• warning: Declaration of views_handler_filter::options_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter::options_submit(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_submit($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_boolean_operator::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter_boolean_operator.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_term_node_tid::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/modules/taxonomy/views_handler_filter_term_node_tid.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_argument::init(&$view, &$options) should be compatible with views_handler::init(&$view, $options) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_argument.inc on line 0.

Қазақ сайттары: Рейтинг қуудың соңы қайда апарады?

19 Март, 20165205


Ғаламтор мәдениетінің жаңа серпіні дамыған елдердегі этностардан гөрі, дамушы елдердегі этностардың «бәріне аңтарыла қарау» сезімін тудырды. 

Рейтинг пен сенсация

Бұған өзгені емес, бүгінгі қазақстандық ақпарат саласын мысалға алуға болады. Интернет енгелі бері жыл өткен сайын біздің ұлттың бойынан бұрын онша таныс емес «жат қылық» күннен күнге өршіп, сүзгісіз қабылдау мен танымсыз, тоқтаусыз ұрандау ғадеті пайда болды. Осыдан оншақты жыл бұрын ақпарат әлемінде салиқалық, салқынқандылық, сараптамаға жүгіну тән болса, бүгін тек рейтинг қуалау, сенсация жасау, елді таңғалдыру, арсыздықпен болса да ат шығару етек алды. Ақпарат тасқынының толассыздығы сондай, бірінен соң бірі сана есігін дүрс-дүрс ұрады… Бұл тасқынды бөгеу бекершілік, оның пайдалысы мен зияндысын іріктей, сұрыптай алатын ұлттық сүзгі отандық ақпарат құралдары болуы керек-тін. Өкініштісі, қазақ сайттары ондай қауқарға ие емес.

Мұның бірнеше, тіпті ондаған себебі болуы мүмкін. Қаржының жоқтығы, жаңа медиалық ресурстарды білетін кадрдың тапшылығы (қазір олардың саны артып келе жатқаны көз қуантады), мемлекеттік мүдде мен ұлттық идеологияның тоқайласар тұсының белгісіздігі, қазақ тілінің (мемлекеттік тілдің) билікке өтімсіздігі, кәсіби журналистерден гөрі өзін танытуға құмар бір топ (бәлкім, мыңдаған) даңғазасы басым жазармандардың «жұлдызға айналуы», журналистиканы яки блогер болуды суретке түсу мен «анда жүрмін, мында жүрмін» хабарласы деп қана түсінетін «әуесқойлардың» молдығы, ғаламторды тұтынушылардың «бәріне аңтарыла бас шұлғитын» балаңдығы (надандығы деуге ауыз бармайды) және қазақтілді (арнайы айтып отырмыз) сайт басшылары мен жетекшілерінің көпсандысының тоғышарлығы мен ізденуді емес, көшіруді құп көретіндігі, орыстілді сайттарды басып озам деген есек дәмемен оларды айнытпай қайталап, кейде олар бармайтын арсыз атаққа ұмтылатындығы себеп болып отыр.

Және осы мағынасыз һәм бетінің кірі бесбаттам ақпаратты елден бұрын қағып түсіруді ойлап, мониторға тесілумен күн өткізіп жүр. Аналар біздегі сайттардың ырың-жырыңы мен қоқыс толы архивтерін енді немен үстемелейміз деп, келесі «сенсациясын» әзірлеуге ұмтылады. Көп өтпей «қақырық пен түкірікке» толы келесі ақпаратын іле қояды да, мұны қайсыларың жерге түсірмей жұтар екенсіңдер дегендей, аңдып, «ноқал қазақтардың» таласқа толы жанкештілігін сырттай бақылап отырмақ.

«Қақырық пен түкірік»

Меніңше, бәрін қайталап, малта езудің қажеті шамалы, ең басты кілтипан қаптаған қазақтілді сайттардың бір-бірінен айнымайтын, бағыт-бағдарсыз, мазмұнсыз, жылтыраққа құмар, «өлді, атты, шапты, асылды, зорлады» деген етістіктердің айналасынан ғана өздерін іздейтін біліксіздігінен туындайды.

