• warning: Declaration of views_handler_filter::options_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter::options_submit(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_submit($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_boolean_operator::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter_boolean_operator.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_term_node_tid::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/modules/taxonomy/views_handler_filter_term_node_tid.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_argument::init(&$view, &$options) should be compatible with views_handler::init(&$view, $options) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_argument.inc on line 0.

Мұхтар МАҒАУИН. ШЫҢҒЫС ХАН (басы)

13 Қаңтар, 20166651


Ш  Ы  Ң  Ғ  Ы  С    Х  А  Н 

және  оның  заманы

 

 

Деректі  тарихи  хикая

 

 

АЙҚЫНДАМА  СӨЗІМІЗ

 

 

      Дүйім алаш жұртына тағзым!

      ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде бүкіл Еуразия кеңістігін өз ғұзырымен қайта құрған, ал тиянақтап, бағдарлап кеткен бар ісі бұдан соңғы заманда мағлұм әлемді мүлде басқаша қалыптауға негіз болған Шыңғыс хан – адамзат тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірегейі екені күмәнсіз. Кеңінен қамтып, тереңіне бойлай алмасақ та, сөз ұққан, хат таныған кезімізден көкірекке орнаған өзгеше бейне, Алып Ер екен. Шыңғыстау – Шыңғыс ханның атымен аталатын, ұлы Абай өрінде туып, бар ғұмырын өткерген, мына Мен түстік құламасында дүниеге келіп, жарық сәуле, айқын самалаға талап қылған киелі Шыңғыстау – ежелгі тарихпен бірге жасасып келе жатса, ұлы қаған неге қазақтан алыс болуы керек?

      Ержеттік. Таным аймағы қалыпқа түсті. Жаза бастадық. Бейкүнә әңгіме, әдепкі мақалалардың өзінің жарияға жетуі – азапты өткелек екен. Ақыры баспасөзге жол аштық. Уақыт озбай  атымыз шықты, біршама танылғандай болдық. Бірақ... Шыңғыс хан туралы жазам деп армандаудың өзі қияли елес екен. Менің жиырма жастан бастап, ойға алған, көңілге түйген, тіпті, кейбірін он, отыз, қырық жылдан соң жүзеге асырам деп жобалаған барлық шығармаларымның нысан, сұлбасы таңбаланып отырған “Алтын дәптерде” Шыңғыс хан есімі ұшыраспайды. Ең қиын, қиғаш, шатақ деген дүниелеріңнің өзін, заман өзгере келе, әртүрлі көркемдік тәсілмен, атақ-беделіңмен жарыққа жеткізуің  ықтимал, бірі болмаса бірі өтуі мүмкін, ал  Шыңғыс хан... орыс-совет идеологиясында есімінің өзі құбыжық, ешқандай үміт жоқ еді. Біздің мақсат-мұратымыз басқа бір тақырыптар, оның ішінде Шыңғыс ханның көлеңкесі айқын аңдалатын тарихи роман арқылы жүзеге асып жатты. Негізгі тұрғымыз – қазақтың қасиетін әйгілеу болатын.

      Сол сарынмен жер ортасы елуге жетіппіз. Осы кезде шын ғажайып болды. Коммунистік қапас шеңбер шытынап, сөгіле бастаған. 1990, 1 сентябрьде полицейлік сөз кісені – цензура жойылды. Келер жылы желтоқсанда отаршыл, зұлым империяның өзі омақаса жығылып, шылпара ыдырады. Елдің ең соңында десек те, анық оқиға – Қазақ де-юре – сөз жүзіндегі тәуелсіздігін жариялады. Қайткенде де, өзін сыйлайтын қаламгер үшін толық еркіндік. Бірақ біздің басқа жазарымыз да көп еді. Дәл сол сәттегі ең зәру  тақырыптарға ден қойдық.  Оншақты жыл өтіп, қолымыз босаңсыған кезде де Шыңғыс хан назарда болмады. Ер-азаматымыз құлдықтан жерініп, ұлттық болмысын танып, өзінің өткен тарихына бет бұрғандай көрінген.

