• warning: Declaration of views_handler_filter::options_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter::options_submit(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_submit($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_boolean_operator::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter_boolean_operator.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_term_node_tid::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/modules/taxonomy/views_handler_filter_term_node_tid.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_argument::init(&$view, &$options) should be compatible with views_handler::init(&$view, $options) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_argument.inc on line 0.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Еңбек еткен ұлт қана табысқа кенеледі

22 Желтоқсан, 201114646226


Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен, 3 айтулы оқиғаны біріктірген «Индустрияландыру күні» өтті. Ол бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі конкурс жеңімпаздарын марапаттау салтанатымен ашылды. Қазақстан көшбасшысы бастамашы болған «Парыз» сыйлығы жомарттық көрсетіп, жан-жағындағы жұртшылықты қамқорлығына алған, өз қоластындағы қызметкерлерін де қолдаудан қақпайтын компанияларға тапсырылды. Осыдан кейін Президентінің «Алтын Сапа - 2011» сыйлығының лауреаттары мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының дипломанттарына сый-қошеметі көрсетілді.

«Индустрияландыру күнінің» негізгі шарасы - «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз! Алға Қазақстан» атты ІV Жалпыұлттық телекөпір болды. Оның барысында өз аймақтарынан бейне-байланысқа шыққан облыс әкімдері Мемлекет басшысына Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелері және Азаттықтың 20 жылында өз аймақтарында қол жеткізілген жетістіктер туралы баяндады.

Бірінші болып, телекөпірге шыққан қостанайлықтар Индустрияландыру жобаларының жетістіктерінің ортақ қоржынына Соколов-Сарыбай комбинатының жаңа секциясын қосты. Облыс әкімі Сергей Кулагин өңірде 24,6 млрд теңгенің 28 жобасы жүзеге асқандығын мәлім етті. Ал Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігінің №17 технологиялық секциясы жобасына 7,3 млрд теңге жұмсалыпты. Бұл жобаның арқасында темір кені концентратын шығару 1,2 млн тоннаға артпақ. Осылайша, жылына 18 миллион өнім өндіруге жол ашылды. Ресейге, Қытайға экспорт еселенеді. «Бұл шынында қажет еді, - деді Н.Назарбаев. - Бұл жаңа өнім, қосымша құны жоғары. Құрылысшылар да, пайдаланушылар да жүргізілген жұмысқа қанағаттанады деген ойдамын».

Кеңес Одағы келмеске кеткенде, Маңғыстау облысының бар өндіретінінің 90 пайызын мұнай құрапты. Қазір өңір өнімнің неше түрін шығарады. Телекөпір кезінде маңғыстаулықтар Мемлекет басшысына «ай-ти» саланың жобасын - «Caspіy electronіcs»-тің «Аққу» брендімен планшеттік компьютерлер, теледидарлар мен мониторларды құрастыру зауытын іске қосуды ұсынды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, тіпті бұл «планшеттік компьютерлер сапасы танымал басқа маркалардікіне пара-пар» көрінеді. Әрі онда қазақ қаріптерін теруге болады. Сосын бұл компьютерді қосқанда «Дедімай-ау» халық әнінің әуезі орындалады екен. Бағасы да қолжетімді көрінеді. «Алғашқы партиясын орта мектептерге жіберуді жоспарлап отырмыз» деді аймақ басшысы. «Осы жылдар ішінде Маңғыстау өңіріне мемлекет тарабынан ұдайы көңіл бөлініп келе жатыр. Ақтаудың төңірегінде жаңа еркін аймақ пайда болды. Бұл инвестиция тартуға пайдасын тигізді» деді Президент. Кәсіпорында күніне 280 планшеттік компьютер, 180 монитор және 220 компьютер құрастырылмақ. Ақтөбе облысы ел мен Елбасына «Қазақойл-Ақтөбе» компаниясының газ өңдеу зауытын тарту етті. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл зауыттың өңірдегі ҮИИД бағдарламасы аясында өңірде іске қосылатын 27 жобаның бірі екендігін жеткізді. Оның мәліметінше, зауыт жылына 420 млн текше метр газ өңдеуге қауқарлы. Оған 41,7 млрд теңге инвестиция салынған. «Бізде Ақтөбе облысы - мұнай-газ өндіретін маңызды өңірдің бірі, - деді Н.Назарбаев, - газ өндіру Қазақстанға қажет. Сондықтан оны жылдан-жылға өркендетіп келе жатқан Ақтөбе облысына ризашылығымды айтамын».

