• warning: Declaration of views_handler_filter::options_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter::options_submit(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_submit($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_boolean_operator::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter_boolean_operator.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_term_node_tid::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/modules/taxonomy/views_handler_filter_term_node_tid.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_argument::init(&$view, &$options) should be compatible with views_handler::init(&$view, $options) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_argument.inc on line 0.

 Әділ АХМЕТОВ, сенатор: Әлемде кездейсоқтық болмайды

21 Март, 201229608938


 

Сенатор Ахметовтің өмірі шыңдарды бағындырудан тұрады. Институттың есігін студент болып ашып, одан ректор болып шықты. Алматының Тусон қаласындағы (АҚШ) уәкілі ретінде дипломатиялық қызметін бастаса, он жылдан соң Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі атанды. Тіпті оның ежелгі Майя өркениетіне деген қарапайым қызығушылығының өзі терең зерттеулерге ұласып, бірнеше кітаптың шығуына түрткі болды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов «Айқын» газетіне өзінің өмірі мен жаратылыстың сырлары туралы баян етті.

 

МЕН ОСЫНДАЙ ТАҒДЫРДЫҢ ИЕСІМІН
- Жақында «Еуразия коды: бесінші өркениет табалдырығында» атты кітабыңыз жарық көрді. Майя өркениеті, америкалық «үндістер» тақырыбына бұған дейін де бірнеше кітап арнаған едіңіз...

- Егер бұрын америкалық «үндістердің» шыққан тегі Алтай (бастапқы кезде - Азия) деген гипотеза болса, қазір бұл дәлелденіп, теорияға айналды. Мен бұл тақырыпқа тек лингвистикалық тұрғыдан келген жоқпын. Себебі кез келген құбылыс ғылымның бір тұрғысынан ғана зерттелсе толыққанды болмайды. Оған интегралдық тәсіл керек. Сондықтан археологиялық, палеонтологиялық, генетикалық, тарихи, этнографиялық және тағы басқа зерттеулерді сүзіп шығуға тура келді. Мысалы, генетикалық факторды алайық: бірде Алдияр деген кішкентай немеремнің арқасында жауырынына дейін көк дақ пайда болды. Келінім: «Мына баланы дәрігерге көрсету керек», - деп әбігерге түсті. Мен оған алаңдаудың қажеті жоқ екенін, көк дақтың түркі халықтарының ортақ белгісі екенін айттым. Ғылымда оны «моңғол дағы» дейді. Осы генетикалық маркер түркі жұртына ғана емес, корейлерге, жапондарға, эскимостарға, америкалық «үндістерге» де тән. Қазір қыздарымыз шетелдерге тұрмысқа шығып жатқандықтан, Еуропада, Америкада туған кейбір балалардың бойынан осындай белгі байқалуда. Бұл - америкалық «үндістердің» түркілік тегін дәлелдейтін бір ғана фактор.
- Америкада сол «үндіс» туысқандардың өздерімен кездестіңіз бе?

