• warning: Declaration of views_handler_filter::options_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter::options_submit(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_submit($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_boolean_operator::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter_boolean_operator.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_term_node_tid::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/modules/taxonomy/views_handler_filter_term_node_tid.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_argument::init(&$view, &$options) should be compatible with views_handler::init(&$view, $options) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_argument.inc on line 0.

«НАЗАРБАЕВТАН КЕЙІНГІ ҚАЗАҚСТАН - ҚАЗАҚСТАН КҮЙІНДЕ ҚАЛАР»

23 Ноябрь, 201624341


 

Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы дүние салды. Марқұмның отбасына, ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.

Зардыхан Қинаятұлы кез келген мәселеде өз пікірін ашық айтатын, терең білімді, жоғары мәдениетті, шын зиялы еді. Ол кісінің жазған мақалалары, кітаптары мен түрлі басылымдарға берген сұхбаттарындағы айтқан ойлары әлі де маңызын, өзектілігін жойған жоқ.

Төменде осыдан бірнеше жыл бұрын abai.kz порталының тілшісі Өміржан Әбідхалықұлына берген сұхбатынан үзінді жариялап отырмыз. Алдағы уақытта да осы көлемді сұхбаттан үзінділер жариялайтын боламыз!

Arasha.kz

Өмірдерек

Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы 1940 жылы Моңғолия, Қобда аймағында туған. 

 Моңғолия мемлекеттік университетін, Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген.

1975 - 1987 жылдары аралығында Моңғолия кәсіподағы орталық комитетінің хатшысы, 1990 - 1992 жылдары Моңғолия үкіметі басшысының орынбасары және Моңғолия Парламенті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. Моңғолияның жаңа Конституциясын және сол елде жүргізілген саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасаушылардың бірі. 1994 жылы Қазақстанға қоныс аударған.

Өмірінің соңғы жылдары  Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты институтында қызмет еттi.

 «Жылаған жылдар шежіресі», «Моңғолиядағы қазақтар», «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түрік тайпалары», «Көшпенділік ғұмыр» және т.б кітаптардың авторы 

*** 

  Зардыхан аға,  Назарбаевтан кейінгі Қазақстанды қалай елестетуге болады?

-  Назарбаев іс жүзінде қазаққа көп нәрсе жасады ғой. Мемлекет аяғынан тұрып келе жатыр. Қаншама кемшілігі, нешеме шешілмей жатқан мәселелер болғанымен, қазақ халқы бүгінгі заман талабына сай мемлекет ретінде қалыптасты. Назарбаевтан кейінгі Қазақстан - Қазақстан күйінде қалар. Бір адам мәңгі емес қой. Бірақ, демократиялық, конституциялық, үкімет пен халық арасындағы кейбір мәселелер бүгінгіден де тәуір деңгейге көтерілер деп ойлаймын.

- Көш неге тоқтап тұр деп ойлайсыз? Сіздің пайымдауыңызша, көштің іркілуіне қандай себептер бар?

- Көші-қон - Қазақстан мемлекетінің жасаған үлкен ерлігі деуге болады. 1955-1962 жылдары Қытайдан көшіп келген 260 мың қазақтың саны қазір бір миллионнан асып кетті. 1991 жылғы басталған көшпен келген қазақтың саны да миллионға жетті. Әсіресе, 1991 жылдан басталған көшке Қазақстан Үкіметі көп еңбек етті, көптеген іс-шара жүргізді. Бұл көш жалғаса беруі керек еді. Бірақ, кейінгі кезде биліктегісі бар, билікте емесі бар, көші-қонға қарсы көзқарастағы, оны тоқтатқысы келетін адамдардың қарсылығы күшейіп кетті. Тіпті, Жаңаөзен оқиғасындағы қателікті де Атажұртына көшіп келген ағайынға тақты. «Оралмандар деген дайын асқа тік қасық, масыл, жатыпішер. Олар бізге не үшін керек?» деген сарындағы материалдар ресми және өзгеде ақпарат көздерінде көп айтылып кетті. Мен соған қарап, әй, осылар көші-қонға қатысты бір шара қолданады-ау, көші-қон тоқтап қалар ма екен деп қауіптенетінмін. Міне, қазір көші-қон шынымен тоқтап тұр.