Жамбыл облысы Қазақстан көшбасшысының «Салауатты ұлт» қалыптастыру жобасына үлес қосыпты - өңір Елбасының қолдауымен, онлайн режимінде Жамбыл облысының Айша бибі селосындағы медициналық киімдер шығаратын зауытты ел игілігіне тапсырды. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев осы «озық технологиялы жаңа өндіріс арқылы еліміздің сұранысын толығымен қамтамасыз етуге» ниетті көрінеді. Жылдық өнім шығару қуаты 15 миллион дананы құрайтын бұл зауыт бір рет қолданылатын медициналық арнайы киімдер, бахиллалар және саусақты биялай жасамақ. Өндірісте жаңа технологиялар қолданылады екен. Аймақ басшысы «ТМД елдері бойынша алғашқы зауыт болғандықтан, осы кеңістіктегі бәсекелестікте алда болатынын» айтады. «Біз осы жұмысты бастағанда, Қазақстанның медициналық құралдармен және жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен өзін-өзі 10 пайыз ғана қамтамасыз ететінін айтқанбыз, - деді Мемлекет басшысы, - соны 50 пайызға жеткізуге жұмыс істейтін боламыз. Елімізде бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде» дей келе, «өте керекті зауыт» деп бағалады.

Кезек Қарағанды облысына келгенде, «Жоғары технологиялар тек өндіріске ғана емес, телевизияға да келді» деп хабарлаған жүргізушілер, осы өңірде іске қосылатын домна пешінің голограммасын көрсетті. Облыс әкімі Серік Ахметов Елбасының рұқсатымен Балқаш қаласы жанындағы катодтық мыс өндіретін зауытты іске қосты. Мұнда гидрометаллургияның заманауи технологиялары қолданылады екен. Жобаға 7 млрд теңгеден аса инвестиция тартылған. 210 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл кәсіпорынның іске қосылуымен бірге, Қазақстанда құрамында полиметалдары аз техногендік минералдық түзілістерді қайта өңдеу бойынша жаңа өндірістер бастау алады. «Өңірдің барлық түкпірінде қызу жұмыстар жүріп жатыр, - деді қарағандылықтарға қайырылған Президент, - мен осындай қарқынды барлық әкімдерден талап еткен болатынмын. Шынында, Индустрияландыру - біздің осы кезеңдегі ұлттық идеямыз! Қарағанды ел индустриясының орталығы болып табылады».
Қызылорда облысы қазақтың аңыз-әпсанасында Аяз би «ең жаман шөп» деп тапқан қамыстан тақтайша жасауды жолға қойыпты. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевқа қызылордалықтар жаңа күкірт қышқылы зауытын ұсынды. Облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың хабарлауынша, аграрлы аймақтан индустриялы аймаққа айналған Сыр өңірі 5 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірген. Ол «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы салған күкірт қышқылы зауытының «ТМД-да баламасы жоқтығын», жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретіндігін жеткізді. «Бұл өңірдегі индустриалдық нысандарымен таныспын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев, - Қызылорда халқы сондай өндірістің арқасында жаңаша дамуда. Жаңа жұмыс орындары, жаңа нысандар - осының барлығы Тәуелсіздіктің арқасы!»

Шығыс Қазақстан өңірі Семейде тері илейтін зауытты іске қосуды ұсынды. Кәсіпорын 450 мың ірі қараның терісін өңдеуге қауқарлы. «Нәтижесінде 7 мың жұмыс орны ашылып, бюджетке 23 млрд теңге көлемінде салық түседі» деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Оның айтуынша, Семей комбинаты - «Қазақстандағы тері өңдейтін ең ірі әрі шикізат пен дайын өнім өндіруге қажетті технологиямен жабдықталған жалғыз кәсіпорын». «Бұрын мырыш пен қорғасынды илейтін едіңдер, енді тері илейтін болдыңдар! Бұл да ауыл шаруашылығына аса қажет» деп қуаныш білдірді Елбасы.
Кенді Қарашығанақтан байланысқа шыққан Батыс Қазақстан облысының басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов көмірсутегі шикізатын тазалап, өңдейтін қондырғыны алға тартты. «Ресейден келетін электр қуатына тәуелдіктен құтылғандарыңыз қуантарлық жағдай! - деді Президент, - жалпы, облыс ауыл шаруашылығы жағынан да, индустрия, машина құрастыру жағынан да алда келе жатқан өңір болып саналады».
Алматы облысының әкімі «Байсерке Агроның» 10 түрлі өнім шығаратын, қуаттылығы жылына 1 мың тонна болатын ет өңдеу кешенін қосуға Президенттің ұлықсатын алды.

