• warning: Declaration of views_handler_filter::options_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter::options_submit(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_submit($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_boolean_operator::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter_boolean_operator.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_term_node_tid::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/modules/taxonomy/views_handler_filter_term_node_tid.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_argument::init(&$view, &$options) should be compatible with views_handler::init(&$view, $options) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_argument.inc on line 0.

Мұхтар МАҒАУИН. Шыңғыс хан (жалғасы)

25 Қаңтар, 20168931


Жалғасы. Алдыңға бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

Мұхтар МАҒАУИН. ШЫҢҒЫС ХАН (басы)

 

Мұхтар Мағауин. Шыңғыс хан. Далалық еуразия (жалғасы)

3

Юечжи патшалығының ұйықты ордасы Ганьсу өлкесіне шектес солтүстік-батыс өңір – Нань-шань таулары және Соғо-нор, Эдзин-гол алабына, бәлкім, Ектағ – түстік-шығыс Алтайға дейін кеңінен жайылған тағы бір әйгілі ұлыс қытай тарихнамасында Усунь (Үйсін) атанатын. Бұрнағы жауынгер жун тайпаларының бір бұтағы. Қуатты Юечжи ғұндардан жеңіліс тауып, батысқа қарай төңкеріле көшкеннен соңғы жерде кезек Үйсін патшалығына келеді. Тегі бір, туыстас ғұн өктемдігін мойындаған Үйсін де ығысып, Ерен-Қабырғаны жағалай, Жоңғардан асып, Жетісу алқабына орнығады. Бұдан соңғы кезеңде шығыс шекарасы Бешбалық-Тұрфанға тірелді деген дерек бар. Ал батыста Талас өзеніне дейін жетеді. Түстікте Ыстық-көл атырабын қамтыпты. Ғұндардан босқын тапқан, бағзыда күші басым, енді әлсіреген Юечжи ұлысын түстік-батысқа қарай одан әрмен тықсырады. Әуелде ғұндардан, одан соң үйсіндерден ұтылған Юечжи жұртының бір бөлігі Орта-азиялық сақтарды жеңіп, Фарғана, Соғдиананы алып, ақыр түбінде Бактрияны баурап, мұндағы, Александр Македонский заманында орныққан гректер билігін құлатады және осы өңірдегі жаңа бір үлкен патшалық – Құшан империясын негіздейді. Ал үйсіндер Жетісуда қала берген.

Миләдиге дейінгі 115 жылы Іле алқабына арнайы сапармен келген Қытай елшісі Чжан Цянь бұл кезде қайтадан нығайған Үйсін ұлысы туралы біршама дерек қалдырыпты. Патшасы гуньмо (гуньми) деп аталады. Өкімі зор. Халқының жалпы саны 120 мың шаңырақ – алты жүз отыз мың жан екен. Әскері мол, қуатты, күшті. Егіншілікпен айналыспайды, негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Төрт түлік. Сонымен қатар есек аталады. Жылқысы көп екен. Ірі байларда 4-5 мыңға дейін жетіпті. Және тұқымы жақсы, ірі, күшті, басы үлкен, жал-құйрығы қаба. Соған орай үйсіннің атты әскері айрықша күш алған. Жылқы басқа жұрттармен қатынас – сый-сияпат және айырбас сауда орайында ең негізгі бір мүкәмал саналған. Үйсіндер алдарындағы малдың ыңғайымен  шөбі бітік, суы мол жерлерді жағалап, көшіп-қонып жүреді. «Киізбен қапталған дөңгелек лашық», яғни киіз үйлерде тұрады. Үйсін ұлысының құрамына ілкіде жеңіліп, ығысқан сақ, юечжи тайпаларының кейбір тармақтары қосылып отыр. Бұрнада ғұндарға тәуелді болған үйсіндер енді әбден күшейіп, тақау төңіректегі үстемдікке жетті, дейді Чжан Цянь.