- Тусонның айналасы тұтас «үндістер» ғой. Навахо, Попаго деген «үндістер» бар. Олармен қоян-қолтық араластым. Бұл тақырыпқа қалай келгенімді «Айқын» газетіне бұрын да айтқанмын. 1990-1992 жылдары Тусон қаласына (Аризона штаты, АҚШ) Алматының уәкілі болып жүргенімде америкалық студенттерге қазақ тілінен сабақ бердім. Бірде 68 жасар Дисауэр деген студентім тауға алып барып, жолда «Baba Toak» деген жол белгісі көзіме оттай басылды. Сонда бірден: «Мынау - таудың аты ғой!» деп ойладым. Расында да, бұл «Бақа тау» болып шықты. Содан кейін осы тақырыптың артына от алып түстім.
- Майя өркениетіне деген қызығушылық содан басталды ғой...
- Өмірде кездейсоқтық жоқ. Күні бұрын бәрі де маңдайға жазылған сияқты. Менде сондай студенттің оқуы, оның тауға алып барғаны жайдан-жай емес.
- Сонда бұл тағдыр ма?
- Тағдыр деп айтуға да болады... Америкаға баруым да соған түрткі болып тұр. Шет тілін оқуымның өзі де соған байланысты сияқты. Егер шет тілдерін білмесем, мен бұл тақырыпқа бара алар ма едім?! Басқа жұмыста жүрсем, Америкаға жолым түсер ме еді?! Сонда бәрі бір-бірімен байланысып жатыр. Адамда сондай тағдыр болса, мен - соның иесімін.
- Ал балалық шақта қандай жолға түсетініңізді білдіңіз бе?
- Мен соғыстан кейінгі жылдары Алматы облысы, Нарынқол ауданындағы Абай атындағы мектепте оқыдым. Барлық пәннен керемет мұғалімдер сабақ берді. Барлығы - оқуды Алматыдан енді ғана бітіріп келген өрімдей, көрікті жастар. Білімнен терең сусындаған, мықты азаматтар еді. Соларға қарап, сабақты құлшына оқитынбыз. Әсіресе, қазақ тілінен сабақ берген ұстазымды өте жақсы көрдім. Қазақ тілі грамматикасын жілікше шағатын. Қазір ол кісінің жасы 80-ге келді. Сол ұстазымның да әсері болар...
- Ал ағылшын тілін таңдауыңыз кездейсоқтық емес пе? Кеңес заманында ағылшын тілі аса мәртебелі саналмайтын еді ғой?
- Меніңше, кездейсоқтық емес. Мектепті жақсы бітірдім. Бірақ комсомолдың бастамасымен мектеп түлектерінің бәрін сол жылы шөп шабуға алып кетті. Нарынқолдан 30 километр қашықтықтағы Жабыр деген таулы алқапқа келдік. Үйілген шөмелелерді мая тұрғызатын жерге аттар жегілген, алды-арты бірдей тарақ тәрізді ысырмамен сүйреп әкелеміз. Мен әлгі ысырманың дәл ортасына биіктеу етіп, көлденең орнатылған белдемше ағаштан ұстап, шөмелемен бірге сырғанап келе жатқанмын. Кенеттен ысырманың алдыңғы тістерінің бірі іннің аузына тіреліп, аунап кетті. Ортасында тұрған мен онымен қоса аударылып түстім. Топырақ бұрқ ете қалды. Есімді жисам, дәл көзімнің алдында жұмсақ топыраққа бойлап кірген ысырманың тістері көрінеді. Егер 10 сантиметрге қия кетсе миымды шашып кетер еді. Ат үстіндегі құрдастарым дереу көмекке келіп, мені ысырманың астынан шығарып алды. Бір ажалдан аман қалғаныма қуанып, сол түні комсомолдың бастамасымен хош айтысып, Нарынқолға тартып отырдым...
Бірер күннен кейін Алматыға оқуға түсуге келдім. Емтихан тапсыруға екі-ақ күн қалған. Менен ағам қай оқуға барғым келетінін сұрады. Менің күй таңдауға мұршам жоқ. Алматыға алғаш келуім. Емтиханға дайындалып үлгермедім де. Сондықтан біз келіп түскен досының үйіне жақын оқу орны болса, соған құжат тапсырып, бағымды сынап көруге бел байладым. Мен тұрған үйден бірнеше минөттік жерде сол кездегі ҚазПИ-дің шет тілдер факультетінің ғимараты алдымнан шықты.
- Тағдырды қараңыз...
- Екі күннен кейін емтихан тапсырып, мектепті жақсы бітіргендіктен болар, конкурстан өтіп кеттім. Сол кездегі институт ректоры Мәлік Ғабдуллинмен алғаш кездескенім есімде. Кеңес Одағының батыры құжаттарымды қарап отырып: «Әділ, саған жатақхана жоқ» деді. Себебі құжат толтырғанда «тұратын жерім бар» деп көрсетіппін. Өтірік қалай айтамын? Атым - Әділ! Сосын ректорға шын мәнісінде Алматыда ешқандай туысым жоқ екенін, ал құжатқа өзім бірінші түскен үйді жазғанымды түсіндірдім. Ректор алғашқы семестрден кейін жатақханадан орын босап қалса, реті болар деп, сол кезде қайта келуіме кеңес берді. Айтқандай-ақ бірінші семестрді үздік бітіргеннен кейін жатақханадан орын алып, төрт түлігім сай студент болып шыға келдім.
- Ауылдан келген балаға ағылшын тілін меңгеру қиынға соқпады ма?
- Шет тілін оқудың бір тетігі бар: ана тілінің грамматикасын жақсы білген адам өзге тілді де демде үйренеді. Оның үстіне Алла қазаққа керемет қабілет берген ғой. Ауыз әдебиетіміз ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен. Қазақтың баласы жыр, дастандарды жаттап өседі. Күй тартылса, оны да бір тыңдап алып, домбыраға түсіреді. Сол қасиет бойға сіңгендіктен шығар, институтта оқу маған қиын болған жоқ. Тапсырма ретінде оқуға берілген ағылшын кітаптарын оп-оңай еңсеріп, мазмұнын сол тілде баяндауға машықтандым. Оның үстіне ағылшын тілінен Америкада 18 жыл өмір сүрген мұғалім сабақ берді. Тілі керемет! Өзі де, әйелі де пианинода ойнайды. Ағылшынша өлеңдер жаттатады. Қазір артыма бұрылып, сол оқиғалар тізбегіне үңілсем, соның бәрінің бір қисыны бар тәрізді.