Облыс әкімі Аңсар Мұсахановтың айтуынша, сол жерде жем-шөп базасынан бастап, дайын өнімдер шығаратын мал шаруашылығы кластері құрылыпты.
«Мал шаруашылығы, ет, сүт өңдеуді өркендету - облыс үшін өте пайдалы, - деді Мемлекет басшысы, - алдарыңызға қойылған тапсырма бар. Апорт шығаруды жолға қойыңыздар!»
Алматы қаласының басшысы Ахметжан Есімов метроның «Алатау стансасынан» телекөпірге қосылды. «Алматыдағы ірі индустриялдық жобалардың ең елеулісі - өзіңіз жақында іске қосқан метрополитен, - деді ол, Президентке қайырылып, - бұл заманауи, жүрдек, экологиялық көлік түрі. Алматылықтар оны жайлылығы мен ыңғайлылығы үшін бірден жақсы көріп кетті. Күн сайын 30-дан 40 мыңға дейін жолаушы тасымалданады. Сіздің қолдауыңызсыз бұл жоба жүзеге аспайтын еді. Осы үшін құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, алматылықтар сізге алғыс айтады!» Нұрсұлтан Назарбаев метроның құрылысы жалғасатындығын жеткізді. «Мен барлық стансаларды көру бақытына ие болдым. Бұл - бірегей, қымбат, әдемі нысан. Жазда - жанға жайлы, қыста - жылы. Мұндай жоба елімізде тұңғыш рет іске асып отыр. Біз метроның құрылысын жалғастырамыз. Бұл қаланың экологиялық жағдайын жақсартады. Қазақстанда ақыры өз метросы бар қаланың пайда болғандығы менің де жаныма жағады» деді Елбасы.
Астана қаласы өз жобасына осы салтанатты іс-шара басталардан бірер сағат бұрын Н.Назарбаевтың жеке «батасын» ендігі алып алған. Астананың орны бөлек, ол - Президенттің төл туындысы. «Біздің бәріміз - астаналықтармыз!» деп рухтана мәлімдеді кеше Мемлекет басшысының өзі. Бас қаламыз Тәуелсіздіктің 20 жылдығына өз тартуы ретінде «Тальго» жолаушылар вагондарын шығаратын зауытты ұсынған. Бұл ретте де салтанатты рәсімді жүргізушінің алақанында заманауи локомотивтің 5D көрінісі пайда болды. Соның арқасында залдағы көрермендер өнімді әртүрлі қырынан көруге мүмкіндік алды.
«Бұл зауытты салудағы мақсат - заманауи вагондар арқылы Қазақстандағы жолаушылар тасымалы уақытын екі есеге қысқарту еді, - деді Қазақстан көшбасшысы, - яғни Астанадан Қазақстанның басқа қалаларына аттанатын барлық пойыздар жолға қазіргі кетіретін уақытының жартысын ғана шығындамақ. Бүкіл еліміз бойынша жүрдек пойыздар жүретін болады». Президент елорда маңында, сондай-ақ «Еурокоптер» «ЕС 145» тікұшағы да шығарылатындығын айтты.