Қытай елшісінің негізгі мақсаты – үйсіндерді Ғұн ұлысына қарсы соғысқа киліктіру болатын. Бірақ үйсіндер аттап баспайды. Керісінше, ғұндарға арқа сүйей отырып, батыстағы көршісі Қаңғұй ұлысын одан әрмен тықсырады. Сонымен қатар, Қытаймен аралықта да біршама байланыс орнатыпты. Қалыпты сый-сияпат өз алдына, Қытай Үйсін патшасына император әулетінен қыз береді. Бірақ мұндай достық қатынастан біз ешқандай пайда таппадық, деп көрсетеді қытай шежірелері. Десе де, Үйсін мен Қытай жалғастығына сезікпен қараған Ғұн ұлысы м.д. 80-жылдарда арнайы әскер шығарып, елдің бір бөлігін тікелей ғұзырына келтіреді. Бұл – Қытайдың Ғұн империясымен күресте күш ала бастаған кезі болатын. Ақыры үйсіндер де Ғұн ұлысына қарсы жаппай соғысқа араласыпты.

Ғұн өктемдігінен соңғы кезеңде Үйсін жұрты Қытай ықпалына түседі. Көп ұзамай-ақ, Қытайдың епті саясаты және ел ішіндегі алауыздыққа байланысты біртұтас Үйсін ұлысы екіге бөлінеді. Дүниеден өткен гуньмидің үлкен ұлы – 60 мың шаңыраққа, ал кіші ұлы – 40 мың шаңыраққа ие болыпты. Енді Қытай Үйсіннің ішкі істеріне еркін араласады, әйткенмен, екіге жарылған Үйсін әулетінің өзі император сарайы үшін көп машақат болды, тыныштық орнамады, деп жазады қытай шежірелері. Қытай тарихнамасындағы Үйсін ұлысына қатысты деректер бүгінгі жыл санатының V ғасырына дейін ұласады. Заман қаншама өзгерсе де, үйсіндердің негізгі ордалы мекені – Жетісу болып қала бергенін көреміз. Ұлыстың бұдан соңғы кезеңі – Ұлы Түрік қағанатына жалғасқаны аңдалады. Ежелгі үйсін этнонимі заманнан заманға өтіп, біздің дәуірге жетті. Кейінгі қазақтың Ұлы жүзінің жалпы атауы – Үйсін, сонымен қатар, Ұлы жүз құрамында сары үйсін деген ру бар. Қайткенде де ежелгі үйсін – түрік текті жұрт болғаны күмәнсіз.

 

Үйсіндердің батыс көршісі – қытай деректерінде Қаңғұй (Канцзюй, Кангюй) деп аталатын Қаңғар ұлысы болды. Қаңғұй – ирандық «Авестада», үндінің «Махабхаратасында» аталатын ежелгі қаңха, канки (кангха) жұртының жалғасы болуға мүмкін деп саналады. Қаңғу атауы бертіндегі Орхұн жазуларында да ұшырасады. Қазақ тарихшыларының біразы қаңғұй – кейінгі замандағы қаңлы деп біледі.

Қаңғар қонысы – Талас өзені, Қаратау, Сыр-дарияның орталық алқабы болған. Түрік текті. Негізінен жартылай отырықшы, егінші жұрт, мал шаруашылығымен де айналысқан. Екі заман шегінде халқының саны 600 мың, ал жарақты әскері 120 мың екен. Шығыста көбіне-көп үйсіндермен соғыс жағдайында болған, батыс пен түстікте отырықшы жұрттармен сауда, алыс-беріс қатынасқа бейіл берген. Ғұн империясының ыдырау кезеңінде Үйсінге қарсы күресте Солтүстік ғұндарға арқа сүйеуге тырысады және елеулі табысқа жетеді. Бірақ көп ұзамай, ғұндардың өзі Қытайдың  жаңа шапқынына ұшырайды һәм аймақтан ауа көшеді. Туыстас әрі бақас Қаңғар және Үйсін ұлыстарының арасында бастапқы тепе-теңдік қайтадан қалпына түсіпті. Қаңғар біршама заман Орта Азия шегіндегі дербес жұрт, үлкен күш болып тұрған. Кейінгі тарихы Түрік қағанаттарымен байланысты. Бұдан соң Қаңғар–Бешенек қауымы ретінде мағлұм болған. Ақырғы көрінісі – қаңлы тайпасы деп саналады.