ҚАЗАҚСТАН ЕУРАЗИЯЛЫҚ ӨРКЕНИЕТ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛАДЫ
- Ал бүгінгі күнге қайта оралсақ, соңғы шыққан кітабыңыздың өзегі неде? Осы жолы қандай сауалдарға жауап іздедіңіз?

- Адамзат тарихында барлығы кезең-кезеңмен келеді: байырғы Мысыр өркениеті, Антикалық дәуір өркениеті, Шығыс өркениеті, Батыс Еуропалық-атлантикалық өркениет. Әр өркениетке орта есеппен 2 мың жыл кетсе, енді Еуразия өркениетінің кезеңі қайта келіп тұрғандай. Кеңес Одағының ыдырауы, Қазақстанның егемендік алуы, тіпті Қазақстан астанасының Алматыдан осында көшірілуі де жайдан-жай емес. Қазір Астана Женева сияқты халықаралық форумдар өтетін қалаға айналуда. Осындай ірі форумдардың барлығы басқа жерде емес, неліктен дәл осында өтеді? Меніңше, мұның барлығы түркі мәдениетінің, оның ішінде, түркі өркениетінің шаңырағын құлатпай ұстап қалған біздің еліміздің рухани мәдениетінің жоғары екендігімен тікелей байланысты болар. Біз ешкімді бөтен көрмейміз: көлденең көк аттыға сәлем беріп, оны қастерлеп, үйімізге түсіреміз, қонақ етеміз. Бұл - ежелгі түркі мәдениетінің көрінісі. Осындай мәдениетіміз бола тұра қалайша еуразиялық өркениетке аяқ баспасқа? Ал Еуразиядағы басты, Батыс пен Шығысты жалғап тұрған көпір мемлекет те - Қазақстан.
- Сонда Қазақстанда мәдени өрлеу бола ма?
- Иә. Осыған келе жатыр. Кітаптың мазмұны да осы жайлы. Оған қоса кітапта Майя күнтізбесі туралы материал бар. 2012 жылы 21 желтоқсанда күн мен түннің теңелетін кезінде планеталар шеруі болады. Бұл жайында да кітапта толық мәлімет бар.
- Бүгін ғана интернеттен мынандай ақпарат оқып едім: Бразилияның оңтүстігіндегі Сан-Франсиску-Ди-Паула қаласының мэрі өз тұрғындарына ақырзаман келетінін айтып, алдын ала қам жасай беруге шақырыпты. Өзі 2-3 айға жететін азық-түлігін дайындап қойыпты.
- Дүниенің төрт бұрышында осындай дақпырттар көбейіп кетті. Өйткені Голливудтың «Апокалипсис» сияқты фильмдері тудырған үрей бар. Кейбір басылымдар әдейі осы тақырыпты маздатып: «Міне, ақырзаман келе жатыр. Дүние күйрейді» деп жар салуда.
- Олардың бәрі Майялардың ежелгі күнтізбесіне сілтеме жасамай ма?
- Майя жазбаларын зерттегеніме жиырма жылдан асты. Олар өздерінің бес ғасыр бұрынғы ескерткіштеріне: «5125 жылдан кейін бесінші күн аяқталып, алтыншы күн туады» деп жазып кеткен. Демек, олар 5125 жылды бір күнге санаған. Майялардың бір күні 13 бөліктен тұрады. Демек, біздер қазір Майялар анықтаған Галактиканың мүшелден шығатын кезеңінде өмір сүріп жатырмыз.
- Сонда келесі жаңа циклге аяқ басамыз ба?
- Иә, 21 желтоқсанда Майялардың аталмыш циклы аяқталады. Соны олар алдын ала болжап қойған. Оны ғана емес, Майялар бүкіл Күн жүйесіндегі планеталардың, Шолпан жұлдызының, тіпті Үркердің де циклын дәл анықтаған. Көкжиектен қылтиып шығатын Үркер атты шоқ жұлдыз аспан күмбезіне көтерілгеннен кейін ақырындап еңкейеді де, екінші жақтағы көкжиектен батады. Соның шыққаны мен батқанының арасы - 260 күн. Майялар осыны да дәл есептеген. Оны киелі күнтізбе