      Сөйтсек... советтік, великоростық соқыр сенім, топас түйсік сол қалпында тұр екен. Қазақтың өз ішінде. Ешкімнің күштеу, зорлығынсыз. Жайдақ жауырға мінген, қолына балшабектік түбіршек көсеу ұстаған жандайшаптардың екпіні тым қатты. Дінін, ділін сатып, жат жұртқа жағынумен атақ, мәртебеге жеткен мүнафиқ першіл, арғы-бергі биліктің қыбын тапқан, шаласауат, жалбағай механизатор ғана емес, жоғарғы білімді дипломы, тіпті, кандидаттық, докторлық дәрежесі бар қаншама тарихшы. Оларды егемен өкіметіміз және қолдасын. Шыңғыс хан турасында, 2002–2005 жылдары Қазақстан баспасөзінің бетінде өрістеген айқай-шу турасында айтып отырмыз. Басында мұншама оспадар, парықсыз надандыққа таңырқап, сырттай ғана бақылап отыр едік, ақыры өкіреш айқай Шыңғыс ханның жеке басынан асып, халқымыздың бүкіл өткен тарихы, тіпті, қазақтың елдік нұсқасы, хандық құрғаны, дербес мемлекет болғанына дейін теріске шығарылған кезде тамашалау жайына қалып, додаға еріксіз араласуға тура келген. Бірі анықтама, шағын, бірі көлемді, дәйекті, екі мақала жаздық, өзіміз басқарып отырған “Жұлдыз”  журналының бетінде танымдық, ағартушылық сыпаттағы дүниелерге кеңінен жол аштық. Бар түйін осымен шешілген жоқ еді, әйткенмен іс мәнісі айқын, қазір басқа заман, жалпы жұрттың көзі ашық қой деп, ат басын тарттық, жаңа бір жұмыстар дендеп тұрған.

      Ақыры, бүгінгі бұлағай заманға қатысты біраз жазудың басы қайырылған соң, туған елден шалғайда, барымды жинақтау, өткен күндерді тосын тұрғыдан байыптау үстінде, Шыңғыс ханға қайтып оралу, бұл тараптағы барлық ой-толғамды тиянақтап кету қажетіне ден қойдым. Байыпты зерттеу, жан-жақты, ғылыми очерк емес, ауқымды көркем роман да емес, бұрнағы тарихты түгендеген, Шыңғыс ханның бар болмысын, оның заманын түбегейлі хикаяға түсірген деректі тарихи баян.

      Шыңғыс хан турасында жаңа тарих заманы – соңғы үш ғасырда Батыс пен Шығыста жазылған шығармалардың ұзын саны ұшы-қиырсыз. Неміс, ағылшын, орыс, қытай, жапон тілдеріндегі, жинақтап келгенде, әрқилы деңгейдегі қаншама роман өз алдына. Әлбетте, тарихи роман – тарихтың өзі емес, көркемделген сұлбасы. Тұлға да, заман да мүлде басқа бір кейіпте көрінуі мүмкін. Әйтсе де, өз тұсындағы тарихи ұғым, әлеуметтік танымнан ұзап кете алмайды. Бұл тұрғыдан алғанда, әлем әдебиетінде Шыңғыс ханның ақиқат, шынайы бейнесі жасалған жоқ дер едік. Ал тарихи зерттеу сыпаты өзгеше. Ғылым атаулы өз тақырыбын нақты мағлұмат, деректі болмыс негізінде қалыптауға тиіс. Бірақ тарих ғылымы да күні бүгінге дейін идеологиялық тұрғыдан, ұлттық, нәсілдік көзқарастан ұзап шыға алмай келеді, бұл сөз әсіресе өктем Батыс оқымыстыларының еңбектеріне қатысты. Шыңғыс хан турасындағы, бізге көпшілігі нақты мәлім, кейбірінің жөн-жосығы, енді біразының негізгі сұлбасы белгілі арнайы монографиялардың өзінің қарасыны мол, ондап саналады, ал жекелеген мәселелер  төңірегіндегі зерттеу мақалалар қисапсыз көп. Тек екі ғасыр шегі, соңғы жылдарда ғана қаншама жаңа кітап жазылыпты, өткендегі көптеген еңбектер қайыра басылып, халықаралық тілдерге аударылып, кеңінен таралыпты. Ұлттың байырғы тарихына айрықша мән беріп отырған бурят пен татар – Улан-Удэ, Қазанда әлденеше мәрте өткерілген ғылыми конференциялардың жария жинақтары бір төбе.

