• warning: Declaration of views_handler_filter::options_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter::options_submit(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler::options_submit($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_boolean_operator::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_filter_boolean_operator.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_filter_term_node_tid::value_validate(&$form, &$form_state) should be compatible with views_handler_filter::value_validate($form, &$form_state) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/modules/taxonomy/views_handler_filter_term_node_tid.inc on line 0.
  • warning: Declaration of views_handler_argument::init(&$view, &$options) should be compatible with views_handler::init(&$view, $options) in /home/arashakz/old.arasha.kz/sites/all/modules/views/handlers/views_handler_argument.inc on line 0.

«Пұлын берсе – күлін шығарамыз»

25 Май, 201245584


 Осыдан біраз уақыт бұрын Еркін Жуасбектің «Антивирус» спектаклін көрген едім. Онда бір техникалық қызмет көрсету орталығы суреттеледі. Сонда жұмыс істейтін  Равшан есімді жігіттің бар  айтатыны: «Пұлын берсе – күлін шығарамыз». Иә, бізде осындай пұлын алып, күлін шығарып жүргендер қаншама?!

 «Әділет» қоғамы төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарованың айтуынша, «СТО»-ларға байланысты арыздар жылдан жылға артуда. Мәселен, жақында астаналық «Фирма Калинин» (Молдағұлова көшесі, 20/1), «Астек-Авто» (Тілендиев көшесі 9), «Меркур», сонымен қатар Манас көшесінде орын тепкен техникалық қызмет көрсету орындары үстінен азаматтар арыз түсірген. Нәтижесінде тұтынушылардың миллиондаған қаржысы кері қайтарылыпты. Сапасыз қызмет көрсеткен олар мамандар араласқаннан кейін ғана ақшасын қайтаруға мәжбүр болған. Негізінде, аты аталған орындардың барлығы заңды түрде тіркелген, мемлекетке салық төлеп отырған кәсіпорындар. Сөйте тұра жұмыстың орындалу барысында тұтынушыға кепілдеме чегін беруді мүлдем қарастырмаған. Ал «Сәлем» базарындағы ТҚКО-лардың көбі заңсыз жұмыс істейтін көрінеді. Тұтынушының құқын қорғау барысында жүргізілген тексеру кезінде кейбірінің бірде-бір құжаты болмай шыққан.

Экологиялық талаптар ескерілмейді 

Елордада 135 техникалық қызмет көрсету орталығы бар екенін айтады Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті Сауда және қызмет көрсету бөлімінің бастығы Дәулет Қасқатаев. Бейресми деректерге сүйенсек, қалада мұндай кәсіпорындардың саны 250-ден асады. Әдетте ескі қала атанып кеткен ауданда жер үй қожайындарының көбі техникалық қызмет көрсету орнын ашып, табыс табуда. Немесе арзан бағаға жалға беріп қойған. Бұл – біріншіден, көлеңкелі бизнес. Өйткені, құзырлы орындарға тіркелмей-ақ, пайда табушылар салық төлеуден де жалтарады. Екіншіден,  табиғат жанашырларының айтуынша, Астананың жері мен суын заңсыз салынған техникалық жөндеу орталықтары бүлдіріп, былғауда. Олардың айтуынша, мұндай орындардан жылына 250 тонна темір-терсек, 1,5 миллион литр жарамсыз мотор майлары мен 300 мыңнан астам дөңгелек шығады екен.  Әрине, оның бәрін тиісті мекемелерге өткізбеген соң, қалдықтар ауаны ластайды. Ал ең бастысы – ондағы кәсіби біліктілігі жоқ адамдар халыққа қызмет көрсетуде көңілден мүлдем шықпайды.