Көші-қонды тоқтатпау туралы күрес әлі де жүріп жатыр: жоғарғы жаққа хат та жазылды, халық өкілдері билікке де барып қайтты. Сондықтан бұрынғыдай болмасадағы қандай бір жағдаймен көші-қон мәселесі орнына келіп қалуы мүмкін. Оны бірақ уақыт көрсетеді.

Айналып келгенде, бұл мәселеге Президент қалай қарайды - солай шешіледі ғой деп ойлаймын. Президенттің маңында көші-қонды тоқтатуға ынталы адамдар көп сияқты.

Қазақстан Тәуелсіздігін алған жылдары өз жұртына қоныс аударған өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға қайтадан оралып жатқандығын мемлекеттік телеарналардан жарнамалап, "Атамекеніне оралды" десіп дабырлап жүрміз. Мұны қалай түсіндірер едіңіз? Шетелдегі қазақтарды көшіріп алу саясатының бағыты өзгеріп кетті деп ойламайсыз ба?

-  2012 жылы көші-қон туралы жаңа заң шықты. Заңда көші-қон екі арнада өрбиді деп жазылған. Бірінші, шетелден келетін қазақтардың көші. Бұл бұрынғыдай жаппай көш емес. Оған бірнеше шектеулер қойылды.

Екінші, ішкі көші-қон. Онда бұрын Қазақстанда тұрып, көшіп кеткен адамдардың қайта көшіп келем деген ниеті болса, оған қарсылық жоқ екені заңда жазылған.

- Ал, енді Қазақстаннан көшіп кетіп, қайта келіп жатқандарды мемлекеттік арналардан жарнамалауды қалай түсінеміз?

-  Қазақтардың көбеюіне, қазақтардың келуіне қарсы адамдардың жарнамасы ғой деп ойлаймын.

Моңғолияның жаңа Конституциясын және сол елде жүргізілген саяси-экономикалық реформалардың құқықтық негізін жасаушылардың бірі екенсіз. Қазақстан Конституциясы көңіліңізден шыға ма? Болашақта Конституцияға қандай өзгерістер енгізілуі қажет деп есептейсіз?

-  Қазақстанның Конституциясы көңілімнен шықпайды деп айта алмаймын. Өйткені, Конституция  - халықтың бас заңы. Оны мен көңілімнен шықпайды деп айтуға правом жоқ және азамат ретінде де олай айта алмаймын. Бірақ, Қазақстан Конституциясында ескеретін көптеген жағдайлар бар. Бірінші Конституция 1995 жылы 30 тамызда халықтық референдумда қабылданды ғой. Ал, қазіргі жағдайда Конституцияға көптеген өзгерістер еніп кетті. Мысалы, Конституцияның 98 бабының 34-і пункті, 341 тармақтың 91-і пункті өзгеріп кетті. Әсіресе, соның ішінде Конституцияның негізгі және тіректі, келелі мәселелеріне көп өзгерістер еніп кетті. Мәселен, Президенттің, Парламенттің өкілеттіліктері туралы көптеген дүниелер көп жерде өзгерді. Халықтық референдумда қабылдаған Конституцияның мұншама өзгеріске ұшырауы... Конституцияға Парламент өзгеріс енгізеді де, өздері тарап кетіп қалады. Өткен Парламент туралы айтып отырмын.

Сондықтан, Конституция тұрақты болуы керек. Егер Конституция тұрақты болмаса, мемлекеттің құқықтық негізінде орындалмай қалатын мәселелер шығып жатады.

Конституцияның, барлық заңдардың ең бас төрешісі бізде - Конституциялық Кеңес. Басқа елдерде Конституциялық сот бар. Ал, біздің Конституциялық Кеңестің барлық мүшесі бір партияның адамдары. Кеңестің төрағасын Президент тағайындайды. Осыдан кейін Конституциялық Кеңес Президенттің, Үкіметтің, Парламенттің билігіне қалай бақылау қояды? Мынау теріс деп қалай айтады? Конституциялық Кеңесте ондайда айтатын мүмкіндік жоқ. Сондықтан, біздің елде Конституцияда мынадай нәрсе болмай жатыр, мынадай дүние ескерілмей жатыр деп төрелік айтатын ұйым жоқ дер едім.