санаған. Оның аты - Цолкин, былайша айтқанда, шолақ күнтізбе. Оны «ана мен баланың күнтізбесі» деп те атаған. Неліктен? Қазақ құрсақ көтерген ана туралы не деуші еді? Ана баласын құрсағында «тоғыз ай, тоғыз күн көтереді» демей ме? Ендеше, Майялардың бір жылдық толық күнтізбесіндегі әр айдың 28 күннен тұратынын ескерсек, қазақтың тоғыз ай тоғыз күні (9х28+9) 261 күнге теңеледі екен. Демек, құрсақтағы нәресте 260 күнде пісіп жетіледі де, ертесінде дүние есігін ашады. Сонда Григорий күнтізбесінің жалған болғаны ғой. Өйткені ондағы бір ай кейде 28, кейде 29, кейде 30 немесе 31 күнге толады. Ал Майя күнтізбесін қабырғаға бір іліп қойсаң болды, ол еш уақытта өзгермейді. Жыл сайын адамның туған күні тиісті күніне дәлме-дәл келіп тұрады.
- Бейсенбіде тусам, жыл сайын туған күнім бейсенбіге сәйкес келе бере ме?
- Иә, дәл солай. Ал Григорий күнтізбесі сынап сияқты сырғып отырады. Сондықтан жыл сайын жаңа күнтізбе сатып алуға тура келеді. Сосын Майя күнтізбесінің «ана мен баланың күнтізбесі» деп аталып, қазақтың «тоғыз ай, тоғыз күн» деген ұғымына сәйкес келуі америкалық «үндістердің» кезінде бізден кеткенін аңғартып тұр. Оған қоса америкалық «үндістердің» Алтайдан шыққандығы әр тұрғыдан дәлелденіп отыр. Жаңа кітаптың тұсаукесерін өткізейік деп отырғанымызда бір ғажап ақпарат оқыдым. АҚШ-тың Пенсильвания университетінің генетиктері Ресей ғалымдарымен бірлесе отырып, америкалық «үндістердің» шыққан тегінің Алтай екендігін растады. Бұл маған әлдеқайда бұрын белгілі болған. 2008 жылы Парижде Олжас Сүлейменов «Адамзаттың алғашқы ұлы көші» атты халықаралық конференция ұйымдастырып, оған 11 мемлекеттен 17 ғалым қатыстық. Сол жерде «Америкалық «үндістердің» алтайлық тегі» туралы ағылшын тілінде баяндама жасадым. Ол кейін кітап болып шығып, оны ғалымдардың бәрі мойындады. Ал «2012 жылғы желтоқсанда ақырзаман болады» деген дақпырт шындыққа мүлде жанаспайды.
- Сонда бұл күні не болады?
- Планеталардың шеруі орын алады. Ал қазір бүкіл Галактика мүшелді бастан кешіріп отыр. Біз де Галактикамен біргеміз. Өйткені 13-пен есептелетін мүшел бізде де бар. 13 жастан кейінгі әрбір мүшел 12 жылдан тұратын сияқты. Бірақ шын мәнісінде, әр мүшелдің соңы - ке-лесі мүшелдің басы болғандықтан мүшел жас үнемі 13-пен байланысты. Сосын 13 - Галактикалық өзгермейтін сан. Майя күнтізбесі бойынша бір жылда 13 ай бар. Қазақта «он үште отау иесі» дейтін нақыл да бекер айтылмаған. Әйелдердің физиологиялық процесі жылына 13 рет қайталанады. Тіпті әр адам - бір күнтізбе. Мысалы, адамның мойнынан бастап (екі жақтағы буындарын қоса есептегенде), тобыққа дейін 13 буыны бар. Тасбақа екеш тасбақаның арқа қабыршығында да ирек сызықтармен көмкерілген 13 бөлік бар. Олардың етегін көмкеретін 20 «сақина» бар. Осының барлығын Майялар білген. Бір сөзбен айтқанда, Майялар күнтізбесіндегі 13-тің түбірі біздің фольклорда, әдебиетімізде, сөздік қорымызда, дүниетанымымызда. Бұл да «үндістердің» Еуразиядан, оның ішінде түркі әлемінен, оның ішінде Алтайдан кеткенін дәлелдейді.