Әйтпесе, осыншалықты жуынды-шайындыны ұсыну арқылы рейтинг жинар болса, бүгіндері біздің сайттардың басым бөлігі «зероның» төрінде малдас құрып отырар еді. Оған әлі жете алған жоқ. Жете алмайды да. Бірінің өкшесін бірі басып, мен сенен оздым деп мәз болысқанымен, орыстілді ақпараттардың шаңына да ілесе алмай келеді. Себебі, орыстілді сайттар бұл тақырыптарды біздің әлгі арзан атаққа құмар сайтсымақтар мың жерден тыраштанса да, елден бұрын халыққа ұсынып, ал енді сендер шулаңдар деп қарап отырады. Біздің өздерін ақылман, оқырманды тобыр деп ойлайтын ондаған сайт енді жапа-тармағай олардан іліп алып, жыртыс жыртқандай мәз болысумен әуре. Және осы мағынасыз һәм бетінің кірі бесбаттам ақпаратты елден бұрын қағып түсіруді ойлап, мониторға тесілумен күн өткізіп жүр. Аналар біздегі сайттардың ырың-жырыңы мен қоқыс толы архивтерін енді немен үстемелейміз деп, келесі «сенсациясын» әзірлеуге ұмтылады. Көп өтпей «қақырық пен түкірікке» толы келесі ақпаратын іле қояды да, мұны қайсыларың жерге түсірмей жұтар екенсіңдер дегендей, аңдып, «ноқал қазақтардың» таласқа толы жанкештілігін сырттай бақылап отырмақ. Оларға керегі сол – өздерінің «қақырығын» ұсынып, онсыз да беделі аз қазақ интернет әлемінің ұсқынсыз, мәнсіз дүние екендігін айпарадай әшкерелеу.

Басқаны айтпалық, егер қазақ сайттары көшіргіш болса, жібі түзу, бүгінгі қоғамның жанды жарасын анықтауға ұмтылатын, ойлы да тұшымды дүниелер орыстілді сайттарда өріп жүр. Ағылшын тілін білер аудармашылар табар болса, тіптен көп. Біздің сайттарымыз оларды көруге, оқуға қызықпайды. Ондағы мақсаттары – олардың пайдалы, әсерлілігін сезбеуінде емес, «оқырман қажетсінбейді» деген жалаң сенім және «рейтингке пайдасы тимейді» деген ішкі менмен пиғыл. Егер осы шын мәнінде қоғамды алапеске айналдырар ақпараттарға жұмсаған күшін сана сүзгісінен өткізіп, пайдалы, мағыналы, ой саларлық мақалалар мен өзекті ақпараттарға жұмсаған болса, онда біздің оқырмандар да «адамдық кейіпте» тілдесіп, өзінің тілі мен ділінің, тарихы мен рухының өзгелерден кем еместігін аңдар еді және тұрақты контенті пайда болар еді. Қазір «арзан күлкі» мен көрсең құсқың келетін жалаңаш видеоларды күн-түн демей ұсынып отырған сайттардың тұрақты контенті бар деп айта аласыз ба?! Жоқ. Өйткені, олар ұсынған «сүбелі» дүниені кез келген әлеуметтік желі қолданушысы ерінбей-ақ тауып алады. Бүгін сенен кезіктірсе, ертең сен секілді тағы біреуден көреді. Тек ерінбей ұсына бергендіктен, біраз уақыт оқырман жинап, екі етегің делдеңдер-ау, бірақ олар тұрақты оқырманың болмақ емес. Күні ертең есейер, жалығар. Тек сен жалықпайсың. Өзіңнің келесі «буын» оқырманың үшін арыпталасып, екі борбайыңнан су аққанша өңмеңдеумен күн өткізесің…

Жазасыз қылмыс

Жоғарыда айттық, біздің халық «өзінің түк білмейтіні» үшін қорынып, «бәріне аңтарыла қарап», соның есесін қайтару үшін жанталасуда екендігін. Осы қуатын оңды бағытқа бұрар ақпарат болмағандықтан, олар тобырлықтың тұңғиығына қарап, мелшиіп тұр…

Бұрын біз телеарналарды, олардың жұлдызқұмар, сенсация іздегіш міскін халдеріне алаңдаушы ек, осы кезде олар біздің интернеттік басылымдардың шаңына да ілесе алмай қалды. Олар (телеарналар) бүгінгі сайттарға қарағанда әлдеқайда қауқарсыз екен… Ұзақты күн әлеуметтік желілерде отыратын миллиондаған көрерменді (оқырманды) қан-жын аралас лас ақпаратпен мелдектетіп, олардың тұтас болмысын лайлап отырып, біздің сайттағы әріптестеріміз «бұл елдің болашағы бұлыңғыр, біз күресіп-ақ жатырмыз» деп «келелі әңгіме» айтып отырғанын көргенде және сол сөздеріне өздері еш күмәнсіз сенетіндерін байқағанда, сізге өтірік, маған шын, жаның мұздайды. Ел үшін, отан үшін, ұлт үшін емес, ақша үшін, атақ үшін, рейтинг үшін «күн отырмай, түн ұйықтамай» еңбек ететіндерін бір уақ мойындаса, иманынан айналмайсың ба?!