Мәселен, Мұңғұлияда Конституциялық сот бар.  Конституциялық сот 9 адамнан тұрады. 9 адамның үшеуін Парламент, үшеуін Президент ұсынады. Қалған үшеуі бейтарап адамдар. Сөйтіп, тоғыз адам жиналады да, Конституциялық соттың төрағасын жасырын дауыс беру арқылы өз іштерінен сайлайды. Ал, Конституциялық сот төрағасының Конституция мен басқада заңдарға байланысты қандай да пікір айтуға толық құқы бар. Бізде ондай мүмкіндік жоқ.

Келешекте біздің Конституцияға сөзсіз өзгерістер кіреді. Ал, Президенттік билік Қазақстан үшін қалуы керек деп ойлаймын. Өйткені, бізде ұлттық жақтан жәнеде басқа жақтардан бұратаналықтар бар. Сол үшін Президенттік билік қажет. Бірақ, Президент пен Парламенттің өкілеттіліктері жөнінде болашақта өзгерістер бола ма деп ойлаймын.

Өз жерінде аз ұлттың қатарында болған қазақ қазір 11 миллионнан асып,  65 пайызға жетті.  Осыған қарап, келешекте Қазақстанда ұлттық мемлекет құрылуы мүмкін екендігін байқайсыз ба?

- Байқамағанда. Президент биылғы жолдауында: «Келешекте қазақ өсіп жатса, Қазақстан Республикасы деген атауды Қазақ Республикасы деп өзгертетін мүмкіндік туады» деп айтты. Бұл сөздерді дұрыс айтылған деп есептеймін. Ұлттық мемлекеттілікке бару керек. Неге дегенде, мемлекет құрушы ұлттың саны 10-15 жылда 70 пайыздан асады. Сол кезде яғни, 2020-2025 жылдарға дейін біз елімізді Қазақ Республикасы деп атап, ұлттық мемлекеттік мәселені Конституцияға енгізетін уақыт келе ме деп ойлаймын. Мен бұған үміттенім отырмын. Себебі, биылғы жолдауда айтылды.

- Елде жүргізіліп келе жатқан саяси-экономикалық реформаларға қандай баға бересіз?

- Барлық мәселеге жауап беремін деп айта алмаймын. Бірақ, көп нәрсе науқаншылдықпен, асығыс шешілді. Жекешелендіру, жерді жекеменшікке беру секілді мәселелер өте асығыстықпен жасалды. Соның ішінде жер мәселесіне қатты қиналамын. Жердің ең құнды бөлігі - қазба байлық тұнған жерлер, суармалы жерлер екі үш елдің азаматтығы бар Мәшкеевич, Ибрагимов, Терещенко, Кулагин сияқты дүдәмал адамдардың қолында кетті. Қазақстан азаматы ретінде олардың да құқықтары бар шығар. Бірақ, жер мәселесіне өте қырағы қарау керек еді.

Мысалы, ерте заманда ғұндардың ханына қытайлар елші жіберіп, кіші ханымдарыңыздың бірін біздің ханға ұзатыңыздар, сөйтіп аға-бауыр болайық дейді. Ғұндардың ханы келісімін береді. Одан кейін мың арғымақ ат сұратады. Оны да береді. Үшінші рет келгенде, бізге аздап жер берсеңіз дегенде ғұндардың ханы жұртына: «Атқа қоныңдар!» деп бұйрық беріпті. Бұл жер деген мәселе әлемдегі ең құнды дүние әрі өмірдің тірегі ұлтарақтай болса да жер.