 

4

Ұлы Даладағы Ғұн ұлысын алмастырған Сәнби жұрты – баяғыда Мөде талқандаған, моңғол текті дунху халқының аман қалған бір тармағы болатын. Негізгі мекені – сақараның шығыс атырабы, Хиңган таулары. Малшы, аңшы, жауынгер жұрт. Айрықша көтерілуі – біртұтас Сәнби қағанатын құрған Таншихуай патшаның тұсында (155–181). Шығыс Азия тарихындағы ең дарынды қолбасылардың қатарында саналатын Таншихуай Ежелгі Ғұн ұлысының барлық аймағын ғұзырына келтіреді және Солтүстік Қытайға қарсы соғыс ашады. Бұл заманда Сәнби құдіретті империя танылады. Алайда, жері байтақ, әскері айбынды болғанымен, халқының құрамы әркелкі, ең бастысы – билеуші әулетінің бірлігі кеміс Сәнби ұлысы Таншихуайдан соңғы кезеңде, 235 жылы біржола ыдырайды. Соның өзінде жекелеген бір бөліктері өзінің күш-қуатынан айрылмапты. Бүтіннің жарқасы – ғұн текті табғаш, сәнби текті муюн (мужун) тайпалары дербестік сақтау өз алдына, уақыт өте келе Солтүстік Қытайдың шектес аймақтарын жаулап алып, Табғаш, Янь, Тоғон аталатын патшалықтар құрады (сәйкесінше 236–376, 337–410, 312–663 жж.). Ақыр түбінде мұндағы көшпенді жұрт та түгелімен қытайланады, жаңа құрылымдар – түрік емес, сәнби емес, қытай мемлекеті болып шығады.

Бұл үш патшалықтың ішінде ғұн-түрік нәсілді табғаш жұртының тағдыры өзгеше. Иньшань тауларының түстік-шығысында берік орнығып, бір жарым ғасырға жуық, әжептәуір ұзақ өкім құрған Табғаш хандығын 376 жылы таңғұттар қиратады. Әйткенмен, арада он жыл өтпей, ел қайтадан көтеріліпті. Жаңа әмірші ұлыс есімін қытай рәсімімен Бэй Вэй (Солтүстік  Вэй) деп өзгертеді (496 жылдан бастап Юань Вэй). Табғаш этнонимінің қытайша нұсқасы – тоба, сондықтан ежелгі тарихта бұл ғұн-қытай патшалығы Тоба Вэй деп те аталады. Жігерлі, жауынгер хандар әулеті басқарған Тоба ұлысы (386 – 534) әскери қуаты және епті саясат нәтижесінде іргелес үлкенді-кішілі ғұн, сәнби, қытай иеліктерін түгелдей жаулап, бүкіл Солтүстік Қытайды біріктіреді. Билеуші әулеті түрік текті, бірақ негізгі жұрты қытай болған Тоба Вэй патшалығы шын мәнісінде Солтүстік Қытай империясы ретінде қалыптасады және Византияда “Табгач”, араб-мұсылман әлемінде “Тамғадж” атауымен мағлұм-мәшhүр болады. Көпшілік халқының ыңғайы hәм билік  жүйесінің орайымен, уақыт озған сайын ұлыс шегінде қытай тілі, қытай рәсім-салтының ықпал-әсері арта түседі. Патшалық әулет будда дінін қабылдағаннан соңғы кезеңде далалық рух мүлде дерлік жоққа саяды. Бұл тараптағы қарсылық атаулы қатал жанышталып отырады. Сонымен қатар, ежелгі жұрттың жауынгерлік қабілеті  ғана емес, өзін-өзі қорғау түйсігі, нәсілдік санасы да әлсіреп біткен екен. Ақыры, 535 жылы, қарама-қайшы ұғымдағы билеуші әулет қақ жарылып, үлкен мемлекет екіге бөлінеді. Қытайшыл табғаштар ұлысы Дун Вэй (Шығыс Вэй) атанады, ежелгі астана мен жергілікті қауым тығыз қоныстанған аймақты иеленіпті; көшпенділер дәстүрін сақтауға ұмтылған табғаштар ұлысы Си Вэй (Батыс Вэй) атанады, Ұлы Далаға шектес өлкеге орнығады. Әйткенмен, өзара жаулас екі ұлыстың да ғұмыры қысқа болыпты: 550 жылы Шығыс Тоба астанасы Чаңьань, 556 жылы Батыс Тоба астанасы Лоян қытай текті ұлықтардың өкіміне біржола көшеді. Енді аты да, заты да өзгерген екі патшалық құрамындағы, онсыз да ұлттық кейпінен айрылған қарашы жұрт – ғұн мен сәнби біржола қытайланады, бәлкім, Батыс тараптағы әлдебір топтар ежелгі қоныс – Ұлы Далаға қайтып оралған болуы. Ал билік басында отырған заманның өзінде қытай саясатын ұстанған табғаш тайпасының есімі – жалғас кезеңдегі сақара жұрты үшін қытай атауының синонимі ретінде қалыптасып, бар тарихқа еніпті.