- Неге Еуразия өркениеттің табалдырығында тұр?
- Біз жаңа, еуразиялық өркениетке қадам басып келеміз. Еуразияның тура ортасында қай елдер бар? Қазақстан мен Ресей. Әлемдегі бүкіл энергия ресурстары, биологиялық байлықтардың 60-70 пайызы да Еуразияда шоғырланған. Адамның байлығы да - осында. Сондықтан Еуразия мемлекеттерінің әлеуеті қай тұрғыдан алғанда да өте жоғары. Даму қарқыны да жоғары. Демек, болашақ өркениет те осы ұлы кеңістікте қалыптасатын болады. Еш нәрсе жайдан-жай болмайды.
- Жаңа туындыңызда Ай мен судың тікелей байланысы туралы сөз қозғапсыз...
- Ай Жерді жылына 13 рет айналып, теңіздер мен мұхиттардың суларын күніне 2 рет қозғайды. Сосын Жер құрамының 71 пайызы судан тұрады, адам денесіндегі су мөлшері де - 71 пайыз, миының 85 пайызы - су. Ақындар, суретшілер, қылқалам шеберлері Айдың толған уақытын асыға күтеді, өйткені шабыттың келетін кезі де Аймен байланысты екен.
- Сонда Ай миды да қозғай ма?
- Мұхитты қозғаған Айдың күші неге миды қозғамасын?! Мидың ішінде де миллиондаған магнит бөлшектері бар. Демек, табиғаттың тартылыс заңы миға да әсерін тигізіп тұр ғой.
- Жақында бір деректі фильм көрдім. Жапондық ғалым су тамшыларына «алғыс» және «бата» айтып, одан кейін оның құрамын зертханада тексереді. Сонда осындай жағымды ақпарат алған су кристалдары ғажайып өзгерістерге ұшырайды екен...
- Халқымызда: «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген аталы сөз бар. Сіз айтып отырған жапондық Масару Эмото - суды зерттеген, судың тілін білетін ғалым. Оның айтқанын тыңдасаңыз, судың көзі мен құлағы, жады мен миы бар. Оған дәлелдер келтіреді. Мысалы, кез келген аймақта жер сілкінсе, ең алдымен одан су хабар алады. Судың қасиеті - кез келген нәрсені жадында сақтайды. «Жақсы сөз - жарым ырыс». Жақсы сөз айтылып, әдемі әуен шырқалып, сазды музыка ойналса, су кристалдары гүл сияқты керемет көркейеді. Дүңкілдеген нашар дыбыс шықса, су кристалдарының формасы да қожырай бастайды. Сонда адамзаттың ортақ тілі - су. Егер адамзат тек қана таза су ішсе, оған дәрі ішудің қажеті болмас еді. Әртүрлі заттар пайдаланып, денедегі су құрамы бұзылғандықтан, ауруға шалдығамыз. Эйнштейннің: энергияның масса мен сәуле жылдамдығының квадратына тең болатынын сипаттайтын әйгілі формуласы бар емес пе? Масару Эмото сол формуланы ешбір өзгеріссіз қалдырып, тек сәуле деген ұғымның орнына сана деген ұғымды пайдаланады. Ал қазақ: «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» - дейді.
- Әрине, көңіл жүйрік.
- Онда сәуленің жылдамдығынан сананың жылдамдығы кем деп қалай айта аламыз?! Осы жерде отырып алып, Айға барып-келіп отырған жоқпыз ба?
- Оймен дүниенің төрт бұрышын шарлап шығуға болады...
- Олай болса, жердегі 6 миллиард халықтың энергиясы осы адамдардың массасы мен олардың санасының жылдамдығының екі еселенген көбейтіндісіне тең болады десек, шындықтан алыс кетпейміз. Енді елестетіңізші, осы халықтың барлығы бірдей жақсы тілек тілесе, ғалам қалай гүлденбейді?! Жаман сөз де өзіне жаман энергия тартады. Масару Эмота мыңдаған шақырым алыста отырып, өзінің зертханасындағы суға жақсы немесе жаман сөз айтса, оның көмекшілері әлгі судың физикалық құрамының өзгергенін байқайды.