Қазақстанның Конституциясында жерді жекеменшікке беруге болмайды делінген. Ал, жер туралы заңда жердің 17 пайызы ғана сатылуға болады деп жазылған. Алайда қазір иесіз жер жоқ болып бара жатыр. Мәселен, Мойынқұмның құмының арасында үй салып отыра қалшы, ертесінде-ақ, әлгі жердің иесі жетіп келеді. Я әкімшіліктен, болмаса басқа жерден иесі келе қалады. Мен маңдайымызға жазылған Жер деген құндылығымыздың келешегінен қауіптенемін.

- Жерді тұтастай мемлекеттің меншігіне қайтаруға болмай ма?

- Ол мүмкін емес. Жерді мемлекеттің меншігіне қайтару деген сөз -  жердің меншік иесі қолына бақан алып немесе басқа сайман алып жерін қорғауға кіріседі деген сөз. Дегенмен, пайдаланылмай жатқан, белгілі бір адамның атына рәсімделмеген жерлер бар. Осының бәрін қайта тексеріп, жерге қатысты заңдылықты күшейту керек. Бұл жөнінде жер туралы заңда да жазылған. Бірақ, оны тексеріп, қайтарып алып жатқан жан баласы жоқ.

Билік ауысқан жағдайда келесі биліктің алдынан жер мәселесі нөмірі бірінші мәселе болып шығады дейсіз ғой.

-  Міндетті түрде шығады.

- Зәке, Қазақ тарихының бір парасы Моңғолияда жатыр. Қытайда немесе Моңғолияда сол жерді мекендеген найман, керей, қоңырат, уақтардың мемлекеттіліктері зерттелген бе?

- Мен бұл туралы 2001 жылы «Моңғол үстіртіндегі соңғы түркі тайпалары» деген кітап шығардым. Кітапта жеті тайпаның тарихы қысқаша жазылған. Олар: Керейт, Найман, Жалайыр, Қоңырат, Мерік, Уақ. Бұлар Шыңғыс ханның соғысы кезіндегі  қайшылықтардан бері қарай ауып келген тайпалар.

2006 жылы «Қазақ мемлекеттлігінің тарихы» деген кітап жазып шығардық. Осы кітапта да керейлердің, наймандардың тарихы деген бөлімдер бар.

Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтар наймандар тарихы, керейлер тарихы деген монографиялық еңбектер жазып жатыр. Жалайырлар туралы тарихшы емес адамдар бір еңбек жазды. Бірақ ол еңбекті тарихи деректерге сүйенген, ғылыми негіз бар деп айта алмаймын. Жалайыр, Қоңырат секілді тайпалардың қазақ тарихында үлкен үлесі бар. Қазір біз, институтта Қазақ тарихының 20 томдығын жазып жатырмыз. Соның бір томына мемлекет құраушы ежелгі тайпалардың тарихы кіреді. Оған ежелгі Қытай, Мұңғұл, Шүршіттің тарихи жазбаларындағы тарихи деректер пайдаланылған. Сондықтан, бұл мәселе зерттеліп жатыр деп айтар едім.

Моңғолия да Советке отар ел болды. Олардақұлдық психология бар ма? Бар болса, одан құтылу үшін үкіметтері қандай саясат жүргізді?

- Мұңғұлдар біздің қазақ сияқты құлдық психологиядан азат халық болатын. Көшпенділерде құлдық психология болмаған ғой. Себебі, құл болмаған соң, құлдық психология да болмаған.

Кеңестік одақ кезінде құлдық психология Мұңғұлияға да келді:  Бәрін партия шешті. Мұңғұлдың кейбір басшыларын Мәскеуден тағайындап тұрды. Ресей не істесе, соны істеді. Сөйтіп, құлдық психологияға ұрынды. Ал, 1991 жылғы Мұңғұлияның демократиялық жастары құлдық психологияға балта шапты. Олар өте күшті демократиялық, ұлттық лозунгпен шықты да 1991 жылы Мұңғұлияда демократиялық революция жеңді. Революция жеңісімен мұңғұлдар құлдық психологиядан құтылды.

Ресми мәлімет бойынша,  марқұм Заманбек Нұрқадыловтың өзін өзі үш рет атып, көрпесін жамылып тапаншасын кеудесіне қойып өлгеніне, Челах деген баланың онбес сардар мен сарбазды қырып салған терминаторлығына сенесіз бе?