      Сырттай қарағанда, әлемдік тарихнамада Шыңғыс хан тақырыбы толымды, жан-жақты қарастырылған сияқты. Бұл ретте соңғы кезең жетістігін атап айту керек. Еуропа ғылымы, ең аяғы нешеме ғасыр бойы қырын тартып келе жатқан орыстардың өзі оңға бұрыла бастағандай. 1995 жылы Бүкіләлемдік ақпарат орталығы һәм Америкада шығатын әйгілі “Вашингтон пост” басылымы сараптау, сауалдама негізінде Шыңғыс ханды екінші мың жылдықтың ең басты тұлғасы деп жариялағаны белгілі. Түйіндеп айтқанда, ұлы қағанның атақ-даңқы дабылдап тұр. Қазіргі қалыпты, жалпы түсінік:  бұл Шыңғыс хан деген – анау айтқандай, жабайы мақұлық емес екен, ақымақ, топас, жауыз қанішер емес екен, көлеңкелі, келеңсіз сыпаттары болса, ол – замана таңбасы; шын мәнісінде парасатты, дана кісі,  ұлы қолбасы, ғажайып саясаткер, адамзат тарихында өзгеше орны бар, айтулы, бірегей қайраткер... Бұл төтенше байламның көптеген тармақтары сонау ХҮІІІ ғасырдың өзінде мағлұм болған. Бүгінгі жаңалық – жаппай күстана, тұрпайы жаладан арылу бағдары ғана. Десе де, ең озық ойлы, байыпты деген зерттеулердің  өзінен тар өріс пен түсінбестік аңдалмай тұрмайды. Өйткені, Шыңғыс ханға қатысты бұрынғы-соңғы, үлкенді-кішілі еңбектердің барлығы да жат жұрт өкілдері тарабынан жазылған. Бұл ретте бауырлас моңғол оқымыстылары басқаша көзқарас танытады, бірақ пайымды зерттеулерінің өзі біржақты, бәрі біздікі, бәрі моңғол деген тұрғыда. Ал түрік қауымы әлі күнге пәтуалы сөзін айтпапты. Орыс-совет шеңгелінде болған біздің бұрынғы ахуал түсінікті десек, басы бұла анадолы түріктерінің бұл тақырыпты мүлде қарастырмауы – таң қаларлық жағдай. Шын мәнісінде Шыңғыс хан тарихы – ең алдымен түрік халықтарының тарихы болатын. Оның ішінде ежелгі қазақ тарихының ең толымды кезеңдерінің бірі. Осы орайда, біздің негізгі, көркем проза саласындағы бар шаруамызды доғарып қойып, ұлғайған жасымызға қарамай, тым ауқымды әрі айрықша ауыр жұмыс – Шыңғыс хан тарабына бет бұруымыз түсінікті болса керек.