- Сонда алыстағы бір адамның санасы екіншісіне әсер ете ала ма?
- Иттер кейде бір адамдарға үрсе, басқасына үн қатпайды. Кейде адам бір топ кісінің ортасындағы біреудің қасына отырғысы келмейді. Бейкүнә сәби бір адамға бірден барса, екіншісін жатырқайды. Неге? Мидан миға импульс барып тұр. Иттермен жасалған тәжірибе олардың иелері келетін кезде тыпырши бастайтындығын байқатқан. Айдалада жалғыз қалған қасқырдың өзі де Айға қарап ұлиды. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар». Грегг Брейден деген америкалық ғалымның деректерін кітапта келтірдім. Ол адамның миында миллиондаған магнит талшықтары бар екенін жазған. Мысалы, сіздің қазір не ойлап отырғаныңыз маған белгілі...
- Сіз үнемі жақсы ойлау керек деп айтасыз. Ал әр секунд сайын толассыз келіп жататын ойды қадағалау мүмкін бе?
- Ол үшін әр адам ұрпағына сондай тәрбие беру керек. Үнемі жақсы ойла. Біреудің байлығына қызықпа, іштарлық жасама. Басқаның жақсылығына қуан.
- Өзіңіз ше? Жақсы ойлау қағидасын шынайы өмірде қаншалықты сақтайсыз?
- Мысалы, менде біреуді қызғану сезімі жоқ. Басқа адамның жақсылығын көрсем, қуанамын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деген нақыл жайдан-жай айтылмаған. Сөздің магиясы бар. Біреудің шынайы жақсы ісін көре тұра, қалайша үнсіз қалуға болады? Оған: «Мынауың керемет екен!» деп айтсаң, ол адамның да көңілі өседі. Енді бір қасиетті нәрсе - бата. Қарттар жастарға бата береді. Тұсау кескенде, жолға шыққанда, ас ішіп отырғанда бата жасап, дұға қылады. Неге? Біз ішетін тамақтың бәрінің құрамында су бар. Жақсы бата айтылғанда дастарқандағы судың, яғни, тамақтың құрамы жақсарады. Ондай тамақ сіңімді болады.
- Осының бәрін сіз өмірде қолданасыз ба?
- Мен - педагогпын. 38 жыл бойы бір университетте оқып, еңбек етіп, жетілдім. Алдымен студент, кейін оқытушы болдым, ең соңында ректор қызметін атқардым. Одан кейін Білім комитетін басқардым, дипломат болдым, басқа елдерде тұрдым. Сонда бір түйгенім: адамға еш уақытта зекуге болмайды. Қандай лауазымы болса да, бір адам екіншісімен соның деңгейінде, тең дәрежеде сөйлесуі керек. Сонда адамдар бір-біріне ашылады. Жас балаларды жақсы көріп, бауырға тартса, олар да құлпырып кетпей ме?! Еркелей бастайды, ойнайды. Отбасы да - дипломатия. Балаларды отбасындағы ерлі-зайыптылардың өзара қарым-қатынасы тәрбиелейді. Егер отбасында дұрыс тәрбие алмаса, мың университет бітірсе де, азамат тексіз болуы мүмкін. Тектілік тек отбасынан беріледі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Қандай керемет мақал?! Гумилев: «Түркі әлемі - үлкен мәдениет, бірақ тарих сахнасынан ерте кетіп қалу себебі - халқының санының аздығынан» дейді. Мынандай кең байтақ жерде ел болып тұру үшін бесік үнемі тербетілуі тиіс.