Осы бір бұлыңғыр заманның соңында Ұлы Далада жаңа бір жауынгер ұлыс – Жужан қағанаты орнаған еді. Жужандардың нәсіл-тегі нақты анықталмаған. Сірә, сәнбиге туыс болса керек деседі. Бәлкім, ғұн тектес. Анығы – билеуші әулеттің нәсіл-тегі қандай болса да, қара бұқарасы құрама. Көшпенді, малшы, аңшы жұрт. Киіз үйлерде тұрған. Әуелгі мекені – Гоби шөлінің түстік тарабы болған. Ұлы Дала елдігінен айрылған кезде Тоба патшалығына тәуелді екен. Ақыры, өктем жұртпен жауласа жылжып, кейінгі Сәнби, бұрнағы Ғұн ұлысына тиесілі аймақты түгел бағындырады. Бір тарабы Алакөлге жетіп, екінші қанаты Үлкен Хиңганнан ары асады. Қағанат құрамында шығыста – моңғол текті шивэй, қидан, орталықта – түрік текті теле бірлестігі, батыста – түркіт және дулат тайпалары болған. Ұлы Дала шегінде 350-550 жылдар аралығында өкім құрған Жужан қағанатының бар ғұмыры Қытай патшалықтарымен соғыс үстінде өтеді. Алайда, әскери қуатының арқасында тепе-тең күрес жағдайында өзінің елдігін сақтап тұрған. Ақыры, қатер басқа жақтан келіпті. Орталық өкіметке қарсы көтеріліске шыққан Алтай түріктері (түркіт) Ұлы Даладағы түрік текті тайпалармен бірлесе отырып, 551 жылы айбынды ұлыстың Анахуань қаған бастаған қалың қолын қиратып жеңеді. Ал 555 жылы Жужан қағанатын біржола талқандап, Ұлы Дала шегінде жаңа бір қуатты құрылым – Түрік қағанатын орнатады. Бұрнада Жужан ғұзырында болған ру-тайпалардың көпшілік бөлігі жаңа ұлыс құрамында ұйысып, бірыңғай тіршілік орайында одан әрмен туысып, жақындаса түседі. Ал қағанаттың қиыр батысындағы қалың бір топ – сірә, ол да құрама, жиыны отыз мың шаңырақ төтенше бодандықты қабылдамай, одан әрмен – Сары-Арқаға қарай ауа көшіпті. Бұл жерде де тұрақтамай, үдере жылжыған беті Еділден өтеді, жергілікті әрқилы халықтарды ығыстыра соғысып, Дунайды жағалап, Карпаттан асып, Паннония – бүгінгі Венгр жазығына барып орнығады. Сол жерде Абар қағанаты аталатын жаңа бір ұлыс ретінде ұйысады. Әуелде Шығыс Еуропадағы славян нәсіліне, одан соң бүкіл Орталық Еуропаға үрей болған Абар қағанатының жат жұрттар қоршауындағы жауынгерлік тарихы екі жарым ғасырдан астам, ұзақ уақытты қамтиды екен.

