әке-шешеңіз ше? Олар тосын қызығу­шылығыңызға қалай қарады?

– Әкем өте білімді адам, мұғалім еді. Ақ батасын берді. «Ізденген жетер мұратқа», «Талапты ерге нұр жауар» деді. Өзім ол кезде мектепте мұғалім болып істедім. Кеңшар жұмысына: жүгері, мақта теруге жиі жібереді. Қолым қалт еткенде шеберханаға қарай асықтым. Соның арқасында он жыл жұмыс істеп, от жағуды үйрендім.

– От жағу деген қалай сонда?

– Ортағасырлық саймандар мен құмыралар күйдіретін жерошақ жасадым, онда от жағудың өз әдісі бар. Қазіргі заманның электр пешін, бензинмен жағатын ошақтарын пайдаланған жоқпын. Сол ошақ қазір мұражайымда жұмыс істеп тұр. 

– Өнерге құштарлығыңыз қыш құмырадан басталды ма?

– Бес жасымда музыкалық аспапта ойнадым. Сырнайда. Сосын бүкіл аспаптарды оп-оңай үйреніп алдым. Қазір 17 түрлі аспапта ойнаймын. «Жігітке жеті өнер де аз». Баяғыда қазақтың батырлары жауға да шапқан, қылышын да білегінің күшіне сәйкес соққан, тамақ та істей алған. Қазақ – бұрыннан дарынды халық. Құмыраны 31 жасымда жасадым. Оған дейін сазбалшықтан бірінші жасағаным – сазсырнай. Оны бұрын суреттерден көргенмін. Сосын өзімше жасап көрдім. Саусақ санына қарай дыбысын да көбейтіп, толыққанды музыкалық аспап жасап шығардым. Өзбекәлі Жәнібеков пен Нұрғиса Тілендиев оның тұсауын кесті. Содан Мәскеуге І Бүкіл дүниежүзілік халықаралық фольклор фестиваліне қатысып, лауреат атандым. 

– Ал құмыра қалай жасалды?

– Алдымен құмыра жасайтын 50 түрлі қондырғы ойлап шығардым. Бірақ біреуі де сәтті шыққан жоқ. Өйткені оның қанша рет айналатынын, қалай айналу керектігін білмедім. Қайтадан бұзамын, жасаймын. Содан 51-қондырғым дұрыс шықты. Содан ең алғашқы құмырам пайда болды. Бірақ кішкентай еді. Шеберлігім өскен сайын олар да ұлғая бастады. Енді құмыра жасаудың оңай тәсілін іздеп, білген-түйгендерімді кітап етіп шығардым. Мен бұл істі үйренуге 30 жылымды арнасам, қазір бір айда шебер болуға болады. Бір адамдар қиналып, тың жерден шөпті орып, тоғайды бұзып, жол салса, басқалар сол жалғыз аяқ жолмен еш сүрінбей, өте шығады. 

– Музыкалық аспап жасағыңыз келгені түсінікті. Музыкаға бейім едіңіз. Ал неге құмыра жасауға сонша құмарттыңыз? Мәселен, киіз басып, темір соғып та шебер атануға болатын еді ғой...

– 80-жылдардың ортасында киіз басатын да, темірден түйін түйетін де шеберлер табылатын. Ал құмыра жасайтын шеберлер жоқ болды. Осы саладағы дәстүр үзіліп қалған. Соны қайта жаңғыртуды ойладым. Мен бұл істі бастағанда ешкім сенбеген. Қазір Алматыда, Шымкентте, Түркістанда, Маңғыстауда мектептер қалыптасты. 

– Ал құмыралардың ішінде ең күрделісі қайсысы?

– Үлкен 1-2 метрлік құмыралар. Олар тек шілде айында жасалады. Біз табиғаттың құбылысына бағынамыз. Жазда үлкен, қыста кішкентай құмыра жасаймыз. Өйткені сазбалшық жаурайды, суықты сезеді, басы бірікпейді. Оның да мінезі бар, тірі ғой. Әр жердің сазбалшығы әртүрлі. Бір-біріне ұқсамайды.

– Сонда балшықты сезесіз бе?

– Шебер балшықты ұстағанда тәуіп тәрізді біледі. Өзінен не жасап, не жасауға болмайтынын балшықтың өзі айтады. Тілі шығады екен. Оны жұмыс істеген адам біледі. Бірақ біліп тұрсам да, бірнеше жағдайда оны тексерем. Алдымен бір келісін алып, балшықты суға езіп, жақсылап илеймін. Сосын құмыра жасайтын аспаппен айналдырамын. Сонда қабырғасы құлап, еріп кетпеуі керек. Одан кейін кептіргенде жарылып кетпеуі тиіс. Ең соңғы тексеру – отқа салып, 8-12 сағат күйдіру.  Содан балқып, жанып кетпей, пісіп шықса, сонда саз­балшықтың жарамдылығы туралы айтуға болады. 