ТҮСІМДЕ ДЕ БИІК АСУЛАРДАН АСАМЫН
- Қазір жаныңыз жай тауып, рахаттана атқаратын ісіңіз қандай?
- Біздің негізгі жұмысымыз - заң шығару ғой. Кейде маған: «Осы сіз уақытты қайдан табасыз?»- деп сұрайды. Адамға уақыт жетеді. Жұмыстан кейін де уақыт бар. Мен кітап оқимын. Көбірек оқығым келеді. Қазып оқығым келеді. Кез келген тақырыпты зерттеп оқығым келеді. Кез келген құбылыстың сырын білгім келеді. Ғалым қайдан шығады?
- Қоршаған ортаға қызығушылығы бар адамнан шығар...
- Сол қызығушылықты ата-анасы ұрпағының санасына құйғаны дұрыс. Мен қасқыр туралы әңгіме жаздым. Күнде кешқұрым үйге келгенде балаларым: «Әке, қасқыр туралы әңгімені айтып беріңізші» дейтін. Соны оларға күнде әңгімелеп беретінмін. Балалардың сұрағына жауап беруден жалықпай, оған әдемі жауап беруге тырысу керек. Сонда баланың дүниетанымы кең болып өседі. Баламен сөйлеспесе, одан қандай адам шығады? «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деген мақал бар. Адам қалай танысады? Бірін-бірі тек тіл арқылы біліседі. Бес минөт сөйлескеннен кейін адамдар бір-біріне баға береді. Жылқы кісінеп, бірін-бірі табады. Көшпелі өмірде қазақ жеті атадан қыз алыспауды қайдан үйренді? Жылқыдан деп дәл айта аламын. «Жақсы айғыр жатырына шаппайды». Бұл дөрекі естілуі мүмкін. Бірақ қыздары өскеннен кейін үйірден қуылады. Қан араластырмайды. Әр мақалдың түбінде тұтас әлем жатыр.
- Домбыра тартасыз ба?
- Оған да ешкім үйретпеді. Бір әуенді естіп, домбыраны алып, соны тарттым. Өйткені бұл - қазақтың жанында бар қасиет. Қазақтың бәрі - полиглот. Балалардың барлығы қазақша, орысша сөйлейді, ағылшынша үйреніп жүр. Қазір Астанада немесе Алматыда туған адам алыста жатқан сахаларды да түсіне алады. Оңтүстік Кореяда жолыққан екі саха менен: «Жапон емессіз бе?» деп сұрады, мен: «Сендерге туыспын» деп жауап бердім. Олар: «Қалайша? Дәлелде!» деді. Сосын: «Терезені не дейсіңдер?» десем, олар: «Шаңырақ» деді. «Өзенді қалай атайсыңдар?» деп сұрасам, «Өріс» деп жауап берді. Су бар жерде шөп жақсы өспей ме?! Мінеки, туыстықтың тамыры қайда жатыр.
Ғылым өз тарихына үңілуден, айналасын танып-білуден, аққан жұлдыздарды тамашалаудан басталады. Ауыл баласы қала баласынан бөлек. Ол табиғатты одан он есе көп біледі. Жылқының түсін түстеп, жасына дейін ажырата алады. Табиғатты таниды. Әзіл-қалжың да - соларда. Сөздің астарын түсінеді. Бізде: «Ымды білмеген дымды білмейді» демей ме?
- Келесі кітабыңыз қандай болады?
- Осы тақырыпты жалғастырамын. «Үндістердің» тарихы, тілі, дәстүрі, ою-өрнегі бар. Зерттегісі келетін адамға жетеді. Бірақ уақыт аз. Қазір жасым жетпістен асты.