 Қара тізімдегі «СТО»-лар

Редакцияға хабарласқан Мерей Мейірбеков есімді азамат «Сәлем» базарындағы техникалық қызмет көрсету орындарының біріне көңілі толмайтынын баяндайды. «Көлігім бұзылып, жөндеуге апардым. Желдеткіштің бірінде тұйықталу болып, қыздыратын жабдықтың тетігіне электр тогы бармаған. 90 градус қызудан асқанда екінші желдеткіш айналмай, істен шыққан. Соңында радиатор жарылып кетті. Маған қызмет көрсеткен жігіттер 11000 теңге – радиатор, датчик – 1000, антифриз – 3000 және жұмысына 7000 теңге сұрады. Жұмыс біткеннен кейін де желдеткіш дұрыс істемей тұрды. Оның неге істемей тұрғанын біліп беру үшін автоэлектрик 4000 теңге сұрады. Және 5000 теңгеге желдеткіш алдыртып, оны орнатуға 2000 теңгемді қағып алды. Сонымен, барлығы 33000 теңгемді санап бердім. Бірақ көлігім үш күн өткеннен кейін қайта бұзылып қалды» дейді ол. Ал интернет бетінде тұтынушылар Астанадағы бірқатар орталықтарды сынға алған. «Астанада! Қара тізімдегі СТО-лар» деген тақырыппен орталықтардың атын атап, түрін түстеген. Мәселен, форумдағы Женя (promis81@mail.ru) есімді азамат былай деп жазады: «Оңтүстік-шығыс ауданда Мереке мейрамханасы жанындағы техникалық қызмет көрсету орталығына баруға кеңес бермеймін. Онда қорап жөндейтін өзбек жігіттер істейді. Жол апатынан кейін көлігімді апарғанда, әртүрлі сылтау айтып, 3 апта дегенде алдыңғы бамперімді бітірді. Екіншісін қалай болса солай істегендіктен, қайта сынып қалды. Сондай-ақ түсі мүлдем сәйкес таңдалмаған».

Ал, Әсел (aseleka_1979@mail.ru) есімді қыз: «Астанада көлігімді дені дұрыс тексеруден қайда өткізсем болады?» деп сұраса, Алекс есімді жігіт «Қаладағы 888 деген орталық машинаның бір жағын жөндесе, екінші жағын құртып береді» деп ренжиді. Ал Нұреке деген тұтынушы «9-шағын аудандағы «Арман авто» техникалық қызмет көрсету орталығының шеберлері, тіпті, екі винттің өзін  дұрыс айналдыра орай алмайды. Есесіне ақшаны көп алады. Енді аяқ баспаспын» деп ескертсе, кейбіреулер көлік жөндеушілерді сыбап алады.  

Айта кетерлігі, бұл форумдағылардың 98 пайызы қызмет көрсету орындарына реніш білдіріп, өзгелердің ендігәрі аталған орындарға баруын қаламайды. Сондықтан, ондай орындардың мекен-жайын тізіп шыққан. Астанада бүгінде тіркелген көліктердің саны күрт өсуде. Бұл – техникалық қызмет көрсету орталықтарына деген сұраныс күннен-күнге артатынын білдіреді.  

 Қабыкен Закарьянов,«Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының төрағасы:

–Жыл басынан бері біздің қоғамға халықтан мың жарымға жуық шағым түсті. Біз кәсіпкерліктің дамуына қарсы шықпаймыз, ақша үшін арсыздыққа барып, адамдық қасиетті аттап өткен ұятсыз бизнесмендерге тоқтау саламыз. Осы мүдде жолындағы барлық күштер біріге күресу қажет.

 Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:

- Астана қаласында санитарлық талаптарға сай келмейтін техникалық қызмет көрсету орындарын реттеуге болады. Үзілді-кесілді жауып тастағаннан гөрі,  Үкімет олардың жұмысын жетілдіруді қолға алған жөн. Әлеуметтік ортада бейімделген кәсіпорындардың мүддесін қорғауымыз керек. Өйткені, олардың кейбірі заңсыз жұмыс істеп жатқанын өздері де білмейді. Экологиялық талаптарды сақтау үшін, мүмкін оларды белгілі бір аймаққа көшірген қолайлы шығар немесе тұтынушы талабын қанағаттандыратындай ету қажет.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 Редакциядан:

«Араша» сайты экономиканың әр саласындағы алаяқтар туралы зерттеу мақалалар беріп тұрады. Сіздерді де өздерінің күә болған фактілерді жариялап, басқа отандастарымызды алдайтын, нашар қызмет көрсететін кәсіпорындардан сақтандыруға шақырамыз.

<a href="http://shynyrau.kz/"><img class="aligncenter size-full wp-image-21146" alt="Оян, НАМЫС" src="http://shynyrau.kz/wp-content/uploads/2016/10/158439b9b38296a975e34e92e247d9dc.gif" width="702" height="134" /></a>