– Жарамды топырақтарды қайдан табасыздар?

– Іздейміз. Жарқабақтан, Сырдарияның астынан, Арыс өзенінің жағасынан. Кейде жердің бетіне шығып тұрады, оны құмнан, тастан ажыратып, тазалап аламыз. Реңіне қарап баға беруге болмайды, ол – алдамшы.

– Балшықтан құмыра жасау өнеріңізге өзіңіздің отбасыңыз, туған-туысыңыз, көршілеріңіз қалай қарады? 

– Көршілерім түсінбеді. Өйткені сегіз сағат бойы от жаққан кезде бір қыстық отынды жұмсап жіберетінмін. Шығын шаш етектен. Сонда да қайтқан жоқпын. Ал бала-шағам менімен қосылып, осы іспен айна­лысты. Оларға айттым: «Біз – бір кемедеміз. Ескекті біреу есуі керек. Қалғандары – соған көмекші». Балам отын жақса, мен балшық илеймін, әйелім ою салады. Сөйтіп, бәріміз ақылдасып, жұмысты бөлісіп алдық. Мақсатқа жету үшін бір командаға айналдық. 

– Қолөнер отбасыларыңыздың бірлігін арттырыпты...

– Шеберхана мен үй  бір жерде. Есікті іліп алып, сурет салмадым. Бала-шағаммен араласып, ақылдасып отырып жұмыс істедім. Сосын отбасымда арақ ішуге, темекі шегуге, өсек айтуға, насыбай атуға, бос қаңғып жүруге тыйым салынған. Бізге оның бәрі жат дәстүр. 

– Өз отбасылық заңдарыңыз бар ғой?

– Қазақы дәстүр. Жақсы нәрсеге ұмтылдық. Соны қолдан жасағымыз келді. Ағаштан қобыз шабамыз. Қамыстан сыбызғы жасаймыз. Сосын сол аспаптарда ойнаймыз.

– Сіздер өнерлі отбасы екенсіздер. Бұл аталарыңыздан қалған дәстүр ме?

– Жеті атамыздан, әулетімізбен мәдени ағартушылармыз. Білімімен, өнерімен адамдарға көмектесушілер санатынанбыз. Сөйлеу мәдениетін меңгерген әкелеріміз Құранды жатқа білген, түсіндірген. Қазақтың дәстүрін ұстанған. Батырлар жырын мүдірмей айтқан. Шешелеріміз кезінде тері илеген, алаша, кілем тоқыған, киіз басқан. Ал өзім екі баламмен бірге «Сазбалшықтан құмыра жасау әліппесін» жазып шықтым. Бас прокуратурада істейтін бір балам бос уақытында Бейбітшілік және келісім сарайында балалар мен ересектерге құмыра жасауды үйретеді. Назарбаев мектебінде ұстаздық ететін кіші балам Францияға, Ресейге шәкірттерімен барып, қазақтың өнерін көрсетіп қайтты.

Мақсатымыз – қазақтың өнері тоқтамай, оның келесі ұрпаққа жетуіне үлес қосу. Білгенімізді бөлісуге даярмыз. Себебі шеберлер көбейген сайын заман түзеледі. Кез келген салада сауатты, адал, өз ісінің шеберлері істесе, олар табиғатты бұзатын нашар бұйымдар жасамаса, мемлекет те дамиды. Бүкіл әлем гүлденеді. Елбасымыз айтқандай, бүкіл әлемді орманға айналдырып жіберсек, Жер-Ана емделеді. Қазір қаншама экологиялық апат болып жатыр?! Назарбаев өзі де тал егіп, Астананың айналасында орман жасап, үлгі көрсетуде. Егер бүкіл әлемді бау-бақшаға айналдырсақ, тамаша емес пе?! Ал егін екпей, бәрін жерден қазып, мұнайын сорып, бүлдіріп кетсек, бізден кейінгі ұрпақ қалай күн көреді?! 

– Сіз Шымкенттегі этникалық мұражайды, жерасты ғибадатхананы қалай жасап, аштыңыз?