- Жақында бір талантты математик туралы естідім. Мәскеуде өте жақсы оқып, алғырлығымен көзге түскенімен, кейін тұрмыстың тауқіметімен ол дарынын шыңдай алмай, қазір бір ауылда мұғалім екен. Осындай талантын толық аша алмаған адамдар көп. Сіздің кез келген салада мейілінше табысқа жете алуыңыздың сыры неде: еңбекқорлықта ма, әлде бұл тағдырдың сыйы ма?
- Әр адамның өзінің бағыты бар. Майялардың керемет жұлдызнамасын оқыдым. Соны қарап отырып, өзімнің кім екенімді байқадым. Маған ағартушылық жол көрсетіліпті. Басқаларға берілген анықтама да дәл келді. Өйткені Майялардың ілімі Галактиканы қамтиды. Өмірде бәрі де бір-бірімен үйлесімде әрі тығыз байланыста. Мына қағазда да, қалам да, адам да... Бәрінде атом тұр. Біз - Галактиканың бір бөлшегіміз. Соның заңына бағынып, оның нұсқаған жолымен жүруге тура келеді.
- Түске сенесіз бе?
- Түстің ішінде нышанды түстер болады. Бұл жайында кезінде «Түс пен аян және ақиқат» деген мақала жазғаным да бар..
- Өзіңіз сондай түстер көрдіңіз бе?
- Түсімде ұшсам, жолға шығамын. Америкаға баратын кезде, түсімде бүркітше самғап, таудың бір асуларынан өткенімді білемін. Содан кейін де бірнеше рет осындай түстер көрдім. Сонда үнемі жолым ашылып, міндетті түрде өмірімде бір жақсы дүниелер болатынын сездім. Жасырақ кезімде көбірек көруші едім, қазір азая бастапты.
- Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің мәнісін сіз қалай түсіндірер едіңіз?
- Наурыз деген сөздің құрамында ағылшын тіліндегі «new» тәрізді «жаңа» деген ұғым тұр. Көктемдегі бұл мереке - жаңа жылдың басы. Қазақстанда Наурыз мерекесі тойлануының өз ерекшелігі бар. Мысалы, елдің батысындағы Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысының біраз аудандарында «көрісу» деп аталатын жақсы үрдіс сақталған. Сол күні жасы кіші адамдар үлкендерге сәлем беріп, сол жерде бір дастарқанда отырып, наурызкөже ішеді. Бұл - ежелден келе жатқан рухани мәдениетіміздің көрінісі. Үлкендерге деген құрмет пен сый, адамдардың арасындағы ұрпақ жалғастығы да осы дәстүрден байқалады. Еліміздің басқа аймақтарында бұл мереке бір апта кеш басталса да, оның мәнісі барлық жерде бірдей. Наурыз елге құт-береке әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Халқымыздың көріпкел данышпаны Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы 1931 жылы керемет сәуегейлік ой айтып кетіпті. Сол ойды қысқа қайырып қайталасам, 2013 жылы қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман болады. Ендеше, сәуегейлігінің бәрі де өмірде іске асқан Мәшһүр Жүсіп көріпкелдің айтқаны келсін, ағайын!

Сұхбаттасқан
Айжан КӨШКЕНОВА

"Айқын" газеті


Читайте также: Как сверлить каленую сталь

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>