• warning: Declaration of views_handler_filter::options_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter::options_submit(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_submit($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_boolean_operator::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter_boolean_operator.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_term_node_tid::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/modules/taxonomy/views_handler_filter_term_node_tid.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_argument::init(&$view, &$options) should be compatible with views_handler::init(&$view, $options) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_argument.inc on line 0.

Мұхамеджан Тазабек: Біреу автожуу бекетін ашса, жарнама ретінде жалаңаш әйелдің суретін іліп қояды

09 Март, 201714450


Айтыспен аты шыққан танымал ақын Мұхамеджан Тазабек есімі әрдайым әртүрлі әңгіменің, әлеуметтік желідегі пікірталастардың ортасында жүретіні рас. Ақынның қоғамдағы құбылыстарға көзқарасы, пікірлері, терең ойлары оқырмандар арасында қашан да қызу талқыланып жатады. Осы орайда NUR.KZ порталы республикалық отбасылық рухани-ағартушылық телеарнаның тізгінін ұстап отырған ақынмен сұхбаттасуды жөн көрді.

 

- «Асыл арна» телеарнасы отбасылық құндылықтарды насихаттайтын арнаға айналды. Әңгімемізді арнадағы өзгерістерден бастасақ. Көрерменді қандай жаңалықтармен қуантасыздар? Бүгінде көрермен тарту үшін танымал тұлғаларды эфирге шығару сәнге айналды. Мүмкін, сіздің арнадан да жұлдыздарды көріп қалатын шығармыз?

- Бұл - тікелей көрермендердің талабы мен сұранысынан туындаған шешім ғой. Біз ислами-ағартушылық арна болып ашылған едік. Кейін, дами келе, көрермендерімізбен қарым-қатынас жасай келе, олардан көптеген сұраныс, ұсыныс түсті. «Мына бағдарламаларыңыз бізге өте ұнады», «Мына бағдарлама біздің отбасылық мәселемізді шешуге септігі тиді» тәрізді тілектер легі әлі де толастаған емес. Сөйтіп, біз сол сұраныстарға орай, әрі бағдарламалардың санын көбейте келе, табиғи түрде отбасылық арнаға айналып кеттік.

 

Мұхамеджан Тазабек: Әйеліне сөзі өтпесе де, ұлтқа ақыл айтатындар бар

 

Белгісіз, ешкім естімеген заңдылықтарға сүйенген жоқпыз. Қазіргі уақытта көрермен үлкен философиялық терең ойға құрылған бағдарламалар немесе діннің терең теологиялық мәселелерін талқылаған дүниелерден гөрі күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек мәселелердің күрмеуін шешуге көмектесетін бағдарламаларды көп іздейді.

Көпшілігі жай ғана «Балам тіл алмайды, қандай қателік жібердім?», «Туыстарыммен байланысым әлсіреп қалды, соны қалай күшейтемін?», «Әке-шешемнің ризалығын қалай алсам болады?» секілді сұрақтардың жауабын алғысы келді. Осындай қарапайым мәселелердің бар екенін ескере келе біз бірнеше бағыттағы жұмыстарды жүйелі жолға қойып отырмыз.

Бірінші – айтары аз емес, сөзі мен ісі сәйкескен қоғамдық тұлғаларға қашанда есігіміз ашық. Мәселен, біз аптасына екі рет тікелей эфирге шығамыз. Мемлекет және қоғам қайраткерлерінен бастап, таңдаулы теологтар, білікті имамдар, салт-дәстүр білгірлері, медицина майталмандары, кәсіп бастауды үйрететін тренерлер, маман баулудың майталмандары, университет профессорлары секілді сан-саланың құрметті азаматтары сол бағдарламамызда қонақ боп, қазақстандық көрермендердің сауалдарына тікелей эфирде жауап беріп жатыр. Яғни, қазаққа дәл қазір керек сөзді айтуға лайық қабілетті тұлғаларға мінберіміз – эфиріміз дайын.

 

Мұхамеджан Тазабек: Әйеліне сөзі өтпесе де, ұлтқа ақыл айтатындар бар

 

Екінші – телехикаялар мен кино, деректі фильмдер бағыты. Өткен жылы біздің арна «Үлкен үй» , «Бір келіншек» атты екі телехикая түсірді. Көрермендер іздеп жүріп көрді деп айта аламыз. Қаралымдары екі миллионнан асып түсті. Алдағы уақытта, Алла қаласа, осы бағытты кеңірек қаузап, «Үлкен үйдің» жалғасын түсірейік деп жатырмыз.