 

5

Түрік қағанатының Ұлы Даладағы өктемдігі 551 жылдан бастау алады дедік. Еуропа тарихшылары қағанаттың құрылуын да осы 551 жылға тірейді. Алайда, ұлыстың ілгесі қалануы бұдан көп бұрын. Бәлкім, жиырма жыл, немесе одан да әріде. Анығы – осы, 551 жылы ақ киізге көтерілген Бумын қағанның содан он тоғыз жыл бұрын, 534, барыс жылы мұрагерлік жөнімен жабғу сайлануы. Біз айғақтаған ерекше бір жағдай – Түрік қағанаты мүшел есебіне негізделген жаңаша, өзіндік жыл санау жүйесін, яғни дербестік туын көтерген ресми тарихын 532 жылдан бастайды екен. Сірә, мүшел басы тышқан жылы болғандықтан. Немесе, Бумынның, бізге есімі беймәлім әкесінің билікке жеткен жылы. (Біз бұл мәселені Орхұн ескерткішіндегі «Күлтегін 17-қой жылы», яғни 731 жылы дүниеден өтті деген ақпар орайында шешкен едік; жаңа түрки күнтізбе “Талас-2” ескерткішінен де айқын көрініс тапқан. – «Жұлдыз» журналы, 1991, №1; соңғы, нақтыланған басылымы – кезекті көптомдық «Шығармалар жинағы», XIII том.)

Кейінгі заманда бүкіл туыстас халықтардың ортақ ныспысына айналған «түрік» – әуелде бір ғана рудың атауы екен (көпше нұсқасы – түркіт). Қытайдың Чжоу патшалығының (м.д. 1027–249) тарихы баяндалған «Чжоу ши»: «Түріктер – Ғұн жұртының өзгеше бір тайпасы», – деп атап көрсеткен. Саны біршама мол, айрықша жауынгер қауым. Сол заманның тіршілік үшін айрықша қажетті, озық өнеріне жетік – кенші, темірші, ұста. Басқа да туыстас жұртпен бірге Жужан бодандығына түседі. Міндетті алым-салығын Алтай кеніштерінен балқытып алған теміртекпен және, бәлкім, дайын темір қарулармен өтейді екен. Шын мәнісінде біршама еркін, дербес күн кешеді. Ақыры, талайы өзгеше Бұмын әкесінің орнына тайпа әмірі жабғу болып сайланғаннан соң көп ұзамай-ақ дербес саясат жүргізе бастайды. Көші-қон мекенін шығыс тарапқа қарай кеңейтеді. 542 – ит жылы Хуаңхэ алқабы, Қытай шекарасына дейін жетеді. Жортуыл емес, іргелі елдің байтақ базарына жол ашу мақсатында. Әзірше бұл тарапта ұрыс-соғыстан тартына тұрады. Кеудеден басып отырған  Жужан қағанатына қарсы күш топтап жатқан. Бұмын жабғу алдымен тегі де, тілі де ортақ, қытай деректерінде «гаогюй» – «биік арбалылар» атанатын теле тайпаларын ғұзырына келтіреді, 50 мың шаңырақ екен. Бұдан кейін ежелгі қытай жұртының терістік-батыстағы үлкен бір патшалығы, қытайланған түрік әулеті билеп отырған Си Вэй ұлысымен одақтастық шарт жасайды. Содан соң бар күшін Жужанға қарсы бағыттапты. Екі ғасыр бойы құдіретті Қытайдың өзін жұлмалаған жанкешті Жужан әскері қирап жеңіледі, бар жасағынан айрылған қағаны өзіне қол салып өледі, Жужан мемлекеті жер бетінен көшеді.