Павлодар облысында Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы турбоагрегатты іске қосуды бұйырды. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, өңірде жаңа салалар дамып, 45 ірі кәсіпорын ашылған. Жуырда Елбасы Павлодар өңірінде арнайы экономикалық аймақты құру туралы Жарлыққа қол қойған. Бұл маңызды шешім заманауи жоғары технологиялы жаңа өндірістерді ашуға мүмкіндік беріп, электр қуатына деген сұранысты арттырмақ. Сондықтан аймақ басшысының баяндауынша, бүгінгі күні барлық стансалардың энергиялық блоктарына жаңғырту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. «Павлодар Энерго» кәсіпорнының 3-жылу электр стансасында жаңа турбина агрегатын орнату жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде, станса қуаты 65 мегаваттқа өсіп, 505 мегаватты құрап отыр. «Электр қуатының 40 пайызын Павлодарда шығарады!» деді қондырғының жұмыс істеуін құптаған Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы Атырау өңірінде «РауанНалко» компаниясының химиялық реагенттер өндіретін зауытының өз жұмысын бастауын мақұлдады. Бұл өңірде химия өнеркәсібі қанат жаюда. Облыста 4 миллиард 290 миллион теңгенің резина және пластмасса өнімдері шығарылады. Атырау облысы инвестиция тарту жөнінен еліміз бойынша көш бастап тұр: соңғы 3 жылда облысқа 3,4 триллион теңгеден астам қаржы келген. Қазақстан мен Орта Азиядағы газ-турбиналық қондырғыларды жөндеу және сервистік қызмет көрсету жөніндегі жалғыз кәсіпорын осында орналасқан. Облыс әкімі Бергей Рысқалиев бұл химиялық элементтердің «су тазалау үшін коммуналдық шаруашылыққа, көмірсутекті өндіру, даярлау, тасымалдау үшін мұнай-газ саласына қажетті» екендігін түсіндірді. Бұрын осының бәрін шетелден сатып алсақ, енді өзімізде өндіруді қолға алып отырмыз. Аймақ басшысының сендіруінше, өнім «әлемдік талаптарға сай, кейбір компоненттері одан да жоғары».
Солтүстік Қазақстан - астықты өңір. Ол 8,8 миллион тонна астықты ел қамбасына құйған. Еліміздегі ұн мен макарон өнімдерінің төрттен бір бөлігі осы өңірде шығарылады. Қызылжарда өндірілген азық-түлік өнімдері Оңтүстік Азияға молынан экспортталуда. Одан бөлек, бұл жоғары технологиялы ірі өнеркәсіп аймағы: қорғаныс саласының кәсіпорындарында бүгінде мыңдаған маман қайта даярланып, жаңа өнімдер шығаруда. Бұл - Петропавл ауыр машина жасау зауыты, Мұнаймаш, Киров атындағы зауыт және тағы басқалары. Өңір әкімі Серік Билялов кеше байланысқа шығып, Елбасының қолдауымен диірмендік-макарон кешенін қолданысқа берді. Бұл кәсіпорын жылына 4 мың тонна өнім шығарады.

Оңтүстік Қазақстан облысында Президенттің рұқсатымен кеше «Шымкент кашимир» зауыты өзінің алғашқы өнімін шығарды. «Оңтүстік» АЭА аумағында бой көтерген бұл кәсіпорын жүнді өңдеп, одан жіп, көрпе сияқты дайын өнімдер өндірмек. Толық қуатына шыққан соң, зауыт жылына 5 мың тонна тазаланған жүн, 650 тонна мамық түбіт, 100 мың тонна көрпе, 500 тонна жіп жасамақ. Жұмысқа 272 адам тартылады екен.
Қазақстан көшбасшысы телекөпір арқылы Ақмола облысының Степногор қаласындағы өсімдікті қорғаудың химиялық құралдарын шығару зауытын іске қосты. Облыс әкімі Сергей Дьяченко зауыттың жылына пестицидтер мен гербицидтердің 15 миллион литрін өндіретіндігінен және ол өнімнің 20 пайызы экспортқа сатылатындығынан құлағдар етті.