Одан кейін кейіпкерлер ел есінде сақталатындай, оқиғаның өрісіне көрермен ілесе отыратындай тағы бір елу сериядан тұратын телетуынды түсірмекшіміз. Қазір сценарийі жазылып жатыр. Бұл дүниелер - ұлттық, отбасылық құндылықтар, кәсіпке баулу, таза махаббат, туыстық сезім секілді халыққа керек дәрумендерді қамтиды.Сондай-ақ біз «Ғибратты ғұмырлар» атты деректі фильмдер циклын бастап кеттік. Қазақта өмірі өнегеге толы таңдаулы тағдыр егелері болған тұлғалар қаншама? Сол кісілердің өмірін, ғибратты жолын көрсете отырып та жас ұрпаққа пайда беретін үлгілерді ұсынсақ дейміз.

Үшінші – әлеуметтік желі, интернет. Өздеріңіз білесіздер, қазір екінің бірі, жастарымыздың бәрі дерлік интернетте, әлеуметтік желіде тіркелген. Мұны өзінің қараниет қаскөйліктеріне пайдаланғысы келетіндер де жоқ емес. Қазір тіл білетін балаларды тәрбиелеп жатырмыз. Ал тіл алатын баланы кім тәрбиелейді? Біз осы бағытта да қадари-қалімізше қауымымызға пайдалы болғымыз келеді.

Пайғамбар (с.ғ.с) үйреткен дұғаларды, бабаларымыздың өнегелі сөздерін, тарихи мәліметтерді, әдеби шығармалардағы мол мұра үзіктерін үзбей жариялап келеміз. Және жай жариялап қана қоймай, оқырмандарымызға не қызық, не керек, оны да сауалнамалар, интерактивтер арқылы анықтап, сосын сол бағытты қамтуға да тырысып жатқан жайымыз бар. Мысалы, «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «Асыл арнаның» оқырмандары 500 мыңнан асып кетті.

Жарты миллион былай қарасаңыз, Қазақстандағы кейбір облыс, бір қала тұрғындарынан көп. Ендеше, қазіргі интернет тұтынушыларға шоу-бизнес өкілдерінің өмірі ғана емес, өздерінің күнделікті өміріне пайда беруі мүмкін мәліметтерді оқыған да қызық.

- Жалпы «Асыл арна» туралы қоғамдық пікірдің біржақты емес  екенін білесіз. Ел-жұрт телеарна туралы «радикалды діни ағымды насихаттаушы» деп танитындықтарын әлі күнге айтып жүр. Белгілі тұлғалар да саусағын сіздер жаққа қарай нұсқап, сіздерді басқа ағымды дәріптеуші деп атап жүр. Оған не дейсіз?

- Көбісі жаңсақ пікірлер мен жалған сөздер ғой. Осы типтес сауалдарға «Асыл арна» ашылғалы бері жауап беруден жалыққан емеспіз. Бір нәрсені анық түсіндім. Кез-келген ұлттың өзегіне пайда беретін, рухани тұғырын бекітетін жобаның жолы осындай болады екен. Негізгі мәселе жапқан жалада емес. Соған сенетін қауымның жауапсыздығында.

Біз - өтпелі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сыртта, іште қазақтың мықты ел боп кеткеніне мүдделі емес топтар бар. Жіптің бір ұшы көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарында жүрген адамдардың қолында тұр.

 

Мұхамеджан Тазабек: Әйеліне сөзі өтпесе де, ұлтқа ақыл айтатындар бар

 

БАҚ жазған соң, халық сенеді. Сенген соң, қалыптасқан өз пікірім деп  ойлайды. Негізінде ол ой сіздікі емес, сіз оқыған мақала авторынікі немесе сол мақала-сюжетке тапсырыс берген кісінікі болуы мүмкін. Ал ол адамның түпкі ниеті қандай екенін сіз қайдан білесіз? Біз шын тұлғаларға мұқтаж қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Шын тұлғаның бір сипаты – кез-келген ақпараттың ақ-қарасын ажырата алу.

