Жамбыл облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының өңірімізде іске асырылуы бойынша баяндады. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015-2017 жылдары облыста 55 жоба іске асырылып, Ұлттық қор есебінен 18,7 миллиард теңге қаражат бөлінген екен. Бағдарлама облыста әлеуметтік және индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту және жылумен қамту желілерін жаңғырту бағыттары бойынша іске асырылуда. Биыл бұған қоса Ұлттық қор есебінен 8 жобаны іске асыруға 3,5 миллиард теңге бөлінген. Барлық жобаларды іске асыру барысында 471 уақытша жұмыс орны ашылған.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 5 жобаны іске асыруға 2,4 миллиард теңге бөлініп, 362 уақытша жұмыс орны құрылыпты. Биылғы оқу жылы қарсаңында Меркі ауданында №9 Cавва атындағы жалпы құны 1149,3 миллион теңгенің 600 орындық және Тараз қаласындағы «Салтанат» шағын ауданындағы жалпы құны 1305,9 миллион теңге болатын 1000 оқушыға арналған №30 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Байзақ ауданы Байзақ ауылындағы – 300, Тараз қаласы Шөлдала алқабындағы 900 орындық мектептер мен 300 оқушыға арналған №24 гимназияның қосымша құрылысы алдағы жылы аяқталады деп жоспарланыпты. Басқарма басшысы индустриялық инфрақұрылымды және жылумен қамту желілерін жаңғырту бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен бұл мақсатқа қанша қаржы бөлінгені жайлы толыққанды ақпарат берді. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында биыл 18 жобаны іске асыруға республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 7,4 миллиард теңге қарастырылған. Үстіміздегі жылғы 27 қарашаға дейін 6,4 миллиард теңге игерілген. Бағдарламаның халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру бағыты бойынша Тараз қаласындағы «Арай» алқабында, «Қарасу» шағын ауданында және Жамбыл ауданы Аса ауылындағы «Бәйтерек» тұрғын үй алқабында 4 көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға Ұлттық қордан 1,6 миллиард теңге бөлініп, 27 қарашаға дейін 1,5 миллиард теңгесі игерілген. Бүгінгі күнге Тараз қаласындағы «Арай» алқабының 14 гектар жер теліміндегі тұрғынжай кешенінде көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын салу, №2 жер телімі, 2-бөлігі және Жамбыл ауданы Аса ауылындағы «Бәйтерек» алқабына көп қабатты тұрғын үй құрылысын салу жобалары іске асырылып, барлығы 98 пәтер пайдалануға берілген. Cондай-ақ, жыл соңына дейін Тараз қаласы «Қарасу» шағын ауданындағы №17 тұрғын үйдің маңында көп пәтерлі тұрғын үй құрылысының жобасы аяқталып, 80 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Г.Жауынбекова тұрғын үй құрылысы нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту бойынша 14 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан 5,9 миллиард теңге бөлінгенін де атап көрсете келе, бұл бағыт бойынша атқарылып жатқан шаруаны жан-жақты айтып берді.
Алдияр Барысхан,
Жамбыл облысы