Көп ұзамай-ақ ежелгі Ғұн империясының қоныс-мекені түгелдей Түрік қағанатының құрамына енеді. Ұласу, ұйысу мұнымен ғана шектелмейді. 552 жылы дүниеден өткен Бұмын қағанның туған інісі, серіктес сыңары Естеми қаған (552–576) Батысқа жорық ашады. Орта Азияны түгелімен алып, қазіргі Қазақ даласын көктей өтіп, Еділден асып, Таң (Дон) дарияның сағасына жетеді. Бұмын қағанның тікелей мұрагері Мұқан (553–572), одан соңғы Таспар (572–581) қағандар тұсында империяның Шығыс атыраптағы шегі де өлшеусіз кеңейіп, ел іргесі біржола бекиді. Енді бүкіл Еуразия кеңістігінде түрік салтанаты орнапты. Естеми қаған дүниеден озған шамада Түрік қағанаты Хиңган тауларынан Азов теңізіне дейінгі, Хуаңхэ өзенінен Байқал көліне, Әму-дарияның бастауынан Орал тауының етегіне дейінгі ұлан-байтақ қонысқа жайылған ұлы империяға айналған еді. Бұрнада өздерінің рулық, тайпалық есімдерімен ғана мағлұм туыстас жұрттың жалпыға ортақ ныспысы ретінде түрік атауы біржола орнығады. Далалық ежелгі мәдениеттің тікелей жалғасы әрі жаңғыра дамыған жиынтық көрінісі ретінде біртұтас түрік өркениеті қалыптасады. Алғашқы нұсқалары тым арыда көрініс берген руна текті, кейінде Орхон-Енисей жазуы атанған көне түрік бітігі жаппай қолданысқа енеді. Сөз өнері айрықша дамып, өркендейді, осы орайдағы көне әдебиеттің біздің заманға жеткен озық үлгісі – сол замандағы ұлы тұлғалардың құлпытас ескерткіштері әлемдік өредегі мәдени-рухани мұралар қатарынан орын алады.

Еуразиялық алып империя дәуірінде қалыпқа түскен өзгеше бір тарихи жағдай – алғаш рет Хән патшасы У-Ди тұсында (м.д. 140–87) екі ұштығы ұласқан әлемдік Жібек жолының мән-маңызы артып, Батыс пен Шығысты жалғастыратын ең негізгі күретамырға айналады. Керуен сорабының орталық, ең қиын, алмағайып бөлігі берік қолға өткеннен соң үздіксіз, қауіпсіз сауда айналымы жүйеге түседі және бұдан соңғы тұтас бір мың жыл үрдісінде, патшалықтар ауысып, халықтар алмасып, дүние қаншама өзгеріп жатса да, Жібек жолының бойындағы керуен қозғалысы, соған орай ел мен ел арасындағы экономикалық байланыс, саяси және әлеуметтік әсер-ықпал, рухани ұштастық үзілмеген.

Ұлы Түрік қағанатының әскери ұжымы, жауынгерлік қуаты өз заманының жоғарғы деңгейінде болды. Ал мемлекеттік құрылым жүйесі көшпенді тіршілік орайымен қалыптасқан еді. Жұрт иесі қаған, сонымен бірге бас қолбасы саналды. Бұдан кейінгі, ұлыстың белгілі бір бөлігінің әміршісі – жабғу, әулет ханзадалары – тегін, уәзір есепті бұйрық бектер һәм әртүрлі ру-тайпа көсемдері бейбіт күнде ел басқарса, соғыс жағдайы, жорық, шабыс кездерінде қол бастайды. Қағанат құрыла салысымен-ақ тақау және алыс жұрттармен дипломатиялық қатынасқа айрықша мән беріледі. Әуелде оңтүстік-шығыстағы қытай иеліктерімен тұрақты байланыс орнатылса, уақыт оза келе, қиыр батыстағы Византия, түстік-батыстағы Парсы мемлекеттерімен елші алмасу әдепкі жағдайға айналады. Қуатты Түрік қағанаты алыс жұрттарды айбынымен ықтырып, жақын көршілерін көбіне-көп әскер шығармай-ақ бодандыққа келтіріп отырды. Таспар қағанның заманында бір кездегі өктем Қытайдың солтүстік патшалықтары түрік үстемдігін сөзсіз мойындайды. Ал қаншама жерінен айрылған Иран қорғаныс ұрыстарына көшеді. Түріктің бөрі басты байрағы бүкіл Еуразия Даласында мәңгі-бақи желбіреп тұратындай көрінген.