Осыдан соң «халықтық құрылыстар» деп аталған ірі жобаларды қолданысқа беру рәсімі өтті. Президент Н.Назарбаев «онлайн» режимде, Шарын өзенін құрықтаған «Мойнақ» ГЭС-іне өмірге жолдама берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Самұрық-Қазына» жүзеге асырған бұл ірі жоба еліміздің оңтүстігін электр қуатымен қамтамасыз етпек. Бір ғажабы, бұл нысанға бюджет қаражаты жұмсалмапты. «Мойнақ ГЭС-і көптен күткен нысан болатын! - деді Қазақстан Көшбасшысы, - біздің оңтүстігімізде электр тапшы екендігі мәлім. Осы проблеманы шешу үшін бұл нысан аса қажетті әрі тиімді. Оның үстіне, электр қуатының бағасы арзан болмақшы» деген ол, құрылысшыларды, энергетиктерді құттықтады.
2 жылда жалпы құны 155 миллиард теңгені құрайтын 62 жоба Индустрияландыру бағдарламасы бойынша іске қосылып, 3300 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазақстан электролиз зауыты, «Қазэнергокабель», «Каустик» АҚ-ы сынды кәсіпорындар қазақ өнеркәсібін сапалы технологиялық деңгейге көтерді. Ауқымды жобалардың бірі жылына 3000 жүк вагонын шығаратын Қазақстан вагон құрастыру зауыты. Кәсіпорын қолданысқа берілгелі еліміздегі жүк тасымалдау рекордтық көрсеткішке жетті. Жоба халықаралық жүк тасымалындағы қазақстандық үлесті арттырды.

Осыдан соң телекөпір арқылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың Жетіген - Қорғас темір жол желісінің алғашқы іске қосу кешені - жұмыс қозғалысын іске қосты. Қытаймен арадағы «Қорғас» Шекаралық ынтымақтастық орталығы ашылған соң, жүк ағынының көлемі артпақ. Бұл ауқымды «Жетіген - Қорғас» жаңа желісі еңсеруге қабілетті. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші темір жол өтпесі. «Қорғас» Шекаралық ынтымақтастық орталығына «Алтынкөл» стансасы қызмет көрсететін болады. Мұнда барлық қажетті инфрақұрылым салынды. Нұркент атты қалашық салынған, онда тек темір жолшылар ғана емес, халықаралық орталықтың бүкіл персоналы өмір сүрмек.

«Жаңа темір жол желісінің құрылысы дәл уақытында аяқталды. Екі ел арасындағы екінші темір жол желісі пойыздарды өткізуге техникалық тұрғыдан әзір. Бұл Қытайдан Қазақстан арқылы жүк өткізуге орасан зор перспектива ашады. Желіде 2055 теміржолшы еңбек ететін болады» деді «Қазақстан темір жолының» вице-президенті Ерік Сұлтанов.

- Темір жол құрылысы қашанда кез келген мемлекеттің маңызды құрылысы болып саналады, - деді Елбасы. - Біз қысқа мерзім ішінде Қазақстан бойынша 1 мың 300 шақырым темір жол салдық. Ал мына жол Қытай шекарасынан Алматыға дейінгі 390 шақырымды құрайды. Яғни енді қозғалыс жанданады. Арнайы станса салынды. Даму мүмкіндіктеріне ие болып отырмыз. Көлік пен қозғалыс ағыны арта түседі. Бұл біздің экономикамызға үлкен серпін, - дей келе, Н.Назарбаев бұл нысанның «Қытай басшысы Ху Цзиньтаомен тікелей келіссөзінің жемісі» екендігін еске салды. «Мен орталықтың үлкен қалаға айналатынына сенемін» де ол.
«Өзен - Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» желісі де стратегиялық маңызды жоба. Оны ел басшылығына «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Ермек Қизатов ұсынды.
Қазақстан көшбасшысының «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» мега-жобасының бір бөлігі де кеше ашылды. Бұл алып трансконтиненталдық артерия Қазақстанның дамуында үлкен мән-маңызға ие. Жолдың өне бойында орта және шағын бизнестің гүлденуіне жол ашатын инфрақұрылым жолға қойылатын болады. «Сіздің идеяңызбен басталған «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» мега-жобасы басқа елдерде теңдесі жоқ жаһан құрылысына айналды, - деді бейне-байланысқа шыққан Көлік және коммуникациялар министрі Берік Камалиев. - Ел экономикасының күретамыры болатын бұл жол аса жоғарғы қарқынмен іске асырылуда. Магистраль құрылысында 35 мың адам жұмыс істейді. 6 мың техника іске қосылған. Биылдың өзінде осы жолдың 780 шақырымы, ал Жамбыл облысында жаңадан 250 шақырым жол салынды». Министрдің баяндамасын тыңдаған Президент мега-жобаның «Тараз - Шымкент» телімі бойынша көлік қозғалысын бастауға рұқсат етті.