– Алдымен жердің бетінде этномұражай аштым. Сосын 7 мерт жердің астында мұражай – қылует салдым. Бұл ғимарат 2006 жылы ақпан айында түсіме кірді. Оңаша отырып құлшылық ететін Йассауидың қылуеті сияқты. Төрт бөлмелі жерасты мешіті. Содан тоғыз ай қолыммен өзім қазып шықтым. Балаларым топырағын шелекті арқанмен байлап жіберіп алып тұрды. Құдайдан бірде-бір моланы қозғамайын, бірде-бір құмырсқаның ұясын бұзбайын деп сұрадым. Құмырсқаның ұясын бұзу – біреудің отбасын бұзғанмен бірдей. Құмырсқаның жанын алуға, өлтіруге менің хақым жоқ. Құдайдың керемет шеберлігі сол: тоғыз ай қазып шыққанша бірде-бір тас, құм, алтын, күміс, мұнай немесе құмырсқаның, жыланның ұясын, моланы қазғам жоқ. Тап-таза жер болып шықты! Менің тілегім қабыл болды. 

– Қазір қылуетке адамдар келе ме? 

– Мұсылмандар Құран оқиды, тілек тілейді. Христиандар дұғасын жасайды. Бәрі бейбітшілік, халықтар достығы үшін оқиды. Құдайдан бүкіл 18 мың ғаламның амандығын тілеп, көмек сұрайды. Олар бәрінің бір топыраққа баратынын, бір топырақтан жаратылғанын сезеді. Ол жерде мұсылманның да, христианның да, будданың да таңбасы жоқ. Жер тап-таза. Ғимаратта жарық болсын деп шам жағып тұрамын. 

– Сіздің көпшілікке тосын көрінетін идеяларыңызды шынайы жүзеге асыруда тоқтамауға не себеп?

– Жоқ іздедім. Жоғалып кеткен, мың жыл бұрынғы дәстүрді қайта қалпына келтіргім келді. Оған күш берген – ұлттық намыс. Мен – қазақтың баласымын, еркекпін, жігітпін. Бұрынғы болған ата-бабамның өнерін түгендеуім керек. Соны шамам келгенше бүтіндеп, өмірімнің мағынасына, дәстүріне айналдырдым. Ол маған кәсіп емес, атамнан қалған аманат. 

– Әр адамда аманат болады деп ойлайсыз ба? 

– Аманатсыз адам жоқ. Оны іздеу үшін адам өзіне сұрақтар қоюы тиіс. Ол үшін ата-баба тарихын зерттеу керек. Атаң, әжең кім болған? Нағашыларың ше? Олар немен айналысқан? Сонда жауап та табылады. 

– Сізді өз ортаңыз онша түсіне қоймайтын іспен айналыстыңыз. Сізді жігерлендіретін күш не?

– Маған жақсы адамдар кездесті. Өзбекәлі Жәнібеков, Нұрғиса Тілендиев, Ақселеу Сейдімбековтен тәлім алдым. Шәмші Қалдаяқовпен кездестім. Мұхтар Шахановпен жүздесіп жүрміз. Дәркембай Шоқпарұлы деген шебердің тәрбиесін көрдім. Сондай адамдармен араласып жүрген соң, қалай нашар болуым керек? Америкалық та, қытай да болғым келген жоқ. Қазақ болып жаралғандықтан, қазақтығымды ісіммен дәлелдеуім керек деп ұқтым. Құр «қазақпын» деп сайрағаннан гөрі, іс пен тұрмыс та соған сәйкес болуы тиіс. Сонда адам толыққанды адамға айналады. 

– Ендігі арманыңыз қандай?

– Бүкіл әлемді мейірімді патшалар, жақсы адамдар басқарса деп тілеймін. Бейбітшілік алып пілге де, кішкентай тышқанға да керек. Тышқан пілдің құлағына кіріп кетсе, ол өледі екен. Қанша күшті болса да, піл тышқаннан сескенеді.Тышқан піл басып кете ме деп қорқады. Сондықтан бейбітшілік барлық елге бірдей керек. 

Адам өзі үшін ғана өмір сүрмеуі тиіс. Баяғы заманда бір шебер болыпты. Иненің көзінен жіпті төрт шақырым жерден лақтырып кіргізеді екен. Соны көрген патша шеберге риза болып, 40 алтын ділдә бергізіпті. Одан кейін арқасынан аямай 40 мәрте қамшымен дүре соқтырыпты. Сонда әлгі шебер жылап, патшадан: «Шеберлігім үшін 40 алтын ділдә бергеніңді түсінемін, ал мені жазалағаның не?» деп сұрайды. Сонда патша: «Талан­тыңды мойындап, алтын бергізгенім рас. Бірақ сен жіппен сабақталған инемен бір көйлек тікпедің, бір түйме қадамадың, бірде-бір адамға пайдаң тимеді. Ондай дарын кімге керек?! Сол үшін жазаладым. Өнерің мен білімің айналаңа игілік әкелсін!» депті.

 

 

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>