«Самұрық-Қазына» Қоры корпоративтік мәдениетті портфельдік компанияларында сапалы жаңа деңгейге жеткізбек ниетте. Қор компаниялар тобының құндылықтарын Астанада өткен «Самұрық-Қазына мәдени кілті. Reinvention» кеңейтілген отырысында талқылады.
«Трансформация үш бағытта жүріп жатыр. Бұл трансформацияның мақсаты тиімділікті арттыру. Қалайша? Үш компоненттің сапасын жақсарту арқылы. Яғни, қызметкерлерді дамыту бағыты, екіншісі - барлық нормативтік құжаттарда тіркелген бизнес-үдерістер және үшіншісі - технологиялар», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.
Сонымен бірге, ол «қызметкерлер» бағытында жаңа корпоративтік мәдениет құру өте маңызды екенін атап өтті. Ө.Шөкеевтің айтуынша, нарықта корпоративтік мәдениеттің 4 түрі бар. Бұл иерархияға негізделген мәдениет, нарықтық құндылықтарға негізделген мәдениет, жобаға негізделген мәдениет, яғни менеджментке, ұжымға қандай-да бір жоба маңызды болған кездегі мәдениет және отбасылық деп аталатын мәдениет. «Самұрық-Қазына» қорының мақсаты - нарыққа бағытталған мәдениет.
«Біз өзіміздің менеджерлеріміз бен қызметкерлеріміз арасында серіктестікті дамытамыз. «Бастық – бағынышты» қарым-қатынасынан бас тартамыз. Әсіресе бұл біздің еншілес компанияларымызға қатысты. Біз коммерциялық мақсаттарға жету үшін олармен серіктес болуымыз керек, корпоративтік басқару қағидаттарын іске асыруға тиіспіз», - деді қор басшысы.
Кеңейтілген отырыс еркін талқылау форматында өтті. Іс-шараға қордың және портфельдік компаниялардың қызметкерлері, парламент депутатары, мемлекеттік органдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.