- Челахтан бастайын. 15 шекарашының Челахтың қолынан өлді дегенге өз басым жүз пайыз сенемін. Қолына автомат ұстаған адамның ұйқыдағы 15 адамды өлтіруі қиын емес.

Челахтың ісіне байланысты бастапқыда кейбір газеттер терістеу ағым ұстап алды да заңдық тұрғыдан біршама қиындықтар туғызды. Бірақ, Челахқа қатысты шешім дұрыс деп есептеймін.

Ал, Нұрқаділов туралы көптеген газеттер жазып жатыр ғой. Халық не деп ойлайды, мен де сол ойдамын.

Қоғамда сөз болып, бастама көтерілгенімен, ресми жақтан 1921-1922, 1931-33 жылдардағы ашарлыққа, 1937-1938 жылдардағы саяси репрессияға, Семейдегі ядролық жарылыстарға, тың игеруге, желтоқсан көтерілісіне саяси баға беріліп, өзге елдердегі, мысалы, Украинадағы секілді Ресейден өтемақы талап ету, ресми түрде кешірім сұрау, әлемдік дәрежеде насихаттау ісі неге мемлекет тарапынан қолға алынбай келеді?

- Бұл қойылуға тиіс сұрақ қой. Әсіресе, 1930-ншы жылдардағы аштықта 4 млн. адам қырылып қалды. 2 млн-дай қазақ шетелге ауып кетті. Қазақ табиғи өсімінен айырылды.

Бұл мәселені геноцид тұрғысынан қарау керек. Бір ұлтты немесе оның бір бөлігін, идеология ұстанған тобын қасақана жоюды геноцид деп атайды. Большевиктердің басы Ленин: «Большевик және каптиалист емес, үшінші топтың адамдарын кенгру сияқты торға қамап қою керек, болмаса ату керек» деген ғой. Бұл буржуазияға атаған жаза. Яғни, қолында билігі, капиталы бар адамдардың көзін жою деген сөз. Сондықтан бұл большевиктік геноцид деп ойлаймын.

Ал, бүгін де біздің елде большевиктік геноцидті айта алмайды. Айта алмайтын себебі, біздегі адамдардың көбі айталық, жасы 50 ден асқандар Кеңес одағының жақсылығын көрді, Россияға табынып өсті, орыстан білім, тәрбие алды - сол энергиясы бүгінге дейін өзгерген жоқ. Сондықтан ол адамдар айтуға мүдделі емес. Жастар болса, мұның бәрін біле бермейді. Бәрі тарих болып қалды.

Тағы бір жағынан алғанда, қанша егемен елміз дегенмен Россияға тәуелділігіміз тағы бар. Әлі күнге Мәскеуге жалтақтаймыз. Оның үстіне ішімізде басқа ұлттардың үлесі де біршама болғандықтан бұл мәселені көтеруге билік те, басқалар да ынталы емес.

Бұл тарихи мәселе келешекте көтерілуі де мүмкін. Керісінше, тарихқа айналып бірте-бірте тозып өзімен өзі бітуі де мүмкін.

Зардыхан аға, Қазақтың шын тарихы неге толық жазылмай тұр? Жазылса неге мектеп оқулықтарына енбеуде?