Осылайша, Индустрияландыру бағдарламасы жаңа қарқын алды. 2010 жылы 23 мың тұрақты жұмыс орындарын құрған, 800 млрд-тан астам инвестиция құйылған 152 жоба пайдалануға берілсе, 2011 жылғы бірінші жартыжылдықта 10 мыңнан астам жұмыс орындарын ашқан, 114 млрд теңгеге түскен 75 инвестициялық жоба іске қосылды. Енді міне, екінші жартыжылдықта 35 мыңнан астам жұмыс орындарын құратын, жалпы құны 902 млрд теңге болатын 162 жоба өмірге жолдама алып отыр. Тұтастай алғанда, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің хабарлауынша, 2011 жылда 1 трлн теңге инвестиция тартқан 237 жоба іске қосылмақ.
Және де бұл әлі басы ғана. Қазіргі кезде «Индустрияландыру картасы» шамамен 179 мың жаңа тұрақты жұмыс орындарын құратын, жалпы сомасы 9,6 трлн теңгенің 609 жобасынан тұрады. Осылайша, ҮИИД бағдарламасы жүзеге асырылған екі жылда жалпы жиыны 389 жаңа өндіріс іске қосылмақ.
Өз сөзінде Қазақстан Президенті телекөпір барысында ел игілігіне тапсырылған жаңа жобалардың - өңірлердің Тәуелсіздікке тартуы екендігін айтты. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды торқалы тоймен құттықтады.

- Бүкіл өңірлердегі халқымызды - қазақстандықтарды шын жүрегіммен ерен еңбектерінің жемісімен, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен құттықтаймын! Еліміз өркендеп өсіп, аман-сау болып, бірлігіміз ажырамасын деген жақсы ізгі тілегімді айтқым келеді! - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы индустриялдық бағдарламаны қолға алғанда, мемлекеттің тек қана зауыт, фабрика салуды басты міндет санамағандығын нықтады. «Сол өндірістер халыққа жұмыс істеп, халықтың әл-ауқатын жақсартады деген ойменен жасап отырмыз, - деді ол. - Әрине, біздің еліміздің мұнайға, көмірге, темірге, алтын мен күміске бай екені рас. Оның барлығы жер қойнауындағы байлық. Ол байлық бір күні, ерте ме, кеш пе бітеді. Соған дайындалып, екінші экономика - өндіріс экономикасын құрып жатырмыз. Тек қана сол жағдайда біз бәсекеде шаң қаппай, өркениет көшінен қалмай, дағдарыстардан өтетін боламыз!»
Президент тек ірі бизнестің ғана емес, орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына да жағдай жасалып жатқандығын еске салды. Осы орайда ел басшылығы бизнесті тексерулер түрінің тағы да 30 пайызға азайтылатындығын жариялады. «Бізге шикізаттық емес сектордың экспорты жедел өскені маңызды, - деді Мемлекет басшысы, - бұл сала өндірісінің ауқымы қазірдің өзінде 21 млрд теңгені құрап отыр. Осы салаға салынатын шетелдік инвестиция ауқымы да артып келеді. Өткен жылдары ол 6 есеге өсіп, 2010 жылы 18 млрд доллардан асты. Мұны бір кездері ойлауға да шамамыз келмеп еді. Алайда қызу жұмыстың арқасында бұған да қол жеткіздік».
Елбасы әлем күтіп отырған дағдарыстың жаңа толқынына қатысты да өз ойын айта кетті. Оның ойынша, қазақстандықтар масайрамай, «болдым-толдым» деп арқаны кеңге салмай, керісінше, тынымсыз еңбек етуі керек.

- Бәсекеге қабілеттілік - аса маңызды мәселе. Әлем дағдарыстан әлі айыққан жоқ. Демек, алда не күтіп тұрғанын ешкім де айта алмайды. Бірақ бір белгілісі - біз қапы қалмай, құр отырмай, барлық қатерлерге әзір болуымыз керек. Өткен дағдарыстан жаңарып шықтық, енді кез келген дағдарыстан да солай шығуға тиіспіз. Бұған біздің еңбегіміз, біздің бірлігіміз кепіл бола алады. Еңбек еткен ұлт қана табысқа кенеледі! - деді Елбасы Н.Назарбаев.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>