      Шыңғыс хан турасында бұрынғы-соңғы жазылған, әрқилы сыпаттағы шығармалардың есебіне жетіп болмайды дедік. Бәрінің тиянақ-тұғыры – сол көне заманнан қалған нақты құжат, деректер болуы заңды. Ал шын мәнісінде, Шыңғыс хан және ол ғұмыр кешкен заман турасындағы тарихи жәдігер атаулы – саусақпен санауға келмейді. Небәрі үш кітап және жарым-жұрым бірнеше куәлік қана. Теріп айтқанда, Ата-Мәлік Жувәйни жазған “Жихангердің тарихы” және Рәшид-әд-Дин құрастырып, қалыптаған “Жинақты тауарих”. Бұл өзгеше екі еңбек Шыңғыс хан тарихын жан-жақты әрі толық қарастырады, дерегі мол және даусыз, нақты. Осы қатардағы тағы бір ерекше мұра – тарихи нұсқадан әдеби эпосқа бейім “Қастерлі шежіре”. Бұдан соңғы жарым-жартылар: Нәсәуи жазған, Шыңғыс ханның Сартауыл жорығы турасында шынайы мағлұмат беретін “Жәлел-әд-Диннің ғұмырбаяны”, осы кезеңге қатысты біршама ақпар, дерегі бар Ибн әл-Асир мен Жүзжани жазбалары; заманалық енді бір мәнді куәлік – Түстік Қытай елшісі Чжао Хуң қалдырған “Мэн-даның толық сыпаттамасы” және дао сопысы Чаң Чуннің “Батысқа саяхаты”. Болды, бітті. Айтпақшы, кейіннен таңбаға түскен «Юань ши” – “Юань тарихының” тиесілі тармақтары және “Әулие-жихангердің жеке жорықтары” аталатын шағын жазба, бәрі де қытай жәдігері. Әлбетте, Шыңғыс хан құрып кеткен империя, оның байырғы жұрты турасында бірталай сыпаттама, деректер жинақталған басқа да еңбектер бар. Карпини, Рубрук, Марко Поло... әр кездегі әрқилы елшіліктер есебі дегендей. Шыңғыс ханның өзі емес, заманы және басқа да жағдаяттар төңірегінде. Жинақтай келгенде, адамзат тарихындағы аласапыран, аса күрделі, тұтас бір дәуірге қатысты ескілікті тұма деректер әжептәуір, сонымен қатар, төрт тарапты түгендейтіндей көп те емес.

      Әрине, Шыңғыс хан және оның заманын тану, зерттеу, ақыр түбі қорытып жазу үстінде аталмыш санаулы еңбекпен ғана шектеліп қала алмайсыз. Орталық Азия мен Ежелгі Қытай өз алдына, бүкіл Еуропа тарихы, жалпы адамзаттың даму жолына қатысты кең көлемді мағлұмат керек. Мұның бәрін бұрыннан білдім дегеннің өзінде, тақырыпты тікелей игеру үстінде тағы қаншама нақты ақпар қажет болады. Кейде бір ғана деректі дәйектеу үшін әлденеше кітапты саралайсыз. Осы ретте біз өзіміз тілеп алған көлденең қиындыққа  ұшырастық. Бұрнағы Совет Одағы шегінде ең бай рухани орталықтар қатарында саналған екі ұлы кітап қоймасы – Қазақ Ғылым академиясының кітапханасы мен  Алматыдағы Ұлттық кітапхана көзден бұл-бұл ұшты. Өзіміз алпыс жыл бойы құрастырған, оның ішінде тек әдеби-көркем нұсқалар ғана емес, бүкіл әлем тарихы мен Орталық Азияның өткен-кеткеніне қатысты қыруар еңбек жинақталған жеке кітапханамыз да алыста қалған. Әрине, бірталай дүниені Прагаға тасыдық, әйткенмен, барыңды түгелдей, түп қопара көшіріп әкете алмайсың, оның үстіне, жаңа айтқанымыздай, ойламаған жерде әлдебір қалың томның ішіндегі бір ғана дерекке қажеттілік туып қалуы мүмкін. Кейінгі жиырма жылда жарыққа шыққан бұрынғы-соңғы тарихи жұмыстар, баяғыда мағлұм болған, бірақ Алматының өзінде жоқ әлдебір ескі басылымдар өз алдына. Әлбетте, біз соңғы бес жылда орын тепкен Прага – Еуропаның ежелгі мәдени орталықтарының бірі. Аса бай Ұлттық кітапхана, оның шет тілдер бөлімі бар, сонымен қатар, Октябрь төңкерісінен соң Батысқа ауған орыс зиялылары жасақтап кеткен Славян кітапханасы бар, –  біраз қажетімізді осы екі орталықтан ұшыратқандай болдық. Бұдан соң, қайткенде де жетіспеген тұма-нама, дерек-нама әдебиетті табуда осында қызмет атқаратын өзімнің ұлым және әр тараптағы тілектес, шәкірт інілерім қолғабыс жасады. Алматы тұрыпты, Санкт-Петербург, Москва мен Қазан, тіпті, жер түбіндегі Улан-Удэ қаласынан қаншама зәру әдебиеттің көшірме нұсқаларын жеткізіп берді. Соның өзінде қосалқы ұсақ-түйек түгенделді деп айту қиын. Жұмыстың алдағы барысында бәрі де орнына келер деп ойлаймын.