-  Бұл өте дұрыс сұрақ. Біздің қоғамда «қазақтың шын тарихы жоқ», «қазақ тарихы жазылған жоқ» деп байбалам салып жүрген адамдар бар. Ол адамдардың ондай пікір айтатыны, біріншіден, тарихты жақсы біле бермейтіндігі. Екіншіден, жазылған тарихты көп адам оқи бермейді. Мәселен, бес томдық Қазақстан тарихы екі рет басылып шықты. Қаншама монография шығып, қаншама диссертациялар қорғалып жатыр. «Мәдени мұра» бағдарламасы кезінде тарихта көптеген жаңа материалдар ашылды. Қазір қазақ тарихының көзі ашылды. Мұның бәрі неге оқулықтарға кірмей жатыр дегенге келсек, оқулық жазу белгілі бір топ адамның қолында. Оның себебі ақшада. Оқулық жазатын жерлерге жоғары жақтан оқулық жазу жөнінде тапсырма береді. Ақша түседі. Олар өздерінің таныс-тамырыларына оның ішінде тарихшы бар, тарихқа қатысы жоқ адамдар да бар, соларға жаздырады. Ақшасын бөлісетін шығар мүмкін. Тарихты зерттемеген, оқымаған жаңағы  адамдар оны білмегеннен кейін оқулықтар бұрынғы қалпында шығып қалуда. Оқулықтарға қарап отырсаңыз, кейбіреуінде қате деген өріп жүр. Ал, тарихқа қатысты ашылған жаңалықтар мүлдем кірмеген. Жаңалықтың кірмейтін себебі, тарих оқулығын нағыз тарихшылар жазып жатқан жоқ. Оған тарихтың қазанында қайнап жатқан, тарихты білетін адамдардың қолы жетпейді. Негізі кемшілік сонда деп ойлаймын.

Ал, қазақ тарихы бар ма десеңіз, қазақтың мықты тарихы бар. Қазір біздің институтта  20 томдық қазақ тарихын өзіміздің және шетелдің белді тарихшылар бар бәріміз күш біріктіріп, жазып жатырмыз. 20 томға материал жеткілікті. Енді соны дұрыс түйіндеп, деректерді орнымен пайдаланып, халыққа жеткізу ғана қалды.

20-24 жыл бойына университеттерде сабақ беріп жүрген профессорлар бар. Солар «бізде тарих жоқ» деп ойбайлайды. Егер бізде тарих жоқ болса, сонда олар шәкірттеріне  не үйретіп келген, не оқытып жүр?

Бүгінгі таңда Ақорданың тапсырысымен Қазақстан туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі жарнамалық мадақтама материалдар жиілеп кетті. Алайда, шетелдік беделді басылымдар мен сарапшылар бұл үрдісті елдегі саяси биліктің тығырыққа тірелгені, мемлекет басшысының дәрменсіздігі ретінде бағалайды. Келісесіз бе?

-  Келісетін және келіспейтін жерімде бар. Келіспейтін жерім - Қазақстанды бұрын ешкім білмеді. Совет өкіметінің қараңғы бір бұрышы деп ойлап келді. Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде Қазақстанды іс жүзінде әлемге таныту керек болды. Таныту үшін қаншама халықаралық шаралар, симпозиум, саммиттер өтті. Әлемнің белгілі адамдарды шақырылды. Сөйтіп, қазір қазақ деген ел барын шетел танып қалды. Бұл дұрыс.

Бірақ, қазіргі кезде шетелге елімізді насихаттау  үшін халықтың ақшасын шашу бар. Осы ақша шашуды азайту керек. Біз 17 млнға енді жетіп жатқан елміз. Халықтың экономикалық мүмкіндігі бар, алайда ол потенциалдың бәрі іске қосылған жоқ. Сондықтан экономикалық жақтан біз күшті ел емеспіз. Сол үшін Қазақстанды  дүниенің орталығы секілді көрсетіп, әлем халқының алдында үлкен сөз айтып, уәде берудің қажеті жоқ. Қазақтың қонақжайлығын, жалпақшешейлігін мемлекет ісіне араластырмау керек. Осы нәрсе келешекте ескерілуі тиіс.

Осы біз айдаладағы Шыңғысханды «қазақ» екен деп даурыққанды қашан қоямыз? Оның орнына сол Шыңғысханның бізге тигізген пайдасы мен зиянын, шапағаты мен кесапатын жақсылап саралап, соқырға таяқ ұстатқандай етіп айтып беретін адам бар ма? Әйтпесе бір тарихшылар «ойбай, ол ұлы адам, бізді адам қылды» десе, екіншілері оны зұлым басқыншы көреді.Ұлы қолбасшы болса болған шығар, алайда біздің Отырар секілді қаламызды кім қиратты? Оны да өзіміз қираттық па? Сосын ол бізге жақсылық жасаса, сол кездегі гүлденген қалаларымызды жермен-жексен еткен кім? Ол да өзіміз бе? Мені осындай жауапсыз сұрақтар қинайды.