Өкінішке қарай, айнаның алдында тұрып әдемілігімізге қарап, өзімізді текті деп, бетті деп, батыр деп ойлайтын жағдайға келдік. Сондықтан, қазір қоғамда ақпараттың рас-өтірігі араласып тарқап, қиянаттардың жүріп жатқаны, ынсапсыз пікірлердің айтылып жатқаны - тұлғаның аздығынан. Жалпы «Асыл арнаға» түгілі, елбасымызға да, жұртқа үлгі боп жүрген Бекболат Тілеухан және басқа да қайраткерлерімізге байланысты сөздер оңай айтыла салады ғой. Кейде, рас, бала сияқтымыз. Пайда мен зиянды, дос пен дұшпанды ажыра алмай қалып жатамыз. Соның бәрі біздің шын зиялыларынан айрылған мемлекет құраушы ұлттың мықты тұлғалар туғыза алмай, толық пісіп жетілмегендігінің көрінісі. Қазір кез келген БАҚ-ты ашып қарасаңыз, келесі сөздерді оқисыз.

«Қазақ тілін дамыту үшін мемлекетке мынандай заң шығу керек, құзырлы министрліктер оны былай жүзеге асыру керек, осылай мәжбүрлеу керек, сол кезде болады» деп жатады. Негізі дұрыс айтып отыр. Одан да алдын бір маңызды нәрсе бар.

Ол ақылды кім орындайды? Жаныңды жай тапқызып кім жүзеге асырады? Мысалы, қоғамдық тұлға жеміс беретін ағашқа ұқсайды деп елестетейікші. Оны әкеп көшетін орналастырғаннан кейін ол жеміс бере ме? Жоқ. Ол әуелі тамырын жібере бастайды, жуандайды, одан жіңішке тамырлар пайда болады. Сөйтіп топырақ қыртысына орналаса бастайды. Содан кейін оның діңі жуандап, оған ұсақ бұтақтар шыға бастайды. Жапырағын жаяды. Тек төрт-бес жыл өткен соң гүлдейді. Онда да үсікке ұшырамаса, біртіндеп жеміс бере бастайды. Бағанағы тамыр жаю, діңінің жуандау, бұтағының тарауы сияқты процестерден өтпеген адамдар бар. Олар өмірі жеміс бермейді. Олар үйге әсемдік үшін орнатып қойған гүл сияқты.

 

Мұхамеджан Тазабек: Әйеліне сөзі өтпесе де, ұлтқа ақыл айтатындар бар

 

Сол сияқты шенеуніктер көп, сол сияқты мемлекеттік қызметкерлер көп. Ғылымда қоғамда жолы болғанадамдар көп. Бірақ олар тамырсыз адамдар дер едім. Ал тамыр деген не? Тұлғаның тамыры - текті, таза болуы, адал некеден өмірге келіп, адал сүт емуі. Әкесінен айбарланған, анасынан қысылған, әжесінен ізгілікті, атасынан ұлттық құндылықтарды сіңірген, көршісіне көмектескен, досына қол ұшын берген, туысына жаны ашыған адам.

Бұл - қоғамдық тұлға болып, көптің алдына шықпай тұрып пайда болатын қасиеттер. Сонда ғана ол жемісін береді.

- Өзіңіз туралы да түрлі ақпарат желдей еседі, соның бәрін қалай қабылдайсыз?

- Біреу мені күстәналап, жамандап жазып жатса, мен оны уайымдамаймын. Оны түсінуге тырысамын. Өйткені, онымен алысып, оған хат жазып, дауласып жүрер болсам, уақытым шығын, әрі мәселе де шешілмейді. Керісінше, мән бергенім оған бір даңқ болуы мүмкін.

Бекер уақыт кететін шаруаларға назар аударғым келмейді. Себебі, менің нақты істеп жатқан шаруам бар. Көретін адам көріп отыр. Көрмес түйені де көрмес.

Шаруасы реттелмеген адамдар ғана шаршап жүреді. Және солар ғайбат пен өсекке дайын тұрады. Мына мысалды білетін шығарсыз. Ыдысқа әуелі ірі тастарды салдыңыз, бір қарағанда, ол толып қалғандай көрінді. Содан ұсақ тастарды салып көріп едіңіз, оған да орын табылды. Енді оған құм сеуіп едіңіз, ол да сиып кетті.