Десе де, тарих ақсақал айқындағандай, мәңгілік империя жоқ екен. Елу жылдық бірліктен соң ұланбайтақ ұлыста жарықшақ білінеді. Империяның Ұлы Даламен шектелетін Шығыс бөлігінде әуелден-ақ Бұмын қағанның ұрпақтары билік құрған және біртұтас елдің орталық, ұлы қағаны болып саналған. Ал Батыс бөлік – Алтай тауларынан Таң (Дон) дарияға дейінгі ұланғайыр өлкеде Естеми әулеті өкім еткен. Алайда, шартты емес, шын мәнісіндегі бірлік сақталып келген болатын. Енді, ұлы қаған Таспардан соң, Қытай дипломатиясының шағыстырма саясаты нәтижесінде бас орда ішінде алауыздық туып, оның соңы қырғын соғысқа ұласады. Өз жұртын шапқан жаңа қаған Ышбараға қарсы топты Батыс жабғу Қара Чурин қолдайды. Қан майдан одан әрі өршіпті. Тепе-тең жағалас 587 жылы Ышбара қаған өлгеннен соң да тоқталмайды. Дәл осы кезеңде ежелгі Қытайды қайтадан біріктіре бастаған Суй әулеті (581–618) өзінен бұрынғы патшалықтардың бодандық шартынан шығып, одақтастық келісімді тағы бұзып, ашық жаулық жолына бет қояды. Бірақ қатер үстіндегі екі тарап ағайын жұрт бұрынғыдай ұйыса алмайды. Бірлік бұзылып, алалық өрістей түседі. Тіпті, Қара Чуриннің Суй мемлекетімен соғысында Шығыс түріктері қытай жағына қолдау көрсетіпті.

Ұлы Түрік қағанатының шегіндегі өзара қырқыс жиырма жылға созылады, екі жақ та қалжырайды, бірақ ешқайсысы түбегейлі жеңіске жете алмайды. Ақыры, 604 жылы Ұлы Түрік империясы Батыс және Шығыс болып қақ жарылып тынады. Қара жұрт – Ұлы Дала Шығыс қағанат иелігінде қалады,  біржола бөлініп шыққан Батыс қағанатпен аралық шекара Алтай тау жоталары арқылы белгіленеді.

Арада азғана уақыт өткенде Ежелгі Қытай жұртының билігі болашақта даңқты Таң әулетінің (618–907) ғұзырына көшеді. Алда қиын күрес жылдары, ауыр заман тұрған.

 