Бір нәрсені ашып айту парыз: адам өлтірген, қыз зорлаған, біреудің арын таптаған, жан түршігерлік хайуандыққа барған азғын пақыр қандай қылмыскер болса, жазбақ түгіл айтуға тілің күрмелер, көруге жүзің шыдамас жаманаттың бәрін әлемге жар салып жүрген сайттар да сол қылмыстың себепкерлері… Ар мен ұждан алдында, ұлт болашағы алдында оларды ақтауға, жақтауға дәтіміз жетпейді…

Газеттердің халі

Қазір әлгі атақшылдар кісімсініп, жақтырмай қарайтын қазақ басылымдары, газеттер мен журналдардың басым бөлігі ылғап, екшеп, барынша, шамаларының жеткенінше пайдалы дүние ұсынуға ұмтылады. Егер сол материалдар болмаса, онда бүгінгі қазақ интернеті тек «қара ноқаттармен» безендірілген ең мүсәпір кейіпке енер еді. Өкінерлігі, дәстүрлі басылымдардың дәрменсіздігі, оған мемлекеттік және оқырмандық көзқарастың суықтығы олар жазған дүниелердің тасада қалуына себепкер болып тұр. «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Ана тілі», «Жас өркен» ұжымы, «Түркістан» бастаған ірі мектеп боларлық басылымдар мен облыстан шығатын тарихы бар газеттердің таңдаулы мақалалары мен сараптамаларының бүгінгі «жұлдызды» сайттардың кез келген қоқыр-қоқсығынан өлігі артық. Шарасыздан кей кездері олар да «сенсация» жасап көрмек болады, олары мына шу-шу еткен желөкпеленген ортаға «өтпей» қалады да, амалсыз бұрынғы аяңына басады. Бұл басылымдармен балама боларлық тәуелсіз басылымдарға мемлекет қолұшын берер болса, кәсіби журналистер шоғыры әлі-ақ уланған оқырмандардың біраз бөлігінің бетін бері қаратар еді. Дәстүрлі басылым мен жаңа медиа ресурсының орта тұсын дәл таба білетін модернизация қажет-ақ.  Оны ойлайтын билік қайдан болсын! Оларға да оқырмандардың «гөлайтшыл» шуылдақтығы керек…

Егер ерінбей зерттесеңіз, «жуындымен» күн көріп отырған сайттардың көбінде кәсіби деңгейі жоғары журналистер жоқтың қасы. Барының өзі «жолы болмағандар» мен талғамы тайыз жазармандар. Сондықтан да болар, басқасын айтпай, тек жалаң ақпараттардың тақырыптары мен аңдатпасын ақтарыңызшы, толып жүрген қателіктерге кезігесіз. Қазақ тілін қорлаудың мұндай сорақылығы бұдан бұрын болмаған да шығар. Сөйте тұрып, біздің әлгі шуылдақ сайттағы «журналистеріміз» халіне қарамай, кәсіби журналистер мен салмақты басылымдарды келеке ете: «Ана газеттегілер не істеп жүр осы?» деп мысқылдаудан бір сәт арланбайды.

Оптимистік көзқарас бар ма?

Біз барлық сайтты бір шыбықпен айдаудан аулақпыз. Мәдени-әдеби, рухани салаларға бейімделген, имани әлемге шақыратын біршама талғампаз сайттар бар. Саяси сараптамасы тәп-тәуір бірер интернет басылымдар кезігеді. Тым аз. Қазақ сайттарының көшбасшысы «Abai.kz»  порталының өзі ай санап көбейе түскен қалың шуылдақтың ортасында қалып барады…  Бағыты, бағдары оңды сайттардың үнін мына «аламаншыл» топ естіртер емес, ойлы қауым санасқанымен, кеуделеп болмайтын, өзінің білімсіздігін айғайымен бүркемелегісі келетін сайттардың тізгін ұстарлары ең негізгі контент болуға тиіс жастарды өздерінің «қораларына» кіргізіп алған, оларды бір мезет бос қалдыруға, ойландыруға мұрсат бермейді және сонысын «ұлт алдындағы қызмет» деп ұғады.  

Бұдан шығудың бір-ақ жолы бар: қазіргі қазақтілді медиаресурстарға шытжаңа модернизация керек. Бұған ең алдымен билік, сосын ақпарат құралдарының басшылары мүдделі болғанда ғана, көштің беті кері қайтады. Жаңа жол, жаңа жосын іздейді. Ал онсыз ұлттық танымымызды күлге айналдырып, одан шыққан қара жалынға дірдектеген бейбақ сүлдерімізді жылытуымыз мүмкін. Оптимистік көзқарас ұсынар жан болса, мархабат!

Т. ТАҢЖАРЫҚ

Дереккөз: dalanews.kz

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>