Құмнан кейін су құйсаңыз, оған да орын табылады. Сол сияқты, жүрегіміздегі иман - бізге өмірдегі аса қажетті нәрсе мен маңызды нәрсенің немесе қажетсіз нәрсе мен аса қажетсіз нәрселердің орнын айқындап береді. Көп адамдардың өмірде шатасып жүруі, қажетсіз істермен шұғылдануы, тығырыққа тірелуі, ақылды деген адамдардың өмірінің ақыры суицидпен аяқталуы, немесе ұлтқа ақыл айтып жүрген адамдардың бала-шағасына сөзі өтпеуі, әйелінің алдында абыройы болмауы оның өмірінің реттелмегенін көрсетеді. Маңызды мен маңызсызды ажырата алмай жүргенін аңғартады.

- Қазір біз қазақ және орыс тілділердің параллельді қоғамында өмір сүріп жатырмыз. Екі ортаның мәселесі де, уайымы да өз алдына бөлек сияқты. Сіздің ойыңызша, оларды біріктіретін ортақ идея қандай?

- Бізді біріктіретін – тәуелсіздік. Ол қазақты да, қазақ еместі де біріктіреді. Бірақ сол Тәуелсіздікті сақтаудан гөрі айырылуға үлес қосып жатқан адамдар көп. Мысалы, сіз уайымдап жүрген құндылықтар қазақтілді емес адамдарды қызықтырмауы мүмкін. Ал қазақтілді емес адамдардың өзінің ойы сізге ұнамауы мүмкін. Екеуін біріктірген нәрсе – тыныш, берекелі мемлекетте өмір сүру. Яғни, Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі.

 

Мұхамеджан Тазабек: Әйеліне сөзі өтпесе де, ұлтқа ақыл айтатындар бар

 

- Жалпы, дін жолында жүрген жандарды біздің қоғам артық қадам жасамайтын, шалыс баспайтын, айналасындағыларға тым қатты қарайтын адам ретінде елестетеді. Осы пікірді қалай жоққа шығаруға болады? Мәселен, сіз үй шаруасына көмектесетін шығарсыз немесе көпшілік біле бермейтін, сүйіп істейтін шаруаңыз бар шығар...

- Мұсылманның амалы сөзінен алдын жүруі керек. Пенде жақсы көрген адамынан ғана дін үйренгісі келеді. Алла Елшісі пайғамбар (с.ғ.с.) сондай еді, өз киімін өзі жамайтын, үй шаруасына көмектесетін. Көбінде мұсылман адамның сөзі емес, ісі насихатқа айналуы керек. Жетпей тұрған жері ғана сөзбен айтылады. Бірінші кезекте үйіңде жақсы көретін жарым деп әйелің күтіп отырса, ұл-қызың әкем келді деп қуанса, туысың сенің жанашырлығыңды сезініп жүрсе, іс-әрекетіңмен айналаңды сүйсіндіре алсаң, міне, сен нағыз мұсылмансың.

- Өзіңіз айтқандай, өзі баршаға ақыл айтатын, бірақ үйдегі әйелі мен баласына сөзі өтпейтін тұлғалар көп. Сіздің бала тәрбиесінде қандай қағидаға сүйенетініңізді білгіміз келеді. Ұл- қыздарыңыздың бойына қаншалықты ұлттық құндылықтарды сіңіріп жатырсыз?

- Бала-шағам үшін ата дәстүрден артық берер тәрбием жоқ. Білім алу мен әртүрлі үйірмелерге баратындықтан, ұлымда артық уақыт өте аз. Бір жағынан балалық шағының бал уақытын ұрлағым келмейді. Екінші жағынан жаным ашығандықтан, болашаққа рухани және физикалық тұрғыда дайын болсын деймін. Мысалы, жас жеткіншектердің діни радикалды секталарға кіріп кетуінің себебі неде? Оның төркіні - баланың көкейінде туындаған алғашқы діни сұрағына дұрыс жауап таппағандығында жатыр. Мешіттегі имамға, қоғамдағы зиялыға жолыққанға дейін «сақал қойғандар кім?» немесе «орамал не үшін тағады?» деген алғашқы сұраққа әке-шеше баланы қанағаттанарлықтай жауап беруі керек.