6

Көп ұзамай-ақ ес жиған Батыс қағанат іргеленіп, ежелгі империялық саясат пен жаулау соғыстарын одан әрмен жалғастырады. Кейінгі тарихшылар Батыс Түрік қағанатының алдында Персия мен Византия тітіреп тұрды, бұл кезде қайтадан көтерілген Қытайдың өзі есептесетін болды деп жазады. Сол замандағы Қытай елшісі Сюань Цзан қаған ордасының сән-салтанатын таңырқай отырып сыпаттайды. «Батыс дүңгенелері ешқашан да мұншама құдірет-күшке жетіп көрмеген еді», – деп жазылған «Таң шу» – «Таң тарихында». Соған орай Батыс Түрік қағаны Византиямен арадағы елшілік жолдамасында өзін «Жеті жұрттың және жеті ықылымның ұлы падишахы» деп атапты. Қағанат территориясы Шығыста Алтайдан құлдап, Тарым алқабына жетсе, батыста Қара теңіздің теріскей жағалауы, Қиян Далаға дейін, түстікте Сыр мен Әмуден өтіп, қазіргі Пәкстанның солтүстік-батысы, Ауғанстанның түстігіне дейін созылады. Бағынышты бөгде жұртқа түрікше мәртебе беріледі және барлық жерде қағанның арнайы өкілі отырады. Ал билеуші жұрт түрік қауымы – «Он Оқ бұдұн», яғни он рулы ел атанады. Он ру екі тапқа жіктеліпті. «Таң тарихының» айтуынша, бір тарапта – бес ата (немесе бес аймақ) Дулу, екінші тарапта – ол да бес бөліктен құралған Нушиби тобы. Таратып айтқанда, Дулу өлкесінің құрамы:      1) чумугунь, 2) хулуву, 3) нешетидунь, 4) туциши хэлоши, 5) шуниши чубань; Нушиби өлкесі: 1) асиги, 2) вешу, 3) басайвань дуншибо, 4) асигу-нишу, 5) гешу-чубань. Түрік халықтарының тарихи тамырын, ондағы ру-тайпалар құрамын түбегейлі зерттеген  Н.Аристов нақты дәлелдер арқылы бүкпесіз, ашық айтқан. Ежелгі қытай жазуының осынау транскрипциясын бажайлап тексерсек, «аталмыш рулардың қазіргі қырғыз-қазақ және қара қырғыз халықтарының құрамында әлі күнге сақталып тұрғанын көреміз», дейді. Одан әрі таратып жазған. Әуелгі бес аймақтың жалпы атауы дулу – қазіргі қырғыз-қазақтың Ұлы жүзінің құрамындағы дулат тайпасы, күні бүгінде Іле мен Шу алқабында отыр, дейді. Бұл топтағы алғашқы аталған чумугунь (чумоукоуэн) – Кіші жүз құрамындағы шөмекей деп танылуға керек, бұл тайпаның құрамына қытай деректерінде үнемі чумугуньмен бірге аталатын чуми және чуюе рулары да енген болуға тиіс. Ал енді бесінші аймақтағы шуниши – қазіргі дулат құрамындағы жаныс, бұл атауға қосарлана тірескен чубань (чипан) – дулатпен ағайын суан руы деп айғақтайды Н.Аристов. Ал нушиби тобына келсек, тізімде бірінші тұрған және төртінші қосардағы асиги (ассиикиа) – қара қырғыздың сарбағыш және солты тайпаларының құрамындағы ассық сүйегі депті. Біз өз тарабымыздан сонымен қатар  Кіші жүз он екі ата байұлы құрамындағы үлкен ысық руына сілтеме жасар едік. Ал екiнші және бесінші аймақтағы вечу (кочу) мен гешу (коушу) – қара қырғыз бұғы мен солты құрамындағы кучук деп шамалауға болады, сонымен қатар, қазақ жалайыр ішінде де дәл осындай ата бар, дейді. Бұлардың бәрі де бағзы заманнан ежелгі үйсін жұртында қоныстанған, жергілікті рулар, деп қорытады бұл тараптағы барлық байламын Н.Аристов.

Дулу және Нушиби аймақтары турасында «Таң тарихында» келтірілген деректер – Батыс Түрік қағанатының Қытай иеліктерімен жапсарлас шығыс бөлігі – Талас, Жетісу, Жоңғар алабына ғана қатысты мағлұмат екенін аңдау қиын емес. Қытай деректерінде Нушиби қонысы – Ыстық-көлдің түстігі мен батысында, ал Дулу қонысы – көлдің шығысы мен терістік тарабында деп нақты көрсетілген. Әлбетте, аталмыш ру-тайпалар мекені – ұлыстың орталық, жиын жерлері. Қай бағытта да Батыс қағанат шекарасы әлдеқайда кең болғаны мәлім. Жайықтан өтіп, Еділден озып, Днепр – Үзе-дарияға дейін созылып жатқан. Десе де, Жетісу – бүкіл қағанаттың ең негізгі, ұйықты ордасы саналыпты. Ел астанасы – Шу алқабындағы Суяб қаласы болды. Жаздық Орда – Исфиджаб (Сайрам) төңірегіндегі Мыңбұлақ екен. Негізінен бүгінгі Қазақстан шегін және онымен іргелес аймақтарды қамтыған Батыс Түрік қағанатының ең дәуірлеген кезеңі – VII ғасырдың алғашқы ширегі. Бұрнағы Ұлы Түрік ұлысының бір бөлігі бола тұра, жарым дүниені алып жатқан.

Дереккөз: arasha.kz

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>