      Анық – ешкім де ойдан, жаңа бір тарих жасап шығара алмайды. Ең озық деген оқымыстының өзі бар, мағлұм деректердің негізінде жазады. Кілтипан – сол деректерді қалай ұғынып, қалай сұрыптауда. Яғни, Шыңғыс хан тарабына қалам тартып отырған біз де ешқандай жаңалық ашпаймыз, бұрыннан белгілі мағлұмат, куәліктерді басқаша байыптап, өзгеше жазуымыз ғана мүмкін. Және осы орайда, санаға сіңген қалыпты тұжырым, үйреншікті жағдаяттар мүлде басқа бір қырынан, тіпті, тосын, қарама-қайшы кейіпте көрінуі ғажап емес. Біз – түрік текті қазақпыз, далалық көшпенділер ұрпағы өз тарихын өзінше бағалауға тиіс. Айттық, Шыңғыс ханға тікелей қатысты ескілікті мұралар түгелдей дерлік ғылыми айналымға түскен, жалпы жұртшылыққа белгілі, есебі, қажетті құрал-жабдық ағылшын мен неміске де, қытай мен жапонға да ортақ, Батыстың да, Шығыстың да мүмкіндік жағдайы бірдей, сонымен қатар біздің, бұл ретте қазақ Мұхтар Мағауиннің өлшеусіз бір артықшылығы бар:  мен бұрынғы-соңғы жат жұрт білгірлері сияқты, шаңырақтың сыртынан қарап, ой-жота, долбармен кесіп-пішпеймін, өз үйім, киіз туырлығымның астында отырып, бар бұйымды қолмен ұстап, көпе-көрнеу түгендеймін. Сайыпқыран Шыңғыс ханның бұрын ешкім жазбаған толық әрі шынайы тарихы ең алдымен өткендегі құдіретті Еке Ұлыстың тікелей мұрагері Қазақ жұртының игілігіне айналуға тиіс, жүз елу жылдық отарлық дәуір, одан соңғы, ғасырға парапар жиырма жылдық талапай, тонау заманында ұнжырғасы түскен ұлттың еңсесін көтеріп, елдігін қайта табуына себесін болуға тиіс. Мен ғұмыр бойы қазақ мүддесі тұрғысынан, қазақ үшін жазып келемін. Әлемдік Шыңғыс хан тарихы да осы орайдан табылмағы хақ.

      Әдетте, алғысөз ең соңынан жазылады. Қазір “Шыңғыс ханның” бірінші кітабы терімге түсіп, баспаға әзірленіп жатыр. Бірінші кітап. Ұлы қағанның өзі емес, туған жұрты турасында. Тікелей дайындық жұмыстарымен қосып есептегенде, толық үш жыл уақытым кетті. (“Аласапыранның” екі кітабы екі жыл, үш айда жазылып бітіп еді.) Ендігісі жеңілірек болар. Тәңірім ғұмырымды ұзартып, ата-бабалар аруағы медет берсе, Шыңғыс ханның тәмамдалған, толық тарихы төрт кітаптан тұрмақ. Әзірше алдын кесіп, бажайлап жіктемейін. Түйіп айтқанда, тұтас бір дәуірдің жинақты шежіресі.