Ұлымның жігіт адамы ретінде спортқа үйір болғаны маңызды. Ал қыздарым биге қатысады. Ұлдарымнан, қыздарымнан көп нәрсе талап етпеймін. Себебі, көбінде балалар әке-шешесінен көргенін істейді. Көз алдындағы көріністен үлгі алып өседі. Сондықтан олардан алдын өз тәрбиемді жетілдірумен айналысамын. Ұл-қыздарыма байланысты әрдайым еске салып отырар үш-төрт- ақ қағидам бар. Ұл қожайын болу керек. «Үлкенің де, кішің де ұлды тыңдаңдар» деп қыздарыма айтып отырамын. Өйткені, ұл - осы үйдің ертеңгі иесі. Олар үшін басқарушылық, жауапкершілікті сезіну бірінші кезекте тұру керек.

 

Мұхамеджан Тазабек: Әйеліне сөзі өтпесе де, ұлтқа ақыл айтатындар бар

 

Әйел алдың ба, оған қамқор бол, алақаныңа салып ұста, енді оның әкесі де, шешесі де сенсің. Әкеден алатын арқа сүйеуді, шешеден алатын мейірімді сенен көру керек. Бұл - жігіттің бойында табылуы қажет қасиеттер.

Ал қыздарыма болашақ ана екендерін еске салып отырамын. «Бірің - дәрігер, бірің - кәсіпкер, мұғалім боларсыңдар. Бірақ бірінші кезекте сендер болашақ анасыңдар, адамды дүниеге әкеліп, адамды тәрбиелеп өсіруден артық ұлы қызмет жоқ. Сондықтан, осы үйдің қонағысыңдар, кетесіңдер, осы үйге ұят я абырой әкелесіңдер» деген көзқарасты кішкентайынан сіңіруге тырысамын.

«Ауыр зат көтерме, ертең бала көтересің, беліңе зиян болады» деген нәрсені қысылмай қыздарыма айта берем, олар да «әкем бұны неге айтып жатыр» демейді. Сондықтан ұлымнан қожайын болуды, қызымнан ұятты болуды, нәзік болуды талап етемін. Күнделікті сабағы өз алдына. Ал отаншыл патриот болуы, ұлт құндылықтарын құрметтеуі сенің көрсеткен үлгіңе байланысты. Өз бойыңнан көрініс таппаса, айтқаннан пайда жоқ.

- Сұхбатымыз көктем мерекесі қарсаңына тап болып отыр. Бір кездері Сіздің 8 наурыз мерекесін тойламауға шақыратын видеоңыз таралып кетті. Мүмкін, ескіріп кеткен жаңалық шығар. Әйтсе де, осы мереке бізге несімен ыңғайсыз екенін оқырмандарға тағы да айта кетсеңіз..

- Ол жерде 8 наурыз мерекесі дұрыс-бұрыс делінген жоқ. Мен онда жалпы әйелдер хақысының  аяқасты болып жүргеніне байланысты ойымды айтқан болатынмын. Тойлаған жұрт тойлап жатыр. Біз неге әйелдерге көрсетер ерекше ілтипатты үзілді-кесілді бір күнге тіреп қойдық? Егер қыздың ағасы қамқор, жары жақсы болса, онда оның әр күні - мереке. Неге біз қоғамда әйелдерді қорлап жүргенімізді аңғарғымыз келмейді?

Біреу автожуу бекетін ашса, оған клиент тарту үшін жалаңаш әйелдің суретін іліп қояды. Тауарын сату үшін әйелдің дене нығыметін пайдаланады. Сонда әйелдің әдемілігі біреудің тауарын сатуға, біреудің көлік жуатын жеріне клиент тартуға арналған нәрсе ме?

Неге біз әйелдерді ардақтамаймыз? Біз қашанғы қыздарын қызғанатын Кавказдың жігіттеріне сыртынан қарап тамсанамыз?

Біздің атан түйедей кейбір жігіттеріміз кетіп бара жатқан қыздың ерні мен етегінің арасын бір шолып шыққанына мәз болады.  Неге біз оны «менің қарындасым», «әпкем» деп бағаламаймыз? Еркектер қауымы солай ойлаған кезде олардың әр күні мереке болмақ. Жігіттерден құрмет көріп жүрген әйел сол күнді күтіп «Сол күні маған не береді екен?» деп сарғайып отырмайды. Сол видеода мен осы мысалды айтқанмын. Кеңес одағында әйелді әбден еркектендіруге айналдыруға тырысты. Мақтап тракторға да отырғызды, малдың сақманына да шығарды, «Еркексің, Терешкова!» деп ғарышқа да ұшырды. Ал әйел адамның табиғаты жайлылықты, жылылықты қалайды. Алатауға шығарғанды емес, алақанда ұстағанды қалайды. Әйел адам өзінің бұрышы болғанын, гардеробы, ас үйі болғанын қалайды. Қоғамда қатты белсенді болу жалпы әйел табиғатындағы негізгі функция емес.