-  Кейінгі кезде Шыңғыс хан туралы әңгіме көбейіп  кетті. Шыңғыс хан туралы өтірік тарих жазып, жалған әңгімені қоздатып жүргендер тарихшылар емес.

Шыңғыс ханды қазақ деп жазып жүрген он шақты адам бар. Олардың ішінде бірде бір тарихшы жоқ: біреуі прораб, енді біреуі математик, келесі бірі ақын немесе жазушы. Бұлардың негізгі мақсаты - Шыңғыс ханды қазақ деп жазу арқылы өз аттарын шығару.

Жуықта Ологенцев деген зейнеткер шалдың кітабын оқыдым. Сол кітапта автор: «1206 жылға дейін Мұңғұл деген халық болған жоқ. 1206 жылы құрылған мемлекет Түрік мемлекеті болатын Бірақ, оны Шыңғыс хан мұңғұл деп атап жіберді. Мұңғұлда тіл болған жоқ. Олар құпия шежірелері мен «Алтын товчысын» өздері түсінбейді екен» дейді. Мұңғұлдарда Шыңғыс ханға байланысты 38 шежіре бар. Жаңағы автор соның біреуінде оқымаған. Ежелгі түрік тілін, қазіргі мұңғұл, қазақ тілдерін де білмейді. Сонда ол мұңғұлдардың өз тілдерінде жазылған дүниені түсінетін, түсінбейтінін қайдан біледі. Мен бұл туралы «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала жаздым.

Жалпы бізде семантика қуып, Шыңғыс хан арқылы атақ-абырой жинағысы келетін адамдар бар. Қайталап айтамын, олардың ішінде тарихшы жоқ.

Әрине, Шыңғыс хан туралы жазбаңдар деп бәрін тоқтату қиын.

Шыңғыс хан туралы талай мақала жаздым. Екі кітап шығардым. Өйткені, біз мұңғұлдың тілін білеміз, тарихын оқыдық. Кітаптың бірі - 40 баспа табақтан тұратын «Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті» деген кітап. Екіншісі, «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» деп аталады. Тағы да бір кітап басылып жатыр. Жеке мен емес, Шыңғыс ханға байланысты дұрыс бағытта жазып жүрген азаматтар да бар. Түбінде Шыңғыс ханға қатысты ғылыми тарих пен ғылыми емес тарих жарысқа түсіп, ғылыми тарих жеңіп шығады ғой деп ойлаймын.

Шыңғыс ханның рөліне келетін болсақ, қазақты ел еткен Шыңғыс хан деп айту бір басқа. Ал, оның шабуылы салдарынан қазақ жерінде болған жиырма шақты көне қалалар мен қаншама тарихи құндылықтар жойылып кетті.

Адамдар ойлайды: қазақ хандарының бәрі Шыңғыс ханның тұқымы. Ендеше, Шыңғыс та қазақ деп. Міне, сондықтан да қазақ жерінде мұңғұлдар құрған ұлыстық жүйенің қазақ топырағында дамып, өсіп-өркендеуі мен Шыңғыс ханның қазақ болып кеткен ұрпақтарының арасын бөліп қарау керек.

Қазақ хандарының тамыры Жошы ханның үлкен ұлы Ордаеженнен тарайды: 32 үлкен хан, 28 кіші хан. Ал, мұңғұлдардың хандық династиясы Шыңғыс ханнан басталады. Шыңғыс ханнан бастап, 1368 жылы Пекиннен қуылып шыққан Тоған Темірге дейін барлығы  38 хан.

Соныдқтан бұл қазақ хандары және мұңғұл хандарының династиясы болып екіге бөлінеді. Осы екеуін ажыратып білген жөн.

Әлбетте, Шыңғыс ханның көшпенділерге, Орталық Азия халқына әкелген келешек ықпалын бағалай отырып, оның әкелген қасіретін де жоққа шығаруға болмайды.

 

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>