     Біздің “Шыңғыс хан” – тарихи көркем шығарма емес, ғылыми зерттеу де емес. Толымды, деректі хикая. Осы реттегі ішінара, азғана ескертпе. Біз бірінші кітап, қажетті тұстардың өзінде тиесілі еңбек атын, автор есімін көрсетумен шектелдік, басылымын, бет-парағын айғақтаған дәйекті сілтеме жасамадық. Кітабымыздың қалыпты табиғатына үйлеспейтіні өз алдына, кейбір тұстарда бес-алтаудан он-жиырмаға дейін сілтеме беруге тура келер еді. Пайдаланған тиесілі тұма ескеркіштердің толық тізімі кітап соңына тіркелген, нақтыламақ кісінің керекті ұштығын тауып алуы қиын емес. Бұдан гөрі маңыздырақ мәселе – әрқилы есімдер жөні: адам аттары, өзен-су, қоныс-мекен, ру-тайпа атаулары дегендей. Бұлардың көпшілігі Еуропа ғалымында әуелден қалыптасқан  және батыс тілдерінің орайындағы дыбыс өзгешелігі демесек, негізінен ата-қазақтағы нұсқасына сәйкес. Осы және әуезеден тыс жекелеген есімдер түгелдей дерлік Рәшид-әд-Дин мен Жувәйни бойынша нақтыланды, қазіргі, бұрмаланған халха-моңғол бойынша емес. Сондай-ақ, бүгінде Моңғол ұлысының шегінде қалған, өзгере дыбысталған топонимдер де ежелгі, Шыңғыс хан заманында таңбаланған және кейінгі Батыс ғылымында орныққан нұсқалары бойынша берілді. Атап ескертетін тағы бір мәселе – біз ескілікті, нақты дерек, куәліктер негізінде өзіндік көзқарас, байыбымызды айттық, анау алай деп еді, мынау теріс тартып еді, олай емес, былай деген тәрізді дау-дамай жоқ. Өткен-кеткенді шарға салсақ, дәл осы көлемдегі тағы екі-үш кітап жазып шығуға тура келер еді. Өз толғамымыз тұрыпты, үлкен ғылымда баяғыда дәлелденген, зерделі оқымыстылар қабылдаған көптеген мәселелер бар, соның әрқайсысының түбін қазу қажетсіз, мәнсіз, ең бастысы – негізгі бағдарымызға бөгесін болар еді.

      Сонымен, “Шыңғыс хан”, бірінші кітап. Өз алдына дербес еңбек десе де болады. Біздің киіз туырлықты көшпенді жұртымыздың Шыңғыс хан дүниеге келер қарсаңдағы болмыс-бітімі, сол заманға дейінгі өткен тарихи жолы. Болашақ ұлы империяға ұйтқы болмақ ру-тайпалардың шығу тегі және сол кездегі тіршілік-тынысы. Әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты. Бүкіл Жоғарғы Азиядағы саяси және әлеуметтік ахуал. Келешек ұлан-асыр оқиғалардың себебі мен қозғаушы күштері. Түйіп айтқанда – біз баяндамақ тауарихтың тұрғы-тиянағын айғақтау.

      Сайыпқыран Шыңғыс ханның аруағы риза болғай! Қадым заманда жасаған Алып Бабаларымыздың асқаралы даңқы дабылдай берсін! Енді келесі кітаптарға кірісеміз. Өткен дәуір  емес, жақын күндер және алыс болашақ үшін. Ұрпағымыздың мерейі мен мәртебесі үшін!..

 

                                                                                         Автор,

                                                                                  21. ІV. 2011,

                                                                           Батыс Еуропа, Прага.

(жалғасы бар)

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>