Дарыны даңғайыр боп тұрса дау жоқ қой. Тарихта би, шешен, дана апаларымыз болған. Бірақ ол жекелеген мысалдар. Сол видеода «Әйелдердің жаңаша киім киісі неден шықты, біз өкше қайдан шықты, қысқа юбка неден пайда болды?» деген мәселелерді айтқан болатынмын. Әрине, аталған видеоны қиып, әр жерінен үзінді алып, түсініксіз күйінде тарата салыпты. Мені бір 8 наурыз мерекесін көре алмай жатқандай көрсетті.

Кез келген қоғамда ұлттың тектілігі қыздардың ар-ұятымен, жігіттің намысымен өлшенген. Бір әйелді бақытты қыла алмаған еркек қоғамда үлкен мәселе шеше алатынына сенбеймін. Ел алдында жолы болып, тұлға ретінде қалыптасқан азаматтарды қарасаң, бәрін де әйелдері мойындаған жігіттер.

- Әйеліңізге қаншалықты жиі сыйлық жасап тұрасыз? Есте қалған ерекше сыйлықтар болса, айтып кетсеңіз...

- Барынша жиі сыйлық жасауға тырасамын. Сенің сыйлығың қымбат болмауы мүмкін, бірақ ол адамды өз дәрежесінде қуантады. Сенің сыйлығың орташа болуы мүмкін, бірақ адамға ерекше көңіл сыйлайды. Жасыратыны жоқ үш-төрт күн бұрын бір жерге барып қалсам, хош иісті гүл сатып жатыр екен. Сөйтіп үйге апарып едім, келіншегім керемет қуанып қалды. Ешқандай себепсіз. Ал қыздарыма да сый- сияпат беріп тұруға тырысамын. Кейда материалды, кейде рухани. Өйткені, рас керек, түздің адамымыз, іссапарымыз көп. Кейде табиғат аясында бірге серуендеп жүргенім сыйлық болуы мүмкін. Мысалы, кішкентай қызым үшін әжесінің үйіне апарып келу үлкен сыйлық.

Жалпы, әйел адам үшін үзілмейтін үлкен сыйлық - әрдайым ер адамның назарында екенін сезіну, кез келген уақытта оған сүйенуге болатынын, одан ақыл сұрауға болатынын, оған сырын айтуға болатынын біліп жүру. Әйел адамның одан артық қуанышы жоқ. Ал 8 наурыз күні күмпитіп 100 гүл сыйлап, басқа күні көлеңкеңді таппай отырса одан пайда жоқ.

- Сізді айтыскер ақын ретінде танимыз. Біз бала күнімізден Сізді, Бекарыс Шойбеков пен Оразалы Досбосынов, Әбілқайыр Сыздықов пен Мэлс Қосымбаевты тыңдап өстік. Айтыстың  елменқайта қауышуына сіздің буын әсер етті деп есептеймін. Қалай ойлайсыз, сізді айтыс сахнасынан да көріп қалуымыз мүмкін бе?

- Мен өзім сенбеген нәрсеге сізді қалай сендіре аламын? Мысалы, Жақсылық Үшкемпіров ағамызды олимпиада чемпионы болды екен деп қайта жарысқа шығарып жібере алмайсыз ғой. Айтысқа дайындық керек, беліңді буып, бекем болып жүруің керек. Айтыс - жай ғана күй тартып, ән айту емес. Айтысуға, біреуге жауап беруге, публикаменжұмыс жасауға, қазылардың қабағын бағуға, бәріне дайын болу қажет. Айтыс - синтезді өнер, күрделі өнер ғой. Сондықтан, әл-әзір сахнаға қайта шығамын деп айта алмаймын. Бірақ айтыстың төңірегінде жүрмін. Жас ақындарды тәрбиелеймін, ақыл-кеңесімді айтамын. Жүрсін ағаның жүгін жеңілдетіп, қасында іні болып, айтыстың көсегесін көгертуге үлес қосып жүрміз.

 

 

Дереккөз: Nur.kz

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>